КЕНІШТЕРДІ КӨБЕЙТУ КЕЛЕЛІ МӘСЕЛЕ

51

0

Кеше облыс әкімшілігінің мәжіліс залында аймақ басшысы Қырымбек
Көшербаевтың төрағалығымен жер қойнауын пайдаланушылар­дың кеңейтілген мәжілісі
болып өтті. Басқосуға ҚР Энергетика министрінің орынбасары Мағзұм Мырзағалиев
қатысты.

Мәжілісті
ашқан облыс әкімі алдымен әлемдік нарықта мұнай бағасының төмендегенін,
сондықтан да экономикалық саясатты қайта бағдарлау қажеттігін, мұны Елбасының
жаңа Жолдауда атап өткеніне тоқталды. Жолдауда өңдеуші саланың тиімділігін
арттыру және өндіріске инновациялық әдістерді енгізу тапсырылғаны белгілі.

Мұнан соң
облыс басшысы өңірде өндірілетін көмір сутегі шикізатының көлемі жыл өткен сайын
азайып келе жатқанын тілге тиек етті. Мәселен, еліміз бойынша өндірілетін
көмірсутегі шикізатының 4,5 пайызы біздің аймақтың үлесінде. Алайда, мұнай мен
газды оңай өндіру кезеңі аяқталды. Бұған мұнай өндіру көлемінің жылдан-жылға
кеміп келе жатқаны дәлел. Мәселен, бір ғана «Торғай Петролеум» компаниясында
2013 жылы «қара алтын» өндіру 450 мың тоннаға төмендеді. Биылғы жылдың соңына
дейін Сыр мұнайшылары шамамен 10 млн. тонна мұнай өндіруді жоспарлап отыр. Бұл
өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 600 мың тоннаға аз. Оның үстіне, «қара
алтынның» құны тербеліп тұр. Мәселен, жыл басында мұнайдың бір баррелі 106 доллар тұрса, бүгінгі таңда
ол 70 АҚШ долларына дейін төмендеді. Осыған байланысты аймағымыздағы барлық ірі
мұнай компаниялары шығындарын қысқартуда. Өз кезегінде бұл мұнай-газ секторына
қызмет көрсету саласына да кері әсерін тигізеді.

Мәжілісте
Энергетика министрінің орынбасары Мағзұм Мырзағалиев, облыстық кәсіпкерлер
палатасының директоры Руслан Досмаханов, «ҚазГерМұнай» БК» ЖШС бас директоры
Медет Кәрім сөз алып, өңіріміздегі мұнай кеніштерінің жұмысын жақсартуға
қатысты пікірлерін баян етті.

Басқосуда
бұған қоса аймағымызда мұнай-газ кеніштері қатарын көбейту, осы мақсатта облыс
территориясындағы жаңа бассейндерді геологиялық зерттеу ісін қолға алу, облыс
әкімдігі жанынан осы салаға қатысты арнайы ғылыми кеңес құру секілді мәселелер
көтерілді. Орайлы тұста айта кетейік, қазіргі күні облысымызда көмірсутегі
шикізатының қомақты қорын анықтау үшін геологиялық барлауды мемлекетпен бірге
жеке инвесторларға жүктеу мүмкіндіктері де қарастырылуда.

Дәуіржан ЕЛУБАЕВ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз