КӘСІПКЕРЛЕРДІҢ КЕЛЕЛІ КЕҢЕСІ

43

0

Бүгінде елімізде шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға Елбасы тапсырмасына орай баса мән беріліп, мемлекет тарапынан қолдау жасалуда. Қайсыбір істің орайын тауып, оңтайлы мүмкіндік жасаған әрбір азаматтың жеке кәсіп ашуына мол мүмкіндік жасалып отыр. Елімізде кәсіпкерлікке даңғыл жол ашу бағытында сан алуан мемлекеттік бағдарламалар қабылданып, кәсіп ашуға ниеттенген талапкерлерді арнайы дайындау жолға қойылған. Сондай-ақ, алдын ала бизнес-жоспар құрудың заңды жолдарын үйрететін орталықтар да ашылған.
Жақында Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен Жалағаш ауданында «Кәсіпкерлікті дамыту және кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау” және «Жылжымалы экомәдениет” акциялары аясында аудан кәсіпкерлерімен кеңейтілген кездесу жиыны болып өтті. Шараға Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Д.Әбсаттаров, облыс прокурорының аға көмекшісі, әділет кеңесшісі Ғ.Тобжанов, сонымен бірге дербес бөлім башылары, қоғамдық ұйым мүшелері мен аудан кәсіпкерлері қатысып, кәсіпкерлік саласы төңірегінде ашық әңгімелесті.
Жиынға қатысушылар алдымен облыстық кәсіпкерлер палатасы аудандық өкілдігінің жақында ғана ашылған кеңсесінің жай-күйімен танысты. Мұнан соң олар «Серпін” өндірістік аймағында орналасқан жылыжай кешені, «Ақселеу” қоғамдық моншасы және «Ақжол” қонақ үйінің жұмыстарымен де танысты.
Аудан әкімінің орынбасары Е.Өмірсеріков басқарған жиында алғашқы болып сөз алған облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Д.Әбсаттаров ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының құрылуындағы мақсат-міндеттері жайлы егжей-тегжейлі баян етті. Сондай-ақ, Елбасының Жарлығына сәйкес кәсіпкерлік қызметтің дамуына қажетті жағдайларды жақсарту жөніндегі шаралар жайлы да айтты.
– Кәсіпкерлік – ел экономикасының қайнар көзі. Содан да Елбасымыз еліміздің экономикалық жағдайын жақсарту бағытында кәсіпкерлік саласында екі үлкен қадамға барды. Соның бірі өткен жылдың қыркүйек айында «ҚР-ның Ұлттық кәсіпкерлер палатасы туралы” заңына сәйкес ұлттық кәсіпкерлер палатасының құрылуы болды, – деген Д.Әбсаттаров кәсіпкерлерге мемлекеттік бағдарламаларды кеңінен түсіндіріп, олардың құқықтарын қорғау, келелі кеңес беру, бизнес жоспар құру сынды жұмыстарға тікелей араласып, қолдау көрсететінін мәлім етті.
Кәсіпкерлер жиынында аудан прокуроры Х.Жұмағұлова «Жылжымалы экомәдениет” акциясы, яғни, халықтың әлеуметтік тұрмысындағы заңдылықтардың сақталуы, табиғи ресурстар мен қоршаған ортаның қорғалуы туралы баян етті. Кездесуде аудан кәсіпкерлері өздерін толғандырып жүрген толғақты сұрақтарға мамандар тарапынан тұшымды жауаптарын алды.
Е.АҚҚАЛИҰЛЫ.
Жалағаш ауданы.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз