КӨКЕН БАТЫР ЕСКЕРТКІШІ АШЫЛДЫ

195

0

КӨКЕН БАТЫР ЕСКЕРТКІШІ АШЫЛДЫАптаның жексенбісі күні Жаңақорған ауданының орталығында тарихи тұлғалардың бірі, ел қорғаған айтулы батыр Көкен батыр Назарұлына қойылған ескерткіш салтанатты түрде ашылды.

Салтанатты жиынды облыс әкімінің орынбасары Серік Қожа­ниязов құтықтау сөз сөйлеп ашты. «Мәдени мұра» бағдарламасына сай әділдік пен азаматтықты ту еткен, елі мен жері үшін қасық қанын төккен батырларымызды ұлықтау арқылы жастарымыздың бойында отансүйгіштік қасиетті арт­тыра түсіп, олардың жамағат ісі­не деген белсенділігін жетіл­ді­реміз. Бұл қазіргі уақытта өте ке­рек нәрсе, олай болса, бүгінгі ша­раның маңызы ерекше зор», де­ген Серік Саламатұлы елдің ын­тымағының нығая түсіп, өміршең бағдарламаларды лайықты орындау жолында жаңақорғандықтарға та­быс тіледі.

Сыр бойының әйгілі батырының өмір жолы, ел қорғаудағы ерлік істері жөніндегі баяндаманы ел ағасы, «Көкен батыр» қорының төрағасы Амангелді Абдуллаеав жасады: «Көкен бабамыз 1775 жылы осы Сыр топырағында дү­ниеге келіп, 1863 жылы сексен се­гіз жасында өмірден өткен екен. Саналы ғұмыры ат үстінде өт­кен батыр жастайынан ел қор­ғауда айрықша ерлік танытып, жа­мағатына қорған бола білді. Тарихта Қоқан феодалдары, ханы Әлімжан мен оның мұрагері Омарханның Ұлы жүз бен Орта жүз рулары мекен еткен аймақтың оңтүстігін жаулап алғандығы белгілі. Қоқандықтар Сыр бойын­дағы отырықшы қоныстар мен көш­пелі бай ауылдарға үнемі тұтқиылдан тиісіп, мал-мүлкін талан-тараж етіп, жұтатып кетіп отыратын зұлымдық әрекетін әдет­ке айналдырса керек. Бұл қорлыққа шыдамаған халық толқу үстінде болады. Осындай қиын-қыстау шақта ел ержүрек адамдарға арқа сүйейді. Соның бірі Көкен батыр еді. Ол халқының азаттығы мен тыныштығын сақтау үшін ту көтеріп, жауға қарсы шығады. Бұған осы маңдағы ру басылары қосылып, үлкен күшке айналады. «Қылышпен келген жау, қылыштан өледі» деген батыр бастаған қол зұлым жауға тойтарыс беріп отырады.

Ескерткіштің ашылу салтана­тын­да облыстық ардагерлер ке­ңесінің төрағасы Сейілбек қажы Шаухаманов, Шымкент қаласынан келген Бекежан Тоқсанбаев ақсақал тағы басқалар құттықтау сөз сөйлеп, бұл шараның мәнділігіне тоқталды. Соңынан батырдың ұр­пақтары үш мыңнан астам адамға арнайы дастарқан жайып, ас берді, құран бағыштатты.

Осы күнгі ас беру рәсімінен соң оңтүстік облыстары көкпаршылары қатысқан додалы көкпар өтті. Бес жүзден астам ат қатысқан көк­пар ойынындағы бас жүлде – тоғыз түйені қызылордалық ша­бандоздар иемденсе, өзге де төрт түлік тігілген жүлделерден де жер­лестеріміз құр қалмады. Кешке ау­дан орталығындағы алаңда «Му­зарт», басқа да өнер шеберлері концерт берді.

Нұрмахан ЕЛТАЙ.

Жаңақорған ауданы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз