ИНТЕГРАЦИЯЛЫҚ ҮДЕРІСТЕР ИГІЛІГІ

47

0

Өткен аптада Мәскеуде үш мемлекеттің басшылары – Қазақстан Президенті – Нұрсұлтан Назарбаев, Ресей Президенті – Владимир Путин және Беларусь Президенті – Александр Лукашенко  Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысына қатысу үшін бас қосты. Кездесуге сондай-ақ Еуразия экономикалық комиссиясы алқасының төрағасы Виктор Христенко да қатысты. 
Кездесу барысында Кеден одағы мен Біртұтас экономикалық кеңістік аясындағы интеграциялық үдерістердің жай-күйі мен перспективалары, сондай-ақ кеңестің бұрынғы отырыстарында қол жеткізілген келісімдерді іске асырудың негізгі мәселелері талқыланды. Сонымен қатар, еуразиялық экономикалық одақ құру туралы шарт жобасына дайындық барысы қаралды. ҚР Президенті басқосуда Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы шарт екі бөлімнен – институттық және функциялық бөліктерден тұртынын айтып, барлық даулы мәселелерде ортақ тіл табыса білудің маңыздылығына тоқталды. 
Біз әртүрлі түсініспеушілік туғызатын пікірлерді ысырып тастап, тек экономикалық одақ құруға тиіспіз. Өзге мәселелер онан кейінгі кезекте. Сондай-ақ елдеріміздің ішінде дүдәмалдық туғызатын әрі әлеуметтік түйткілдерді мұнда араластырудың қажеті қанша? Алдымен экономикалық мәселелерді орындау керек, – деді Нұрсұлтан Әбішұлы сөз кезегінде. 
Ресей Федерациясының Президенті  Владимир Путин Ресей, Беларусь және Қазақстан интеграция жолымен жүйелі түрде ілгерілеп келе жатқанын, оның қазірдің өзінде нақты нәтижелері мен қайтарымы бар екенін атап көрсетті. Ал, Александр Лукашенко ілгері жылжу болғанын, енді экономикалық одақ құру бағытында алға қарай мейлінше белсенді қадамдар жасай беру керектігін жеткізді.
1994 жылы Н.Назарбаев Ресей астанасында ғалымдар мен саясаткерлер арасында Еуразиялық одақ құру туралы идеясын жеткізген болатын. Бүгінде Қазақстан мемлекеті басшысының көрегендігі әлемдік саясаткерлерді де, сарапшыларды да таңғалдыруда. Егерде сол кезде мемлекет басшылары Назарбаевтың сөзіне құлақ түргенде бүгінгі қалыптасып отырған көптеген мәселелерді ушықтырмай дер кезінде шешуге болатын еді дейді сарапшылар.
Иә, қазіргі күні ғаламдық  ықпалдасу үдерістері жаппай жүріп жатыр. Бұл ретте Кеңес одағына қайта ораламыз деу үлкен қателік саналады. Ал Еуразиялық ықпалдасу арқылы әрбір мемлекет егемендігін, экономикасын сақтап қана қоймай, дамыта алады. Қазақ елі басшысының бастамасын бүгінде Ресей, Беларусь мемлекеттері жүзеге асыруда. Кеден одағы жұмыс істегелі, яғни үш жыл ішінде оған мүше үш елдің арасындағы сауда-саттық көлемі екі есе өсіп, 70 млрд. долларға жуықтап отыр. Бұл өте жақсы көрсеткіш саналады. 
Осыдан жиырма жыл бұрын ҚР Президенті «Еуразияшылдық» идеясын көтермегенде, Еуразиялық экономикалық одақ туралы ойлаудың өзі мүмкін болмас па еді, бәлкім? Демек, жиырмажылдық идеяның жеміс беретін күні де жақын қалды. Қалай айтқанмен де, жиынтық жалпы ішкі өнімі 2,7 трлн. долларға, халқының саны 170 млн. адамға тең «үштіктің» әлеуетіне оның мүшелері үлкен үміт  артып отыр. 
Мемлекет басшылары келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап жаңа интеграциялық бірлестік – Еуразиялық экономикалық одақ құрылады деп жоспарлап қойды. Ал Еуразиялық экономикалық комиссия қазірдің өзінде әлемнің бірқатар елі мен бірлестіктерінен еркін сауда жөнінде 40-қа тарта ұсыныс қабылдап үлгергенін айта кету керек. Олардың қатарында Исландия, Лихтенштейн, Норвегия, Швейцария, Вьетнам, Израиль, Үндістан, Чили мен Перу секілді мемлекеттер  бар болса, Армения, Қырғызстан секілді мемлекеттер мүшелікке өту туралы өтініштер беріп отыр.
Басқосуда мемлекет басшылары Еуразиялық одақ құру туралы келісімшартқа қол қойғанға дейін тағы бір кездесу өткізіп алғанды құп көрді. Ал қол қою рәсімі мамыр айында жүзеге асып қалуы мүмкін.
«Еуразиялық одақ құру» туралы Елбасымыз өз идеясын  ұсынғанда көпшілік  оның байыбына бара қоймап еді. Бірақ уақыт өте келе бұл идея өзінің өміршеңдігін де, қажеттілігін де дәлелдеді. Енді оның жүзеге асатын уақыты да алыс емес. 
Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз