КӨГІЛДІР ОТЫН – ЕЛ ИГІЛІГІНЕ

46

0

Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында қала іргесіндегі Досан ауылында «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральды газ құбырынан қаламызға үздіксіз газ беретін автоматты газ тарату стансасы іске қосылды. Салтанатты шараға аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев пен «КазТрансГаз Аймақ» АҚ бас директоры Қайрат Шәріпбаев қатысты.
Күн күрт суытқанда облыс орталығын «көгілдір отынмен» қамтамсыз етуде қиындықтар туындайтын. Бұл жайттың соңғы жылдары жиі қайталанғаны да есте. Өйткені, қақаған қыста отынның осы түрін тұтыну көлемі ұлғайып, желі бойындағы газ қысымы төмендейді. Мұндайда шаһарға жылу беріп отырған қос жылу орталығын сұйық отынға көшіріп, артық шығынға барып жүрдік. Мұның үстіне тұрғындарға газ көлемі жетпеген қауырт шақта қаладағы өндіріс орындары мен шағын кәсіпкерлік нысандар Үкімет қаулысымен газдан ажыратылып келді.  Себебі, облыс орталығына ілеспе газ жалғыз көзден ғана берілетін. Оның өзі, яки Ақшабұлақ кенішінен келетін газ көлемі біздегі қажеттіліктің 50 пайызын қамтамасыз етіп келгені белгілі. Міне, енді бұл күндер де артта қалды.  
Елбасының тапсырмасымен республиканың оңтүстік өңірлерін газдандыруға бағытталған «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральды газ құбыры құрылысының І-кезеңінің аяқталуы ашығын айтқанда өңірді газдандыру саласының жаңа көкжиегін айқындап берді. Осы тұста «ҚазТрансГаз Аймақ» компаниясы облыс үшін маңызы зор бірнеше жобаны білек сыбана қолға алды. Қаламыздың газға деген қажеттілігін толық өтеу үшін бірінші кезекте «Бейнеу-Шымкент» магистральды газ құбырынан Досан ауылына дейін ұзындығы 26,9 шақырымдық құбыр тартып, екінші автоматтандырылған газ тарату стансасын салып шықты. Бұған инвестициялық қаржы есебінен 4,3 млрд. теңге жұмсалды. 
Аталған стансаның өткізгіштік қабілеті сағатына 160 мың текше метр газды құрайды. Бұл облыс орталығымен қоса қала жанындағы барлық елді мекендерді газдандыруға молынан жетеді. Сонымен қатар, «Ақшабұлақ-Қызылорда» мен «Бейнеу-Шымкент» құбырларының қиылысы түйістіріліп, екі құбыр қосылды. Енді тұрғындар үздіксіз берілетін табиғи газдың игілігін көреді.
Салтанатты шарада газ алауын жаққан облыс әкімі Қ.Көшербаев пен «ҚазТрансГазАймақ» АҚ бас директоры Қ.Шәріпбаев Қызылорда қаласын «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральды газ құбырына қосуға мүмкіндік беретін   «АГТС-2» және «Газды редукциялау торабын» пайдалануға берді. Осылайша, облыс орталығына газ беретін қосымша желі ретіндегі технологиялық аса маңызды екі нысан салтанатты жағдайда пайдалануға ұсынылды. 
«ҚазТрансГазАймақ» АҚ бас директоры Қ.Шәріпбаев аталған газ құбырының желісі Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асқан еліміздегі серпінді инфраструктуралық жобалардың бірі екендігіне тоқталды. – Облыс орталығы үшін көгілдір отынның тапшылығы өткір мәселеге айнала бастағанда біздің компания мәселені оңтайлы шешудің жолын ұсынды. Облыс әкімдігімен бірігіп техника-экономикалық негіздеме жасалды, компания екі ірі инвестициялық жобаны табысты жүзеге асырды, – деді өз сөзінде компания басшысы.
«Бейнеу-Шымкент» магистральды газ құбырына қосылу Қызылорда қаласын газдандыру жобасының жалғасы екендігін, оның облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына айтарлықтай ықпал ететінін атап өткен Қ.Көшербаев игілікті істің ұйытқысы болып, өңірді газдандыру ісіне 6 млрд. теңгеден астам инвестиция салған компания басшысына алғысын айтты. Қос нысанды салған құрылысшыларды қуанышты сәтпен және ұлық мерекемен құттықтады. 
Айта кетейік, «ҚазТрансГазАймақ» АҚ пайдалануға берілген 2 нысаннан өзге ұзындығы 22,4 шақырымды құрайтын айналма желінің де құрылысын жүргізді. Жоғары қысымдағы айналма газ құбырының құрылысы қаламыздағы №1 газ тарату стансасы тұсынан басталып, «Қызылордажылуэлектрорталығы» кәсіпорны жанынан тұйықталады. Кәсіпорын оған 1,7 млрд. теңге қаражат бөліп, облыс орталығының газ беру жүйелерін айналма желі арқылы тұйықтады. 
Сонымен, облысты кешенді газдандырудың І-кезеңі 2015 жылға дейінгі аралықты қамтиды. Жалпы ұзындығы 1475 шақырымды құрайтын газ тасымалдау желісінің 846 шақырымы облыс аумағындағы 7 аудан орталықтарының үстінен өтеді. Енді осы негізгі газ желісіне қосылу арқылы аймақтың барлық елді мекендерді кезең-кезеңімен көгілдір отынмен қамтылады. Алдағы 2 жыл ішінде облыстың негізгі бөлігі газдандырылады деп күтілуде.
Дәуіржан ЕЛУБАЕВ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз