КЕДЕРГІСІЗ ОРТА ҚАЛЫПТАСЫП КЕЛЕДІ

52

0

Облыс әкімінің қаулысымен бекітілген «Қызылорда облысындағы мүгедектердің құқығын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі 2013-2014 жылдарға арналған «Жол картасының» орындалуын өз дәрежесінде жүзеге асыру мақсатында Шиелі  ауданында соңғы кездері тегеурінді жұмыстар жүргізіліп келеді. 
Наурыз айында мүгедектерге арналған бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткізіліп, нәтижесінде жарияланған 37 бос жұмыс орнына 89 жұмыс іздеуші қатысып, 30 азамат тұрақты жұмысқа орналасты. Бұған қоса, 3 мүгедек  әлеуметтік жұмыс орнына, 1 мүгедек жастар тәжірибесі негізінде жұмыс жасауға жолдама алса, 2-ші топ мүгедегі С.Алтайбаев  3 млн. теңге көлемінде шағын несие алуға қол жеткізді. 
Аудандық  жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің берген соңғы мәліметіне қарағанда, Шиелі ауданында 2014 жылдың 1 сәуіріне мүгедектер – 2403, оның ішінде І,ІІ топтағы – 1136, ІІІ топтағы – 829, 18 жасқа дейінгі – 78 мүгедек бала тіркелген. Мүгедектерді оңалтуға, оларға әлеуметтік қолдау көрсетуге облыстық бюджет есебінен таяқтармен, балдақтармен, типло және сурдо құралдармен, протезді- ортопедиялық көмек түрлерімен қамтамасыз етілуде. 2014 жылдың 1 сәуіріне 186 жеке оңалту бағдарламасы даярланып, 80 жеке оңалту бағдарламасы немесе 68,8 пайызы және 2013 жылдың жеке оңалту бағдарламасы бойынша 597 жеке оңалту бағдарламасы орындалды. 2014 жылға қимылында қиындығы бар 84 бірінші топтағы мүгедектер 81 жеке көмекшілермен қамтылып, оларға 4075,8 мың теңге еңбекақы, 19 естуі бойынша мүгедектерге 3 ымдау тілі мамандарының қызметтері көрсетіліп, 224,1 мың теңге қызмет көрсету ақысы төленді. 280 мұқтаж мүгедек 10575 теңгеге міндетті гигиеналық құралдармен қамтамасыз етілген. Есепті кезеңге үйде қызмет көрсетілетін 135 жалғызбасты қарттар мен мүгедектерге  және үйде қызмет көрсетілетін 167 мүмкіндігі шектеулі мүгедек балаға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетілуде. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мүгедектерге арналған оңалту орталығына  43 адам жіберілсе, оның 12-сі мүгедек.
Елбасы  Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру мақсатында  мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға әлеуметтік қолдау көрсету үшін аудан әкімінің, аудандық мәслихат, «Нұр Отан» партиясының бекітуімен аудан бойынша мүгедектерді жұмысқа орналастыру және оларға «кедергісіз орта»  қалыптастыру жөніндегі іс-шара жоспарына сәйкес жұмыстар атқарылу үстінде.  
Жоғарыдағы құжатқа сәйкес, мүгедек жандардың кез келген мекемеге, әлеуметтік нысандарға емін-еркін кіріп-шығуын қамтамасыз ететін жүру жолдарын түгендеу мақсатында, өткен жылы 234 әлеуметтік құрылым нысанына тексеру жұмыстары жүргізіліп, оның ішінде 160 мекеме  ғимараты бейімдеуге жататын нысандар екендігі анықталды. Қалған 74 мекемеге ғимаратына 2014 жылы  паспорттау жұмыстары кезең- кезеңімен жүргізіледі. 
Иә, қатар тіршілік етіп отырған замандастарымызға мүмкіндігіне сай жағдай жасау, жәрдем қолын созу – баршамыздың міндетіміз.
Нұрмахан ЕЛТАЙ. 
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз