ХАЛЫҚТЫҢ БАҚУАТТЫ ТҰРМЫСЫ әлеуметтік бағдарламалар жемісі

53

0

ХАЛЫҚТЫҢ БАҚУАТТЫ ТҰРМЫСЫ әлеуметтік бағдарламалар жемісіКеше «Сыр медиа” ЖШС жанынан құрылған облыстық коммуникациялар орталығында алғашқы брифинг өтті. Алдағы уақытта әр сәрсенбі сайын ұйымдастырылатын шараға барлық сала басшылары, аудан әкімдері қатысып, БАҚ өкілдерінің сауалдарына

жауап береді. 
Коммуникациялар орталығының бірінші брифингінде облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Жазира Жылқышиева өткен жылды қорытындылады. 
Еліміздің ұзақмерзімді даму стратегиялары мен мемлекеттік бағдарламаларының негізгі межесі – халықтың бақуатты тұрмыс-тіршілігі. Ол үшін жұмыссыздықпен күрестің, қоғамның әлжуаз топтарына қолдау көрсетудің маңызы зор. Басқарма басшысы мысалға келтірген негізгі көрсеткіштер – жұмыссыздықтың 5,2 пайызды құрап, 0,1 пайызға төмендеуі, жаңа жұмыс орындарының жоспардағыдан артық ашылуы жыл бойы атқарылған ұйымдастырушылық еңбектің жемісі іспетті. 
ХАЛЫҚТЫҢ БАҚУАТТЫ ТҰРМЫСЫ әлеуметтік бағдарламалар жемісіТәуелсіздік жылдары жүзеге асқан мемлекеттік бағдарламалардың бірегейі ретінде «Жұмыспен қамту-2020 жол картасын”  атасақ,  бағдарламаның барлық бағыттары бойынша үздік көрсеткіштер бар. Түпкі мақсаты азаматтарға «екі қолға бір күрек”  тауып беруді көздейтін бағдарлама аясында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық пен инфрақұрылымдарды дамыту жолға қойылды. Сондай-ақ ауылдағы кәсіпкерлікті өркендету, жұмыс берушілердің қажеттілігі шеңберінде жұмыссыздарды оқыту және қоныс аудару арқылы жұмысқа орналастыру бағдарламаны жүзеге асыруға жауапты тұлғалардан ұтқыр ұйымдастырушылықты талап ететіні сөзсіз.
Жыл бойы аймақтағы жұмыссыздықпен күреске бөлінген 9,622 млн. теңгені өз мақсатына жұмсауға баса назар аударылды. Бағдарламаға қатысушылар отбасы мен бала-шағасының ризығын тауып қана қоймай, жаңадан іс бастауға мүмкіндік алды. Мемлекеттік қолдаудың тиімді шарттарын пайдалану арқылы, несие алып, шағын кәсібін дөңгелентті. Бастысы, бұл бағдарлама адамдардың бойындағы енжарлықты, масылдықты жоюға көмектесті. Мүмкіндіктерді саралауға, кәсіптің көзін табуға үйретті. Басқарма басшысы келтірген бірнеше мысалдан байқағанымыздай, төмен пайызды несие алып, үлкен іс тындырған азаматтардың бағдарламаға алғысы зор. Олар қол жеткен жетістіктерін одан әрі жетілдіруге, кәсібінің іргесін кеңейтіп, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүдделі. 
Өткен жылы еңбек нарығына қажетті мамандықтарды анықтап, сұраныста жоқ мамандықтарды игерген азаматтарды қайта даярлау туралы мәселе көтерілді.  Еңбек ресурстарының балансы жасалып, біздің аймақта бастауыш сынып мұғалімі, медбике, юрист және экономист мамандықтарын алғандардың шамадан тыс көп екені байқалды. Енді жобаларды жүзеге асыратын жұмысшы кадрлар тапшылығын жоюға бетбұрыс жасалып отыр.  
Бүгінде аз қамтамасыз етілген отбасыларға және балаларға арналған жәрдемақылар төлеу тетіктері реттелген. Атаулы әлеуметтік көмек алушылар қатары да тұрақты және маусымдық жұмыс орындарының ашылуы есебінен біршама азайған.      
Әлеуметтік жағынан қорғауға мұқтаж топ – мүгедектер мен мүмкіндігі шектеулі азаматтардың өмір сапасын жақсарту үшін атқарылған жұмыстар да әрқилы. ХАЛЫҚТЫҢ БАҚУАТТЫ ТҰРМЫСЫ әлеуметтік бағдарламалар жемісіОның ең негізгісі – мүгедек жандардың құқықтарын қорғап, өмір сүруіне қолайлы жағдай туғызуды көздейтін құжат. Аталған жол картасы олардың денсаулығын арнайы демалыс орындарында түзеуіне мүмкіндік берді. Арнайы құралдармен қамтылуына қаражат бөлінді. 
Мүгедек жандардың өз бетімен оқшаулануы олардың тән ауруына жан ауруын үстемелей түсетіні анық. Сондықтан әлеуметтік қорғау саласының мамандары  барша жұмыс берушілерге еңбек етуге қабілеті жететін мүгедек жандардың өз орнын табуына көмек көрсетуді ұсынып отыр. Мүмкіндігі шектеулі баласының жағдайын жасап отырған аналардың ахуалы алаңдатпай қоймайды. Әзірге психоневрологиялық ауытқушылыққа шалдыққан балалардың күндізгі бөлімшеде болуына жағдай жасалған. Уақыт өте келе біздің қоғам өркениетті елдердегідей мүмкіндігі шектеулі жандардың аяқ-қолы сау адамдармен бірдей жүріп-тұруына, жұмыс істеуіне бейімделуі тиіс. Осыны ескере отырып, өткен жылы дәрігердің рұқсаты бойынша жұмыс істей алатын мүгедектерді жұмысқа орналастыруда үлкен іс тындырылды.
Брифинг барысында басқарма басшысы әлеуметтік әріптестік және  еңбек қатынастарын реттеуде атқарылған  жұмыстарды саралап, саланың алдағы міндеттеріне тоқталды. Жыл бойына еңсерілген тірлікте әлеуметтік салада еңбек ететін қызметкерлердің қолтаңбасы бар екенін, мемлекеттік бағдарлама шеңберіндегі, мүгедектерді қолдаудағы жұмыстардың жалғасын табатынын атап өтті. 
Хабарламадан соң БАҚ өкілдері басқарма басшысына несиелердің өтелуі, мүгедектердің қозғалысына қажетті жағдай туғызу жайындағы сауалдарын қойды. Брифингте жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламаларға қатысты мәселелер туралы толыққанды ақпарат ұсынылды. 
Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз