КӘСІПКЕРЛІКТІҢ ӨРІСТІ ЖОЛЫ

54

0

Жуырда облыстық кәсіпкерлер палатасының бизнес
алаңында өңірлік кәсіпкерлер кеңесінің
XVI отырысы өтті.

Кеңес отырысына облыс әкімінің орынбасары С.Қожаниязов, «LAC Holding»
компаниясының жобалар кординаторы Д.Софронов, «Қазақстандық мемлекеттік-жеке
меншік әріптестік орталығының” басқарма төрағасы А.Ойнаров, облыстық
кәсіпкерлер палатасының директоры Д.Абсаттаров, Өңірлік Кеңес төрағасы
А.Махамбетов және кеңес мүшелері мен басқарма басшылары қатысты.

Шараға арнайы келген «Қазақстандық
мемлекеттік-жекеменшік әріптестік орталығы­ның” Басқарма төрағасы А.Ойнаров
қатысу­шыларға «Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік” туралы жаңа заң жобасы
туралы кеңірек түсіндірме жүргізіп, пікір талқылауға шақырды.

Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік (МЖӘ)
бү­гін­де ел экономикасын жаңа белес­ке көтеретін, кәсіпкерлерді ірі
инвестициялық жоба­ларға тарта отырып, мемлекетпен бірлесе бизнес­ті жаңа
өрістерге шығаруға септесетін үл­кен жобалардың бірі.

Бюджеттің қарымы жете бермейтін,
әсіресе, маңызы зор әлеуметтік жобаларға жеке бизнесті тарту қажеттігін Елбасы
Н.Назарбаев үнемі айтып келеді.

Басқарма төрағасы А.Ойнаров та жаңа заң
инвесторларды қорғаумен бірге өңірлердің мемлекетпен бірге өзара тиімді
жобаларды бірлесе іске асыруын және кедергі­лер­ді жоюға мүмкіндік беретінін
жеткізді. «Бұл «Мемлекеттік-жеке әріптестік туралы» жаңа заң жобасына
енгізілген ұсыныстардың бір па­­ра­сы ғана. Сонымен қатар, мемлекет пен биз­нес­тің
әріптестігін реттейтін дербес заң жобасын жасауға кәсіпкерлердің өздері де бас­та­ма­шы
болғанын айта кеткен жөн,” – дейді А.Ойнаров.

Сарапшылардың айтуынша, бүгінде жұмыс
жасап тұрған «Концессиялар туралы» заңы көп ретте кәсіпкерлермен етене жақын
жұмыс істей алмай келеді. Оған себеп, көптеген инвестициялық жобалардың
мемлекеттік бюджеттен төлемдермен қатаң байланыстырылғандығы болып отыр. Мем­органдар,
кәсіпкерлер, квазимемлекеттік және ұлттық компаниялар мемлекеттік-жеке
әріптестікті дамыту құралы ретінде Концессия мүмкіндіктерінің шектеулі
екендігін көптен бері көтеріп жүрген болатын. Тараптардың пікірінше,
Концессияның көмегімен көптеген маңызды жобаларды жүзеге асыру мүмкін емес,
сондықтан да оған балама бола алатын тетік қажет. Ал МЖӘ туралы заң бюджеттік
қаржыландыруға баламалы тетік болғалы тұр.

Нақты жұмысқа бағдарланған
«Мемлекеттік-жеке әріптестік туралы» Заң жобасындағы алғашқы бағыт инвесторлардың
құқықтарын қорғау болмақ. Заң деңгейінде МЖӘ жобаларына инвестиция құюды жос­парлап
отырған кәсіпкерлерді барынша қорғауды көздейді. Яғни олардың соттан тыс,
төрелік және арбитраж соттарында құқықтары кеңейтілмек. Жобаларды әртүрлі
формада қаржыландыратын қаржы ұйымдары мен несие берушілердің мүддесін
қорғаудың барлық мүмкіндіктері қарастырылып отыр. Бұл арқылы жоба ірі
халықаралық инвесторлармен және компаниялармен қатар ең алдымен отандық,
өңірлік инвесторлардың да келуіне мүмкіндік береді.

Осыдан келіп, заңның өңірлік жобаларға
немесе МЖӘ-нің шағын формаларына бағдарлануы туындайды. Қазіргі «Концессиялар
туралы» заңдағыдай қатаң жобаларға емес, мүмкіндігіне орай жеңілдетілген түрде
іске қосылады. Бұл сараптама санының барынша азайтылуын, ал жоба құжаттарының
үлгілік формаларға негізделуін, яғни дайын құжаттар бумасын білдіреді. Мәселеге
осындай тұрғыдан келу жобаны әзірлеуге кететін уақытты екі жылға дейін
қысқартады. Қазіргі қолданылып жүрген тәртіп ірі инфрақұрылымдық жобаларға
бағдарланған, ал жаңа тұжырымдама әкімшілік кедергілерді барынша азайтуға және
жобаны қысқа мерзімде іске қосуға мүмкіндік береді. Бұған Ұлттық кәсіпкерлер
палатасының өңірлік бөлімшелері де белсене қатыса отырып, мерзімдердің созылып
кетуіне және сөзбұйдаға түсуіне жол бермейді.

«МЖӘ туралы» Заңдағы келесі бағыт
келісім-шарттардың жаңа формалары болмақ. Бүгінде МЖӘ шын мәнінде концессиялық
тетіктермен шектеулі жағдайда болып отырғаны шындық. Енді заңда олардың қатарын
лизингтік қатынастармен және басқа да өміршең циклдармен толтыра түсу
көзделеді.

Мысалы, бүгінде елде 16
әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация жұмыс жасайды. Оларда институционалдық МЖӘ-ға
ұқсас жобалар жүзеге асырылады. Алайда қажетті құқықтық база болмағандықтан,
бұл жобаларға қатысты мемлекеттік қолдау шараларын белсенді қолдануға мүмкіндік
бермейді. Сонымен бірге, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің МЖӘ жобаларына
қатысу тетіктері заңнамалық реттелмеген, сондықтан да МЖӘ мұндай формаларын
жүзеге асырудың оң тәжірибесі жоқ. Оның үстіне квазимемлекеттік сектор
субъектілерінің концессияларға қатысуға тыйым салынған.

Ұсынылып отырған заңнамалық және
институционалдық өзгерістер МЖӘ тетіктерін кеңінен қолданумен қатар жеке
секторды тарта отырып, бюджеттік жүктемені төмендетуге бағытталған.

Қорыта айтқанда, МЖӘ туралы заң
кәсіпкерлік саласының бүкіл әлеуетін орнымен пайдаланып, мемлекетпен қатар
белгілі бір жауапкершілікті мойнына алады. Ал одан үнемделген бюджеттік
қаражаттар өмір сапасын жақсартуға бағытталған басқа жобаларға жұмсауға және
еліміздің Мемлекет басшысы нұсқаған дамыған 30 елдің қатарына кіру мүмкіндігін
арттыра түсері сөзсіз.

Нұрбек Дәуренбеков.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз