ИНВЕСТИЦИЯ – ӨҢІР ДАМУЫНЫҢ КЕПІЛІ

63

0

Алдағы аптада, яғни 16-17 сәуір күндері облысымызда ІІІ «Байқоңыр” инвестициялық форумы өтеді. Форумның мақсат-міндеттері мен жұмысы жайлы облыстық сыртқы байланыстар басқармасының басшысы Ерлан Назаровты әңгімеге тартқан едік.
– Ерлан Асылбекұлы, алдымен кезекті форумды өткізудің мақсат-міндеттеріне тоқталып өтсеңіз?
– Баршаңызға белгілі, Мемлекет басшысы аймақ басшыларына инвестиция тарту жөнінде үнемі тапсырып келеді. Облыс әкімі Қ.Көшербаевтың бастамасымен өткен жылы І және ІІ «Байқоңыр” Инвестициялық форумдары өткізілді. Осы шаралардың нәтижесінде әріптестік ынтымақтастық жөнінде 25 келісім-шартқа қол қойылды. Жалпы, аталған форумның түпкі мақсаты – инвесторларға аймақтың инвестициялық мүмкіндіктерін таныстыру, облыс экономикасына шетелдік және отандық инвесторлар қаржысын тарту, яғни өңірдегі инвестициялық ахуалды онан әрі жақсарту.  Кезекті маңызды шара арқылы біз бұған дейін қол жеткізген жетістіктерімізді жетілдіріп, өзіміздің инвестициялық мүмкіндіктерімізді көрсетіп, аймақтың экономикасын дамыта түсуге жол ашамыз ба деген үмітіміз бар. Форум аясында 4 салаға – индустриялық (өндірістік), туристік, аграрлық және қаржы инфраструктурасын дамытуға баса назар аударылмақ. Инвесторларды екіжақты тиімді  әріптестікке шақыру арқылы жоғарыда аталған салаларға қаржы тартуды, яғни облыстағы бизнес-ахуалын жақсартуды  көздеп отырмыз. 
– Әңгімеңізге қарағанда кезекті форум кең ауқымда өткізілетінге ұқсайды. Оған нақты кімдер шақырылды?
– Бұл жиынға қатысуға бизнес-қауымдастығы, ірі халықаралық қаржы институттары мен даму институттарының, шетелдік түрлі компаниялардың, мемлекеттік органдардың, түрлі салалық ассоциациялар мен бірлестіктердің, банк секторының және еліміздің Ұлттық компаниялар мен  ғылыми-зерттеу институттарының, сондай-ақ шетел мемлекеттерінің дипломатиялық миссияларының өкілдері шақырылды. Осы орайда  Сыр еліндегі инвестициялық форумның қысқа мерзім ішінде инвестиция тарту жөніндегі өзекті мәселелерді шешуге арналған ашық алаңға айналып үлгіргенін айта кеткім келеді.  Облысымыздың минералды-шикізаттық ресурстарға аса бай екені белгілі. Аймақтың аса бағалы қазбалары көмірсутекті шикізаттар, түсті металдар (қорғасын мен мырыш) мен уран, ванадийдің мол қоры бар. Өз кезегінде бұл тартымдылықты күшейте түседі. Облыс әкімінің тапсырмасына сай біз өңірімізде тау-кен өндіру, өңдеу өнеркәсібі, туризм, «жасыл экономика» және ауыл шаруашылығы салаларына қаржы тарту жұмыстарын жандандыруымыз керек.  
– Форумда қандай мәселелер қарастырылады?
– Маңызды шара 16-17 сәуір күні өтеді, яғни екі күнге созылады. Форум 16 сәуірде Қорқыт ата мемориалды кешенінде «Қызылорда облысындағы туризмнің дамуы» тақырыбында секция жұмысымен басталады. Бағдарламада Қорқыт ата ескерткіш кешенімен, ондағы Зиярат ету орталығымен, сондай-ақ Байқоңыр қаласының көрікті жерлерімен және ғарыш айлағындағы «Байқоңыр» мұражай кешенімен танысу бар. Ең ғажабы, шара қонақтары облысымыздың беткеұстар танымдық белгісі – әлемдегі ең ірі ғарыш айлағы – Байқоңырдың ұшырылым алаңында болып, «Союз» зымыранының ұшырылым сәтін тамашалай алады. Ал, форумның негізгі бөлімі 17 сәуірде «Бастау» бизнес орталығында жалғасады. Мұнда «Қызылорда облысының инвестициялық мүмкіндіктері» тақырыбында көрме ұйымдастырылып, оған жергілікті компаниялар өндірген өнімдер қойылады. Сонан соң пленарлық мәжіліс өтіп, онда өзара әріптестік туралы бірқатар меморандумға қол қойылады деп күтілуде. Сонымен қатар, «Қызылорда облысында мұнай-газ секторының, геологиялық барлау, баламалы энергетика және машина жасаудың рөлі», «Аймақтың агроөнеркәсіп кешені мен тамақ өнеркәсібінің даму перспективалары» және «Металлургиялық кластердің дамуы – аймақ келешегі» атты тақырыптық секциялар өтеді. Осы форумда көтерілетін мәселелер облыстың дамуында басым бағыт болып саналады және ол облыс дамуының 2020 жылға дейінгі даму Стратегиясында айқындалғанын атап кеткім келеді. 
Жоғарыда айтқанымыздай, Сыр өңірі пайдалы қазбалар мен көмірсутегі шикізаттарына бай. Мамандардың бағалауынша, облысымыз әлемдік сұраныстағы ванадийдің 25 пайызын өндіре алады. Еліміздің уран қоры жөнінен әлемде 1-орында тұрғаны белгілі. Болжам бойынша, 2015 жылғы Қызылорда облысы республикада өндірілетін уранның басым бөлігін өндіретін болады. 
Сонымен бірге облыста түрлі-түсті металл қоры өте мол. Сондықтан біз облыстың оңтүстік аймағында металлургиялық өндіріс қатарын қалыптастыру қолға алынды. Оның үстіне, аймағымыз ауыл шаруашылығы дамыған өңір болып саналады. Сондықтан агроөндіріс саласын дамытуға ерекше мән берілуде. Сондай-ақ туризимді дамыту қолға алынып отыр.  Елбасының тапсырмасымен  «Байқоңыр» ғарыш кешені 2017 жылы Астана қаласында өтетін «ЭКСПО-2017» бүкіләлемдік көрмесі нысандарының қатарына кірді. Өткен наурыз айында облыс әкімшілігі мен «Астана-ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ-мен әріптестік жөніндегі меморандумға қол қойылды. Өңірімізге инвестиция тарту мақсатында ұйымдастырылып отырған форум өз нәтижесін беріп, облыстың кең көлемде дамитынына сенім мол.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Дәуіржан ЕЛУБАЕВ.  
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз