КҮРІШ ЕГУДІҢ ЖАҢА ТЕХНОЛОГИЯСЫ

49

0

КҮРІШ ЕГУДІҢ ЖАҢА ТЕХНОЛОГИЯСЫКөктем келгелі егіс алқабында диқандардың жұмысы қыза бастады. Биылғы ауа райының қолайсыздығына байланысты егін егу уақытынан кеш басталды. Дегенмен, көктемгі дала жұмыстары барлық өңірде  қанат жаюда. Аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев апта соңында Сырдария ауданында болып, «Шаған жер» ЖШС-ның күріш егу технологиясымен танысты. 

Дала жиынында облыстық ауылшаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Омархан Пашкенов  көктемгі егіс жұмыстарының барысы жайлы хабарлама жасады. Ал, Краснодар қаласынан арнайы келген  «Группа Компаний Агроплюс» ЖШС-ның сату бөлімінің директоры Евгений Никитенко өздерінің күріш өсірудегі тәжірибелерімен бөлісті.
Биылғы жылы аймақ бойынша 160,4 мың гектарға дән себу көзделуде. Оның ішінде 76,6 мың гектарға күріш дақылы егіледі және оған 20,2 тонна тұқым дайындалған. Өңірде минералды тыңайтқышқа деген сұраныс 52,1 мың тоннаны құрап отыр. «Шаған жер» ЖШС болса, осы көктемде 3200 гектар жерге сыр маржанын егуді қолға алмақ. Шаруашылықта биыл жылда егілетін «Янтарь», «Маржан», «Лидерден» бөлек, «ҚазЕр» жаңа сұрыпты күріш дақылы егілетін болады. 
КҮРІШ ЕГУДІҢ ЖАҢА ТЕХНОЛОГИЯСЫ«Егін егуге толық дайынбыз. Шаруашылық техникамен, жанар-жағармаймен, минералды тыңайтқышпен толық қамтылған. Барлығы жеткілікті түрде. Енді тек егінді уақытында аяқтап, жылдағыдан жақсы өнім алуды мақсат етіп отырмыз», – деді «Шаған жер» ЖШС-ның директоры Бердібек Қадыров.
Қара жерден несібесін терген диқандар үшін егіс уақытындағы басты мәселе – судың жеткілікті болуы, жанар-жағармайдың дер кезінде жеткізіліп тұруы. Қазіргі сәтте су жолдарын тазалау, гидротехникалық құрылыстарды жөндеу және жерді сіңіре суару мен жайылымдылық жерлерді суару жұмыстары аяқталған. Сондай-ақ, Шардара мен Көксарай су қоймасында жиналған су маусымға жетеді деп жоспарланып отыр. Алайда, шаруашылықтардың суға қарызы әлі күнге дейін түпкілікті шешілмей тұр. Аймақ басшысы аудан әкімдерінен осы тұрғыда судың егістікке толық жетуі жайын нақтылап сұрады.
«Шаруашылықтардың суға қарыз екені белгілі. Алайда, қарызы толық өтелмеді деп нағыз керек кезінде оларды сусыз қалдыруға болмайды. Мол өнім аламыз десек,  су тапшылығы сезілмеуі керек»,-деді Қ.Көшербаев. 
Жиын барысында субсидияның уақытылы төленуі мен егістікті малдан қорғау мәселесі де сөз болды. Аймақ басшысы  барлық шаруашылықтарға 1 маусымға дейін егін науқанын аяқтауды тапсырды. Әсіресе, суды қатаң қадағалап ұстау керектігін баса айтты. Сондай-ақ, жанар-жағармайды жеткізуші операторларға да оның уақытылы жеткізілуіне байланысты міндеттер жүктеді.
Жалпы, тәуелсіздік жылдары тұңғыш рет Сыр диқандары қамбаға 360 мың тонна күріш құйып, рекордтық көрсеткішке ие болған болатын. Биылғы жылды да диқандар үлкен үмітпен, зор сеніммен бастады.
Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз