КҮНДІЗГІ ЕМДЕУ БӨЛІМДЕРІ КӨБЕЙІП КЕЛЕДІ

35

0

Еліміздің медицина саласының бүгінгі алдына қойған міндеттерінің бірі – тұрғындарға қолжетімді әрі сапалы медициналық қызмет көрсетумен қатар, олардың ауруханаларда жатып емделмей-ақ күндізгі стационарлар арқылы ем алуын қамтамасыз ету.  Бұл бағытта біздің өңірімізде де ауқымды жұмыстар атқарылуда. 
Мәселен, «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы, сол секілді облыста денсаулық сақтау саласының 2012-2013 жылдарға арналған «Жол картасы» аясында ауылдық стационарлық көмектің қолжетімділігін арттыру мақсатында бұрын жабылып қалған ауылдық ауруханаларды қайта ашу жолға қойылса, ауылдық емханалар мен дәрігерлік амбулаторияларда тұрғындардың күндіз ем алуына жағдай жасалуда. Яғни, ауылдағы ағайын облыс орталығындағы ауруханаларға сабылмай-ақ, жергілікті жерден қажетті ем-домдарын ала алады. Бұл, сонымен бірге, Қызылорда қаласындағы емханалардың бірсыпырасында жолға қойылған. 
Жаңа жыл басталысымен, яғни, қаңтар айынан бастап қаладағы ірі емханалардың бірі – №3 емханада күндізгі емдеу бөлімі ашылды. Бұл жаңалық әсіресе, осы емдеу, алдын алу мекемесіне қарайтын аймақтардың тұрғындарын түгел қуантты десе болғандай. 
30 төсек орынға арналып ашылған күндізгі бөлімде 15 орын терапиялық ауруларға арналса, бесеуі хирургиялық, бесеуі гинекологиялық және бесеуі балаларға арналып отыр.  
2012 жылдың маусымында ашылған емхана жалпы ауысымына 500 келушіге арналған. Алайда бүгінгі таңда келушілер саны 730-750-ді құрауда екен. 
– Біздің емханаға келушілер саны жыл сайын артып келеді.  Ашылған уақытта бірден күндізгі емдеу бөлімі керек деп мәселе көтердік. Бірақ жылдың екінші жартысы болып қалған соң қаржы мәселесі шешілмеді. Оның үстіне біз ол кезде мемлекеттік мекеме едік. 2013 жылы мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорын болып қайта құрылған соң ғана күндізгі емдеу бөлімін ашуға құқымыз болды. Міне, жыл басталысымен көптен күткен мәселе өз шешімін тапты,– дейді емхананың бас дәрігері Болғанай Сарышева.  
Күндізгі емдеу бөлімінде науқастардың қажетті ем-домдарын алуына барлық жағдай жасалған. Оның үстіне ол қызметтер тегін, яғни, кепілді медициналық қызмет көлемінде атқарылады.  Біз барғанда күндізгі бөлімнің алғашқы емделушілері де бар екен.  Соның бірі– 55 жастағы Әлима Нұрханова. Әлима апай сәті келгенде өз қуанышын жасырып қалмады. – Емхана ашылған уақытта мұндай бөлім жоқ еді. Біраз қынжылып жүрдік. Кейбір ауру түрлерінің портал арқылы ауруханаға жатқызылатын аурулар тізімінде болмауы салдарынан тек ақылы ғана емделуге тура келетін. Енді міне, өз емханамыздан күндізгі емдеу бөлімі ашылғанына сондай қуанып қалдық. Мұнда науқастың еркін ем алуына барлық жағдай жасалыпты. Жарық, тап-таза. Дәрігерлер де барынша биязы қызмет көрсетуде. Адамға денсаулықтан басқа не керек? Қатты қуаныштымын,– дейді ағынан жарылып. 
Жалпы №3 қалалық емханада 34 аймақ бар. Оның 16-сы балалар аймағы болса, 18-і терапиялық, яғни, ересектер. Бұларда 53657 тұрғын болса, оның 15368-і 14 жасқа дейінгі балалар, сонымен бірге 1800 жасөспірім бар. Ал ересектер саны – 36489. Емханада УЗИ, физкабинеттер жұмыс жасаса, биылдан бастап стоматологиялық кабинет іске қосылған. Рентген кабинеті де тұрғындарға қызмет көрсетуде.  
Айнұр БАТТАЛОВА.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз