КЕЛЕШЕК КІЛТІ – БІЛІМДЕ

74

0

КЕЛЕШЕК КІЛТІ – БІЛІМДЕКеше Т.Жүргенов атындағы шығармашылық үйінің коммуникациялар орталығында облыстық білім басқармасының басшысы Наурызбай Байқадамов саладағы атқарылған жұмыстар жөнінде баспасөз өкілдері алдында есеп берді.

– Бүгінгі таңда облыста 292 мектеп, 333 балабақша, 256 шағын орталық, 32 колледж жұмыс істейді,– деді басқарма басшысы.– Аймақта бұдан бұрын ай­тылғанындай, үш ауысымда оқитын мектептер жойылды. Алайда, 25
апатты жағдайдағы мектеп бары рас. Биылғы жылы жер­гілікті бюджет есебінен 13 мектептің құрылысы бас­тал­ған болатын-ды.
5 мек­теп толық аяқталып, пай­даланылуға
берілді, жыл соңына дейін тағы бір мектеп құрылысы аяқталмақшы. Ал қалған 7 мектептің берілуі келесі жылдың еншісінде. Елбасының
биылғы Жолдауында айтылып өткеніндей, инфрақұрылымдық дамудың мемлекеттік бағдарламасы аясында
апаттық мектептер мәселесі 2016 жылға
дейін өзінің толық шешімін табатын болады.

Биылғы жылы
респуб­ликалық және жергілікті бюджеттен 3 млрд.теңгеден астам қаржы бөлініп, облыста алғаш рет бір мезетте 58
білім беру нысанына күрделі жөндеу
жұмыстары жүргізілді.

Сала басшысы
мұнан кейін «Балапан” бағдарламасының орындалуына тоқталды. Ай­мақ­тағы мектепке дейін­гі 589
ұйымда 40491 бүл­діршін тәрбиеленуде. Бала­бақ­шаның 54,6 пайызын же­кеменшік
балабақша құрай­ды, бұл республикадағы жо­ғары көрсеткіш саналады. Биыл аймақта
мектепке дейінгі 81 ұйым ашылды, оның 64-і балабақша. 3-6 жас аралығындағы бүл­дір­шіндердің мектепке дейінгі ұйымға қамтылуы қазір 90 пайызды құрайды. Осы орайда өңір балаларын балабақшамен
қамтуда жергілікті кәсіпкерлердің көр­сетіп
жатқан кө­мегі айтарлықтай екенін айта кеткен орынды.

Биылғы оқу жылының ерекшелігі жалпы білім бе­ретін мектептердің жаңа оқу
стандартына сәйкес 2 сы­ныпта ағылшын тілі, 6 сыныпта информатика пәнін оқыту жүзеге асырылды. Осыған байланысты облыстағы білім ұйымдарының қажетті мамандармен, оқулық және
оқу-әдістемелік кешендермен толық қамтылуы жөнінде сараптама жүргізілді. Оқушылар­дың оқулықтармен қамты­луы
98 пайызды құрады, келер жылы толық қамтамасыз етуге жұмыстар жасалуда.

Білім сапасын арттыру
мұғалімдердің білім дең­гейін
жетілдіруге де көп байланысты. Облыс көлемінде 1102 мұ­ғалім үш деңгейлі курстан өтті, оның 82-і мектеп
директоры. Жалпы биылдың өзінде 3 мыңнан астам мұғалім өз білімін жетілдірді.
Биыл алғаш рет Қызылорда мемлекеттік университетінің 25 үздік бітірушісі үшжақты келісім
арқылы білімін жетілдірді. Бұл
мұғалімдердің жаңа буынының жасақталғанын көрсетеді.

Мұғалім мәртебесін көтеру мақсатында
биыл 40 ұстаз миллионерлер қатарын толықтырды. Алдағы апта­да облыстық математиктер форумы өтіп, осы пән ұстаз­дарының олимпиадасының
қоры­тындысы жария етіледі.
Жеңімпаздарды қомақты сыйлықтар кү­тіп тұрғаны
аян. Оған қоса «Орта білім беретін үздік ұйым” атағын жеңіп алған білім
ордасына 16 млн. теңге беру көзделуде.

Білім басқармасы басшысы оқушылардың
денсау­лығын сақтау, оларды тасымалдау, аз қамтамасыз етілген отбасы балаларын
ыстық тамақпен қамту, отын қоры, мектеп оқушылары арасындағы суицид және құқық бұзушылық мәселелеріне
жан-жақты тоқ­талды. Жаңажылдық Президенттік шыршаны өткізу, Байқоңыр
қаласындағы білім беру ұйымдарын қа­зақстандық оқу стандартына көшіру жайын да ай­тып өтті. Сонымен қатар
облыстағы талантты жас­тардың білім алуын қолдау мақсатында жүргізіліп жатқан жұмыстарға назар аударды.
Қазіргі таңда 365 мектеп түлегі өңірге қажетті мамандықтар бойынша жоғары оқу орындарында әкім грантымен оқуда.
Оны алдағы жылы 500-ге жеткізу көзделуде. Елбасы тапсырмасына сәйкес «Жастардың
кәсіптік және аумақтық мобильдігін арттыру мәселесі” бойынша аймақ
жастарын еліміздің солтүстік өңірлеріндегі оқу орындарында оқытуды ұйымдастыру
қолға алын­ды. «Серпін-2050”
бағдарламасы аясында Сыр бойы­нан 800-ге тарта
жас солтүстік облыстардың жоғары, арнаулы оқу орындарында оқуда. Бұл –
респуб­ликадағы ең жоғары көрсеткіш.

Облыстық білім басқармасының басшысы журна­лис­­тердің сұрақтарына жауап
берді.

Жұмагүл ОРАЛБАЕВА.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз