КӨКЕЙДЕГІ КӨП САУАЛҒА ЖАУАП

46

0

Өткен аптада еліміздің барлық аймағында «Жолда қабылдау” акциясы өтті. «Нұр Отан” партиясы мен Ішкі істер министрлігінің ұйытқы болуымен өткен шара Қызылорда өңірінде де өріс алды. Ауқымды шараға ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Талғат Мұсаханов пен «Нұр Отан” партиясы Қоғамдық қабылдау бөлмесі меңгерушісінің орынбасары Жұмажан Жүкенов арнайы келді.
Жалағаш және Қармақшы ауданын қамтыған кездесуде ресми өкілдер азаматтардың құқықтық сауатын арттыру мен әлеуметтік жағдайы және жүргізушілердің жол қауіпсіздігін сақтауы жайына назар аударды. 
Алдымен Жалағаш ауданы тұрғындарымен кездесіп, сөз сөйлеген «Нұр Отан» партиясы өкілі Жұмажан Қалкенұлы бұл іс-шараның басты мақсаты  тұрғындарға құқықтық көмек көрсету, жол қауіпсіздігін сақтау, әкімшілік полиция қызметіне азаматтардың сенімін арттыру және партия мен ел-жұрт арасындағы байланысты нығайту болып табылатындығын айта келіп, қатысушылардың барлық сауалдарына жауап берілетіндігін жеткізді.
Акция барысында өз құқықтары мен құқық қорғау органдарының жұмысына бей-жай қарамайтын азаматтарға жолда жүру ережелерін білуі, әкімшілік полиция қызметкерлерінің жұмысына баға беретін және сын-ескертпе, ұсыныстары туралы сұрақтары бар сауалнамалар таратылды. Сондай-ақ, ІІМ ӘП төрағасының орынбасары, полиция полковнигі Талғат Шәймерденұлы, құқық қорғау органдарында жемқорлықты болдырмау және онымен күресуді, жол қауіпсіздігін сақтамау салдарынан орын алған қайғылы фактілерді тілге тиек етіп, жол қозғалысында азаматтардың қауіпсіздігі бірінші орында екендігін айтып өтті. 
Жалағаш аудандық «Нұр Отан” партиясы филиалында өткен қабылдауда тұрғындардан жол-көлік оқиғасы, «Дипломмен – ауылға” бағдарламасы арқылы берілетін бір жолғы көмекті алуға, жұмыссыздыққа қатысты және сужырығымен ауыратын баласына көмек сұраған ананың сұрағы тыңдалды. Барлық сұрақтарға тұшымды жауап берген өкілдер, тиісті сала мамандарына тапсырмалар жүктеді. Және ел азаматтарының өтініш-сұраулары ешқашан аяқсыз қалмайтынын жеткізді. «Жолда қабылдау» акциясы құқықтық тұрғыда құптарлық іс-шаралардың бірі екендігін бірауыздан қолдаған қатысушылар сауалнамаларға жауап берісіп, тарқасты.
Кезекті кездесу Қармақшы аудандық мәдениет үйінде өтті. Шарада Елбасы Жолдауын түсіндіруге бағытталған іс-шаралар, халыққа құқықтық-нормативті актілерді кеңінен насихаттау, құқық қорғау органдары мен өзге де мемлекеттік құрылымдардың беделін көтеру, сондай-ақ автомектептердегі келеңсіз жайлар мен жүргізуші куәлігін алуға қатысты емтихан сабақтары жақын күндерден бастап арнайы халыққа қызмет көрсету орталығында өтетіні сөз болды. ІІМ өкілі, бұл шараның сыбайлас жемқорлықты болдырмау мақсатында жасалып жатқанын айтты. 
Акция шеңберінде тұрғындар аудан аумағындағы көпірлердің авариялық жағдайда тұрғанын, қалааралық күре жолдың талапқа сай еместігінің, ауыр жүк көліктерінің жүрісі және бағдаршам, арнайы белгі, бейнекамера, жарық орнату сынды бірнеше мәселені жайып салды. Оған аудан әкімі, арнайы келген астаналық өкілдер мен жергілікті сала басшылары тиянақты жауап берді. Көкейде жүрген көп сауалға жауап алған тұрғындар мемлекет саясатын, Елбасы Жолдауын қолдайтынын айтып тарқасты. Осылайша өткен «Жолда қабылдау» акциясы азаматтарға құқықтық және консультативтік көмегін көрсетті. 
 Нұрбек Дәуренбеков.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз