КҮЗДЕГІ КҮРІШ ҮШІН

47

0

КҮЗДЕГІ КҮРІШ ҮШІН

жеті шаруашылық
қаржыландырылды

«Көктемнің бір күні – жылға азық” деп атам қазақ айтқандай, сырдариялық егінші-механизаторлары көктемгі егіс жұмыстарына бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара жүріп еңбек етіп, уақытысында дәндерді сеуіп те болды. Биылғы жылы аудан бойынша 31728 гектар алқапқа егіс егу межеленсе, бұл жоба артығымен орындалған. Егер нақтылай айтар болсақ, 19723 гектар жерге дәнді дақылдар, 9652 гектар мал азығындық және картоп, көкөніс, бақша дақылдары 2960 гектар жерге орналастырылса, 3287 гектар жерге мақсары дәні себілген. Өткен жылмен салыстырғанда күріш көлемі 2087 гектар жерге ұлғайып, 20007 гектар алқапқа Сыр маржаны себіліп, толық суға бастырылды.

Ауданның ауыл шаруашылығы құрылымдарына көктемгі егіске қажетті тыңайтқыштардың көлемі 10761 тоннаны құраған. Тыңайтқыштарды егістікке себу жұмыстары да жоспарлы жүргізілуде екен.

– Егін егу жұмыстарын ұйымдастыруда, – дейді аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Н.Нұғыман, – ауа райының қолайсыздығына байланысты «Ы.Жақаев атындағы қазақ күріш шаруашылығы ҒЗИ” ЖШС тарапынан дайындалған көктемгі дала жұмыстарын өткізудің оңтайлы себу кестесі басшылыққа алынды. Соның нәтижесінде ауыл шаруашылығы дақылдарының әрбір түрі бойынша оңтайлы себу мерзімдері белгіленіп, көктемгі дала жұмыстарын дер кезінде аяқтадық. Айта кетейін, «Байқоңыр” әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы да ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші біздерге үлкен көмек көрсетуде.

Тағы бір айта кететін жағымды жаңалық, биылғы жылы шаруашылықтарды күріш сатып алу жолымен қаржыландырудың тәртібі бекітілген. Жеті ауыл шаруашылығы құрылымдары 6670тонна Сыр маржанын күзде «Агро Холдинг Байқоңыр” ЖШС-на өткізуге келісім-шартқа отырып, осы шаруашылықтарға248,4 млн. теңге қаржы аударылған.

Мұның бір тиімділігі, енді шаруашылықтар әркімге қол жайып, қарыз сұрамайды. Бұрын күзге дейін қарызға белшесінен бататын олар енді алаңсыз күрішін күтіп, мол өнім алуға ұмтылатын болады.

 

Еркін АҚҚАЛИҰЛЫ.

Сырдария ауданы.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз