КӨЛІК ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫН БІРЛЕСІП ДАМЫТУ

44

0

КӨЛІК ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫН БІРЛЕСІП ДАМЫТУАстана қаласында «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ Қызылорда облысының әкімдігімен Қызылорда қаласының әуежайында халықаралық жолаушылар терминалын салу жөнінде меморандумға қол қойды. 
Өткен жылы жаңа жолаушы терминалын салу жобасының техникалық-экономикалық негіздемесі мен жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленген болатын. Алдын ала есептер бойынша жобаның құны 7,5 млрд. теңгені құрайды. 
Келіссөздің нәтижесінде жобаның   70 пайызын «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ және 30 пайызын «Байқоңыр» ӘКК»  қаржыландыратын болды. 
«Қорқыт ата» әуежайының ұшып қону алаңына 2008-2010 жылдары қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілгеннен кейін үлкен сыйымдылықты ұшақтарды қабылдауға мүмкіндік туды. Дегенмен, әуежайдың «халықаралық» мәртебесінің болмауына байланысты өзінің географиялық тиімді орналасуы толық пайдаланылмай отыр. Негізгі себеп – жолаушылар терминалының талапқа сай келмейтіні. Қазіргі таңда арнайы автотехникаларға арналған құрылысы бітпеген жабық ангардан шаруашылық әдісімен салынған кешен арқылы жолаушыларға қызмет көрсетілуде. Аймақ тұрғындары мен қонақтар алыс және жақын шет мемлекеттерге Алматы, Астана қалаларының әуежайлары арқылы ұшуда. Бүгін қол қойылған меморандум арқылы осы мәселе шешімін табатын болды. Көп ұзамай Қызылордада бір мезетте 250 жолаушыны қабылдай алатын халықаралық жаңа жолаушылар терминалының құрылысы басталады. 
Келісімге қол қою кезінде облыс әкімі Қырымбек Көшербаев «Қазақстан темір жолы» ҰК басшылығына Қызылорда облысында қазірдің өзінде жүзеге асып жатқан жобалар үшін алғысын білдірді. «Жезқазған-Бейнеу» темір жолы құрылысының өзі өңірдің экономикалық-әлеуметтік дамуына үлкен септігін тигізеді. «ҚТЖ» ҰК АҚ басшылығы «Жезқазған-Бейнеу» темір жолы жыл соңында іске қосылатынын да атап өтті. 
Облыс әкімінің айтуынша,  әуежай – аймақтың бет-бейнесі. Облысқа, қалаға келген қонақ та, инвестор да алдымен әуежайды көріп, танысады. Сондай-ақ бұл болашақ жолаушылар терминалының құрылысы әдемі ғимарат қана емес, өңір үшін стратегиялық маңызы зор. Халықаралық жаңа жолаушылар терминалының салынуымен аймақтың инвестициялық әлеуеті одан әрі арта түспек. 
«ҚТЖ» Президенті Асқар Мамин өз кезегінде облыс басшылығына Ұлттық компания құрылыстың уақытылы әрі сапалы салынуын, қол қойылған меморандум аясындағы міндеттерін толық орындайтындығын жеткізді.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі 
«ҚТЖ» ҰК» АҚ баспасөз қызметі.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз