КӘСІПТІК БІЛІМ ЖӘНЕ ЕҢБЕК НАРЫҒЫ

52

0

Облыс әкімінің орынбасары Ақмарал Әлназарованың
төрағалығымен облыс әкімдігі жанындағы техникалық және кәсіптік білім беруді
дамыту мен кадрларды даярлау жөніндегі кеңес пен кәсіпкерлер палатасы өңірлік
кеңесінің бірлескен мәжілісі өтті.

Кеңес мүшелері мен техникалық және кәсіптік білім беретін
оқу орындарының басшылары, әлеуметтік-серіктестік директор­лары қатысқан
отырыста төрт мәселе қаралды. Күн тәртібіндегі бірінші және екінші мәселе,
яғни, облыстың еңбек ресурстары балансына сәйкес және облыстың
индустриалды-инновациялық жобаларына қажетті жаңадан ашылатын мамандықтар мен
2014-2015 оқу жылының мемлекеттік тапсырысты орналастырудағы басымдылық
берілген мамандықтар бағыты, облыстағы мектеп оқушылары үшін кәсіби бағдар
берудегі техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орындары мен кәсіпкерлер
палатасымен бірлесе атқарылған жұмыстар жайында облыстық білім басқармасының
басшысы Наурызбай Байқадамовтың хабарламасы тыңдалды.

Басқарма басшысының мәлім­деуінше, өткен оқу жылында 34
колледж жұмыс жасаса, қазіргі таңда 32 оқу орны техникалық және кәсіптік білім
саласына қажетті кадрлар даярлауда. Яғни, олар аймақтың еңбек нарығына қажетті
103 мамандықтың 157 біліктілігі бойынша техникалық және қызмет көрсету
еңбегінің мамандарын оқытады. Оларда барлығы 24493 студент білім алса, оның 12443-і
мемлекеттік білім тапсырысы негізінде, 12050-і ақылы негізде оқуда. 2014 жылы
колледждерді 8314, оның ішінде 4028 түлек мемлекеттік тапсырыс есебінен
бітірген. Оның 4516-ы тұрақты жұмысқа орналасса, 861-і жоғары, 31-і
колледждерге оқуға түскен. Басқарма басшысының айтуынша, бүгінгі таңда аграрлы
өңірден индустриалды аймаққа айналып келе жатқандықтан кәсіптік білім беретін
колледждерді де соған сай бейімдеу уақыт талабы болып отыр. Бұл орайда бірқатар
жұмыстар атқарылуда.

– Сондай-ақ, Елбасы Жолдауында техникалық және кәсіптік
білім берудің дуальді технологияға негізделген қазақстандық жүйесін
қалыптастыру тапсырмасына сәйкес техникалық және кәсіптік білім беруге дуальді
оқыту технологиясының элементтерін енгізу мақсатында «техникалық және кәсіптік
білім беруді дамытудың республикалық ғылыми-әдістемелік орталығы» АҚ-мен,
Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасымен бірлесе отырып жұмыстар жасалуда.
И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлы-техникалық колледжі «Агрономия»
мамандығы бойынша ҚР Білім және ғылым министрлігінің бұйрығымен сынақ алаңы
ретінде екі жылдан бері жұмыс жасап келеді. 8 колледжде 17 мамандық бойынша оқу
процесінде дуальді оқыту жүйесінің элементтерін енгізу бағытында әріптестік
туралы облыстық білім басқармасы, Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасы, оқу
орын мен әлеуметтік әріптес кәсіпорын арасында төрт жақты келісім-шарттар
жасалынып, жұмыстар атқарылуда, – дейді Наурызбай Байқадамов. Сонымен бірге
басқарма басшысы алдағы 2015 жылы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына және
тау-кен металлургия кластеріне қажетті бірнеше жаңа мамандықтар ашу жоспарланып
отырғанын жеткізді.

Кеңесте, сондай-ақ, облыстағы кәсіпкерлік саласының
дамуындағы жастардың алар орны мен олардың кәсіпкерлікпен айналысудағы
перспективасы және проблемасы туралы облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік
бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Аманжол Алдажаровтың, облыстық
жастар саясаты жөніндегі басқарма басшысының міндетін атқарушы Гүлмира
Нұрбаеваның және өңірлік кәсіпкерлер палатасының «кәсіптік білім мен бизнестің
интеграциясы» техникалық және кәсіптік білім беруге дуальді оқыту жүйесі
технологиясының элементтерін және білім беру ұйымдарына корпоративті басқару
жүйесін енгізудегі кәсіпорындардың ықпалдастығы туралы Қызылорда облыстық
кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Арман Бимағанбетовтің
хабарламалары тыңдалды.

Айнұр
БАТТАЛОВА.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз