ҰЛТАРАЛЫҚ КЕЛІСІМ – ӨРКЕНДІ ӨРІСІМ

43

0

Облысымызға ҚР Президентінің
жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының зерттеу орталығының жетекші ғылыми
қызметкері, әлеуметтану ғылымдарының кандидаты Талғат Жақиянов келіп,
Т.Жүргенов атындағы шығармашылық үйінің коммуникациялар орталығында
семинар-тренинг өткізді. Ғалым еліміздегі этноәлеуметтік және этноконфессиялық
қатынастарды ғылыми тұрғыда талдап берді.

Қазақстан
Конституциясының кіріспесі «Біз Қазақстан халқы…» деп бастала отырып, ұлтына,
тіліне, дініне және басқа да белгілеріне қарамастан, барлық азаматтардың тең
құқылығын бекітіп, ел бірлігі идеясын орнықтырды. Осы ретте, ғалым посткеңестік
елдер ішіндегі бірегей ұйым Қазақстан халқы ассамблеясының қоғамдағы татулық
пен ынтымақтастықты сақтаудағы рөліне баса назар аударды. Мемлекеттік
этносаясатты жүзеге асырудың басты буыны болып табылатын Ассамблеяның басты
мақсаты – Қазақстан халқының бірлігін қамтамасыз ету, азаматтардың
мемлекеттік-азаматтық сәйкестігін қалыптастыру. Сол себепті аталмыш құрылым тек
этностардың мүддесін ғана емес, ең алдымен, халықтың мүддесін біртұтастықта
таныстырады.

«Қазақстандық
ассамблеяның артықшылығы – оның құрамында қазақтардың да болуы (мәселен, Қырғыз
ассамблеясы құрамында қырғыздар жоқ). Мұндай шешім ел бірлігін нығайтуға, ең
алдымен, қазақтардың мүдделі болуы керектігін түсіндіреді. Сондай-ақ, ел
бірлігін қамтамасыз ету үшін Ассамблея аясында, бірінші кезекте, қазақтың
өзінің бірлігін қамтамасыз ету міндеті де айқындалады», – дейді Талғат
Жақиянов.

2007
жылы Ассамблея заң шығару ісіне қатысу мүмкіндігіне ие болып, конституциялық
негізін жетілдірді. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісіне ҚХА атынан 9
депутат сайланып, өкілдікті органда халық мүддесін біртұтастықта таныстыруға
жол ашылды. Осылайша, ортақ мақсат жолында ынтымақтастырудың жалпыхалықтық
платформасы қалыптасты. Содан болар, ҚХА-ның жұмыс үлгісіне шетелдіктер
қызығушылық танытып отыр.


Мысалы, Ассамблеяның жұмыс тәжірибесін Қырғызстан және еуропалық елдер
егжей-тегжейлі зерделеп жатыр. Осындай институтты Ұлыбритания да құруды
ойластыруда, – дейді Т.Жақиянов.

Сонымен
қатар, ол жүзге жуық ұлт өкілі тұратын өңіріміздің ерекшеліктері туралы сөз
қозғады. Оның айтуынша, қызылордалықтардың пікірі, көзқарасы, мақсаты ортақ, ол
– Қазақстан халқының бірлігі, амандығы және Елбасы саясатының баяндылығы.

Басқосуда
сөз алған өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы Ашур Хамидов әр ұлттың қазақ
жеріне тағдырдың айдауымен келгенін айтты.Сондықтан, жылы шыраймен қарсы алған қазақтардың атақонысы бүгінде өзге
ұлттар мен ұлыстардың ортақ отанына айналғанын жеткізді.

Иә,
еліміз Батыс пен Шығыс өркениетінің аралығында орналасса да, мәдени-тарихи даму
барысында олардың ықпалында қалмай, ұлттық болмысты һәм ұлтаралық
толеранттылықты жаңғыртқан қазақстандық жол бәсекеге қабілетті екенін көрсетті.

Дәурен
СЕЙІТЖАНҰЛЫ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз