ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТӘЖІРИБЕ АЛМАСУҒА МӘСКЕУДЕН МАМАНДАР КЕЛДІ

47

0

Жарқын болашақтың кілті білімді де белсенді жастардың қолында екені белгілі. Заман талабына сай сапалы, бірегей білім беру жүйесі қалыптасуына айрықша назар аударған Елбасымыз «Қазақстан жолы-2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында да білім саласын жүйелеуді басты міндет етіп қойған болатын.
Оқу-тәрбие және өндірістік үдерістеріндегі заман талабына лайықты әріптестік-серіктестік жүйесін жаңашылдықпен тиімді ұштастыру – М.Мәметова атындағы  гуманитарлық колледждің ұстанған негізгі бағыттарының бірі. Осы мақсатта Қызылорда облыстық білім басқармасының қолдауымен колледжімізде «Білім беру үдерісіндегі психологиялық-педагогикалық сүйемелдеуді ұйымдастыру» тақырыбында халықаралық  ғылыми-практикалық семинар болып өтті. 
 Мәскеу қаласындағы №5 педагогикалық колледжінің инновациялық іс-тәжірибесін «Бастауыш білім беру», «Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту» мамандықтары бойынша студенттердің жеке тұлғалық және кәсіби дамуын психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу мен практикалық психология қызметін ұйымдастыру арқылы үйрену мақсатында ұйымдастырылған семинарға колледж оқытушылары, балабақша меңгерушілері, әдіскерлері, тәрбиешілері, мектептердің бастауыш сынып мұғалімдері және психологтар қатысты.
Алғашқы күні колледжде мектепке дейінгі тәрбие мен бастауыш білім берудегі заманауи әдіс-тәсілдер мен ақпараттық технологияның жаңалықтарына негізделген ашық сабақтар көрсетілді. Танымдық мәні зор шаралар соңы «Мектепке дейінгі және бастауыш білім берудің заманауи мамандарын кәсіби даярлаудағы инновациялық тәсілдердің кейбір мәселелері» тақырыбындағы дөңгелек үстелге жалғасты. Осы күні құрметті қонақтар мен семинарға қатысушылар Н.Бекежанов атындағы облыстық музыкалық драма театрында «Өнер» бөлімі ұйымдастырған «Достық күші – өнерде» атты концерттік бағдарламаны тамашалады.
Осыдан кейін секциялар бойынша семинар-тренингтер басталды. Мәскеу қаласындағы №5 педагогикалық колледждің педагогикалық тәжірибе жинақтау ісінің меңгерушісі, мектепке дейінгі педагогика және психология ПЦК-ның төрайымы Федюнина Наталья Леонидовна және «Жеті қазына» балабақшасының меңгерушісі Ким Раиса Константиновна «Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту» мамандығы студенттерінің оқу-өндірістік практикасын ұйымдастыру ерекшеліктері» тақырыбында жұмыс жасады.
Семинар барысында Б.Шегебаева, С.Қамысбаеваның ұйымдастыруымен Ұлы Отан соғысы және тыл ардагерлері, ауған соғысы ардагерлері, «Славяне» этномәдени орталығы өкілдері қатыстырылып, «Естен кетпес естеліктер…» атты әдеби-музыкалық кеш өткізілді. Үш  күндік шара «Салауаттылық – өмір салтымыз, денсаулық – өмір қалпымыз!» атты мәдени-спорттық шоу-бағдарламаға жалғасып, жастардың да, Ресейден келген әріптестеріміздің де көңілінен шықты. Ұлттық ойындар мен салт-дәстүрлеріміздің үлгілері көрсетіліп, халқымыздың құндылықтары насихатталды.
Тұрар ДҮЙСЕНОВА, 
М.Мәметова атындағы Қызылорда гуманитарлық колледжінің оқытушысы.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз