КӘСІПКЕРЛІКТІ ДАМЫТУДЫҢ «ЖОЛ КАРТАСЫ»

50

0

Кеше облыс әкімі жанындағы кәсіпкерлер кеңесінің кезектен тыс отырысы болып өтті. Басқосуға аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев төрағалық жасады.  
Елбасы биылғы Жолдауында шағын және орта бизнес 2050 жылға қарай Қазақстанның ішкі жалпы өнімінің 50 пайызын өндіру тиістігін алдымызға мақсат етіп қойғаны белгілі. Жиынды ашқан облыс басшысы кеңес мүшелеріне аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуының өткен жылғы қорытындыларын қысқаша баян етті. Облыс даму қарқыны бойынша 2-орынға тұрақтаса, салық жинау бойынша аймақтар арасында 4-орынға табан тіреді. Әсіресе, өңдеу саласында ілгерілеушілік бар. Ол жыл соңында 19,3 пайызды құрады. Инвестиция тарту 2,6 есеге өсіп, 140 пайызды құрап отыр.  
Мұнан соң кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Тельман Сүлейменов хабарлама жасап, биылғы жылы атқарылатын жұмыстарды тарқатты. Оның айтуынша, алдымен кәсіпкерлер санын арттыру көзделіп отыр. Жуырда облыс әкімінің өкімімен жұмыс тобы құрылып, Арал ауданының 12 елді мекенін аралап шығыпты. Сапар мақсаты – көлеңкелі бизнесті жою, сондай-ақ, ауылдағы кәсіпкерліктің тіркелуіне жағдай жасау. Алайда, елде тіркелмеген кәсіпкерлер қатары әлі де бар. 
Нақты кезеңде облыс орталығында өнеркәсіп алаңы және индустриялық алаң құрылды. Мұндай алаңдар Арал, Қазалы, Жалағаш және Шиелі аудандарында жасақталуда. Басты жаңалық – аталған басқарма жанынан шағын және орта кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған арнайы құрылым құрылады. Бұл жаңа құрылым өз кәсібін ашамын деген ынталы азаматтар мен кәсіпкерлердің жобаларына тікелей бюджеттік қаржыландыру, техника-экономикалық негіздеме жасау және жобалық-сметалық құжаттар әзірлеу бойынша көмек көрсетеді. 
Өңірлік кәсіпкерлік палатасының жұмысы туралы аталған ұйымның төрағасы А.Махамбетов, кәсіп иелеріне арналған оқу-тренингтік семинарлар ұйымдастыру жөнінде кеңес мүшесі Е.Раймов, сондай-ақ «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» көлік дәлізінің бойында кәсіпкерлікті дамыту бойынша кеңес мүшесі М.Тілеулиев ойларын ортаға салды. Ал, облыстық статистика департаментінің басшысы Бақыт Сапар бизнес иелерін шынайы мәлімет беруге шақырды. Жиында мемлекеттік сатып алу конкурстарын мезгілінде өткізу, кәсіпкерлікке жаңа көзқарас қалыптастыру, көлденең кедергілерді  бірлесіп жою төңірегіндегі мәселелер де айтылды.
Кеңес жұмысын қорытындылаған аймақ басшысы саланы дамытуға арналған «Жол картасы» бағдарламасына ұсыныстар енгізуді, сонымен қатар кеңестің келесі отырысына нақты жобалар шығаруды өз орынбасары Ғалым Әміреевке тапсырды.
 Дәуіржан ЕЛУБАЕВ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз