ӘЛЕУМЕТТІК ЖОБАЛАРҒА СЕРПІН БЕРІЛЕДІ

43

0

Облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен
өткен облыс әкімдігінің мәжілісінде өңірдің 8 айдағы әлеуметтік-экономикалық
даму көрсеткіштері талқыға түсті. Облыстық экономика және бюджетті жос­парлау
басқармасының басшысы Сәуле Құлымбетова бірқатар макроэкономикалық
көрсеткіштердің өсімі туралы баяндады.

Мәселен, алдағы уақытта
ауыл шаруашылығындағы өнім көлемі өседі деген болжам бар. Көктемде 161 мың
гектардан астам жерге ауылшаруашылық дақылдары егілгені белгілі. Оның 81 мың
гектарынан астамына негізгі дақыл – күріш орналастырылған. Былтырғымен
салыстырғанда, егіс көлемі едәуір ұлғайды. Оған қоса, күрішшілерге субсидия
жағынан көмек көрсетіліп отыр.

Мал шаруашылығындағы ірі
қара мен уақ мал басының артуы байқалады. Сегіз айда 19 тоннаға жуық ет, 50 мың
тоннадан астам сүт өндірілген. «Бай­қоңыр» ӘКК-мен бірлесіп әлеу­меттік маңызы
бар азық-түліктің бағасын тұрақтандыру үшін үл­кен жұмыстар атқарылуда. Аймақ­та
тауарларының бағасы базарда­ғыдан төмен
әлеуметтік сауда қатарларын ұйымдастыру қолға алынған. Ірі тауар
тасымалдаушылар бағаны өсірмеу тұрғысындағы меморандумдарға қол қоюда.

Қазір халықты бірінші
кезектегі қажетті тауарлар бағасының өсуі алаңдатып отыр. Дегенмен, облыс­та
күріш, бірінші сұрыпты ұн, өсімдік майы, сүт өнімдерінің баға­сы республикалық
орташа бағамен салыстырғанда біршама төмен.

Жаңа нысандардың ашылуы 7
мыңнан астам жаңа жұмыс орнының құрылуына негіз болады. Бұл жұмыссыздық
көрсеткішін төмендетуге ықпал етеді.

Өңірде тұрғын үй құрылы­сының
қарқыны өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 13 пайызға артқан. Негізгі
капиталға салынған инвестиция көлемі төмендеп отыр. Бұл «Бейнеу-Бозой-Шымкент»
магистральды газ құбырының, «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автожолының аяқталуымен
байланысты.

Қалыптасқан жағдай облыс
экономикасын әртараптандыруды, өңдеу өнеркәсібін дамытуды, инвестициялық
жобаларды іске асыруды жеделдетуді талап етеді.

Бүгінде республикалық
және облыстық бюджеттер есебінен 40 білім, 20 медицина, 11 мәдениет, 5 спорт
нысандары салынуда. Оған қоса, «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы да құрылыс
қарқынына үлес қосып отыр. Сырдария өзеніндегі көпір мен Қорқыт ата әуежайының
терминалы сияқты ірі нысандар инвестиция мен құрылыс саласындағы
көрсеткіштердің оңалуына септігін тигізері анық.

Облыс бюджеті
толықтырулар есебінен 213 млрд. теңгеге жетті. Бұрынғысынша бюджеттің әлеу­меттік
басым сипаты сақталуда. Біздің өңір салық түсімдері мен басқа да міндетті
төлемдер бойынша алдыңғы қатардан көрінуде.

Хабарлама барысында
аудандардағы шағын және орта бизнес субъектілерінің белсенділігін арттыру
мәселесі айтылды. Аграрлық саланың әлеуетін көтеру, өндіріс көлемін ұлғайту,
жаңа кәсіпорындар ашуда ұйымдастырушылық жұмыстарын еселей түсу керек.

Мәжілісте сөз алған
облыстық қаржы басқармасының басшысы Талғат Жақыпбаев облыс бюджетінің кірісі
өткен жылдың 8 айымен салыстырғанда 2,5 есеге артқанын, бұл бірқатар әлеуметтік жобаларды іске
асыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Басқосуда күн тәртібіне
қойыл­ған барлық мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылданды.

Гүлжазира
ЖАЛҒАСОВА.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз