КӨГІЛДІР ОТЫННЫҢ КЕЗЕГІ КӨРШІ АУДАНДАРҒА КЕЛДІ

44

0

Елімізде
халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту бағытында түрлі жобалар
жүзеге асырылуда. Соның бірі елді мекендерді газдандыру жұмыстары Қызылорда
облысында жақсы жолға қойылып келеді.

2015
жылы төрт аудан – Арал, Қазалы, Шиелі және Жаңақорған ауданы орталықтары толығымен газдандырылды. Қазір
осы төрт ауданда мыңдаған отбасы көгілдір отын игілігін көруде. Бұрынғы отын
бұтап, күл шығару секілді тұрмыс тауқыметінен қаншама отбасы құтылып үлгерді.
Ал 2016 жылы қала маңындағы Талсуат елді мекеніне газ жеткізуге облыстық
бюджеттен 271 млн теңге қаржы бөлінді.
Осы жоба аясында 22,7 шақырым құбыр тартылып, үш әлеуметтік нысанға көгілдір отын жеткізілді, 500-ден аса тұрғын
үй табиғи газға қосылуға мүмкіндік алды.
Сонымен бірге, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында Қызылорда
қаласында «АГТС-2»-ден шыны зауытына дейін газ құбыры-бұрыпының құрылысын
жүргізуге 2016 жылға республикалық бюджеттен 1,5 млрд теңге, облыстық бюджеттен
170,5 млн теңге қаржы бөлінді. Нәтижесінде
зауытқа дейін 14,7 шақырым газ құбыры салынды.

Енді
биыл қала іргесіндегі Белкөл елді мекенін газдандыруға облыстық бюджеттен 378 млн
теңге қаржы қаралып отыр. 2016 жылы
Шоқай, Қамыстыбас, Ақсуат, Бесарық, Ақеспе елді мекендерінде «АГТС» орнатумен
қоса «Бейнеу-Шымкент» магистральды газ құбырынан газ құбыры-бұрыпының құрылысы»
және Жақсықылыш кентін газдандыру бойынша жоба-сметалық құжаттамалары
әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды. Жалпы облыс елді
мекендерін газдандыруға байланыс­ты жалпы құны 15 млрд теңгеге жуық жобалар
әзірленген. 2017 жылы республикалық бюджеттен қаржыландыруға 10 жоба Энергетика
және Ұлттық экономика министрлігіне тапсырылған.

15
млрд теңгелік жобаның басым бөлігі, әрине, үш аудан орталығы, атап айтқанда,
Жосалы, Жалағаш, Тереңөзек аудандары орталықтары мен Қызылорда қаласында табиғи
газ бармай қалған көшелерді газдандыруға қатысты. Биылғы жылы осы жобалар
бойынша жұмыс бастау жөнінде облыс басшылығы «ҚазТрансГаз» АҚ-мен және де
тиісті министрліктермен жұмыс жүргізуде.

Әуелде
бұл жобаны «ҚазТранГаз» АҚ қаржысымен, бюджет қаржысымен газдандыру нұсқалары
талқыланғанын айта кету керек. Дегенмен, «ҚазТрансГаз» АҚ күшімен елді
мекендерді газдандыру идеясынан бірден бас тартуға тура келді. Өйткені, бұл
инвестициялық жоба. Оған кеткен шығынды қайтару үшін компания газ бағасын
көтеру қадамына барады. Ол жағдайда қазіргі күнгі 1000 текше метр газдың бағасы
19 мың теңгеден 40 мың теңгеге көтеріліп кетеді. Мұның өзі тұрғындарға да,
бизнеске де, мемлекетке де үлкен ауыртпалық болады. Сол себепті бұл жобаны
бюджет қаржысы есебінен атқару көзделді. Ал жергілікті бюджеттің қоры мұндай
ірі жобаны қаржыландыруға шамасы жетпейді. Тек республикалық бюджет
мүмкіндігіне арқа сүйеу керек. Бірақ, бұл жерде де бір мәселе бар. Бүкіләлемдік
қаржы дағдарысы салдарынан мұнай бағасы төмендеп, оның өндіру көлемі де біршама
азайғаны белгілі. Бұл жағдай біздің елді айналып өткен жоқ. Соның салдарынан
бюджеттік шығындар қысқартылып, көптеген жобаларды кейінгі мерзімге шегере
тұруға тура келді. Республикада 2016-2018 жылдар аралығындағы бюджет қаржысымен
салынатын ірі құрылыстарға, жобаларға мораторий жарияланған еді. Соған орай,
біздің облыстан түскен ұсыныс қабылданбаған болатын.

Әйтсе
де, Үкімет басшысы тапсырмасына сай, Энергетика министрлігінде Қазақстан
Республикасын газдандырудың бас сызбасын жүзеге асыру жөніндегі мәселелер бойынша жұмысшы топ
құрылды. Осы топтың жұмыс нәтижесіне
байланысты бюджеттен қаржы қарастырылатын болады. Біздің жобалар осы бас
сызбаға енуі жөнінде жұмыстар жүргізілуде. Мұнан бөлек жобаны жүзеге асыруға басқа да қаржы көздері,
жеке инвестициялар қарастырылуда. Қысқасы, үш аудан орталығына көгілдір отын
жеткізу үшін бар күшін салуда.

Бұған дейін де осындай қиын жағдайларда жол
тапқан облыс басшылығы осы жолы да тығырықтан алып шығады деген үміт мол.

 

Ы.ТӘЖІҰЛЫ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз