МЕМЛЕКЕТТІК МЕНШІК РЕФОРМАЛАРЫ

39

0

Еліміз егемендігін алғаннан кейін Қазақстан Республикасы Президентінің бастамасымен бірқатар экономикалық реформалар жүзеге асырылды. Сол елімізді реформалау бағытындағы бірден-бір негізгі кезеңдердің бірі мемлекеттік меншікті жекешелендіру және мемлекет иелігінен алу бағдарламасы болды.   
Мемлекеттік меншікті мемлекет иелігінен алу қажеттілігі жайлы кеңестік қоғамның қайта құру және демократияландыру кезіндегі 90-шы жылдары, Қазақстанның КСРО-ның құрамдық бөлігі болып тұрған жылдары-ақ туындаған болатын. Осы кезде халық шаруашылығындағы жағдай өте ауыр кезеңінде болды. Өндіріс көлемі төмендеп, шаруашылық байланыстары үзіліп, тұтынушылар нарығы босап қалды. Халықтың өмірі қиындап, бюджет тапшылығы өсе бастады. Қалыптасқан жағдайды түзеп нарықтық экономиканы жедел құру үшін қажырлы және тиімді шаралар жүргізу қажет болды.
Осы жағдайларда Қазақстан егеменді мемлекет жөнінде Декларация қабылдап, ал 1991 жылы 16 желтоқсанда – «Қазақстан Республикасы тәуелсіз мемлекет туралы» Конституциялық Заңы қабылданды. Біздің еліміз егеменді, тәуелсіз мемлекет болып, өз еркімен кең ауқымды экономикалық, саяси-әлеуметтік реформаларды жүргізе бастады. 
Дәл осы 1991 жылы «Мемлекет иелігінен алу және жекешелендіру туралы» Заңы қабылданды. Мемлекет иелігінен алу және мемлекеттік мүлікті жекешелендірудің бұл бағдарламасы елімізде өткізілген экономикалық өзгерістер мен реформалардың базисі, мемлекеттік меншікті реформалау процесінің басты ұйымдық құрылымы болды. 
Еліміз егемендік алғаннан кейін мемлекеттік меншікті қалыптастыру және экономиканы басқарудың орталықтандырылған жоспарлы экономикадан нарықтық экономикаға өту қажеттілігі туды. 
Осыған байланысты өтпелі кезеңдегі реформалардың басты буыны, мемлекеттік меншікті ауқымды реформалауды жүргізу, экономикамыздың нарық арналарына көшудің іргетасын қалаушы ретінде Қазақстан Республикасы Президентінің 1991 жылғы 22 сәуірдегі Жарлығымен ұйымдастырылған жаңа экономикалық құрылым Мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі мемлекеттік комитеті құрылды. Соған сәйкес Қызылорда облысы атқару комитетінің 1991 жылғы 27 мамырдағы қаулысымен Мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі облыстық комитеті құрылды. 
Бастапқы кезеңде облыстық комитеттің басты міндеті облыс аумағындағы барлық мемлекеттік кәсіпорындардың, мекемелердің, ұйымдардың тізімін жасап, олардың Одаққа бағынышты құрылымдарын республикаға аударып, барлық меншік Қазақстанның мемлекеттік меншігі болып бөлінді. 
Сол кезеңде Мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі мемлекеттік комитеттің 1991 жылғы қаулысымен Қызылорда облысында Қызылорда аумақтық мемлекеттік мүлік жөніндегі комитеті құрылды. Республика Президентінің Жарлығымен «Мемлекет иелігінен алу және жекешелендіру туралы» Заңы шығып, соған сай бағдарлама қабылданды. 
Негізінен мемлекет иелігінен алу мен жекешелендіру жұмысы 1991 жылдан осы уақытқа дейін біздің республикамызда жүріп жатыр. Ол бірнеше кезеңнен тұрды. 
Бірінші сатыда (1991-1992 жж.) мемлекеттік кәсіпорындарды, дүкендерді, тұрмыстық қызмет пен қоғамдық тамақтандыру орындарын ұжымдық меншікке беру артықшылықтары қолданды. Осылайша жекешелендіру ұжымның, мемлекеттік органның не сатушының бастамасымен жүзеге асырылды. Сол жылдары барлығы 91 ұжымдық меншіктегі кәсіпорын құрылды. Сонымен бірге, алғаш рет ашық коммерциялық конкурстар мен аукциондар өткізіле бастады. 
Сондай-ақ жекешелендірудің осы кезеңінде мемлекеттік меншікті жекешелендірудің купондық механизмі туралы Ереже енгізіліп, Қазақстан Республикасында тұрып жатқан әрбір азаматқа еңбек стажына (1 жылға – 400 купон) байланысты жекешелендіру тұрғын үй купоны есептелді. Нақты мәліметтер бойынша облыс тұрғындарына 2622 млн. дана купон есептелген.
Екінші кезеңнің (1993-1995 жж.), мемлекетіміздің сол кездегі мақсаты тұрғындарға пәтерлерінің меншік иесі болуына мүмкіндік беру, тұрғын үй нарығын қалыптастыру болды.  Ол негізінен орындалды деп тұжырымдауға болады. 
Мемлекет иелігінен алу және жекешелендірудің 1993-1995 жылдарға арналған ұлттық бағдарламасы жоспарлы экономикадан нарықтық экономикаға толық өтуге қажетті жағдай туғызатын құжат деп саналды. Жаңадан қабылданған бағдарлама шағын және жаппай жекешелендіру жолдары, ауыл шаруашылық кешендерін жекешелендіруі мен жеке жобалар бойынша жекешелендіру болып бөлінді. 
Сол жылдары басталған «шағын» жекешелендіру аясында сауда, қоғамдық тамақтандыру, тұрмыстық қызмет, коммуналдық шаруашылық объектілері, дәріханалар, май құю стансалары, құрылысы бітпеген нысандар, автокөліктер жекешелендірілді. 
Жекешелендірудің екінші сатысында мемлекеттік тұрғын үй емес қорындағы жайларды мүліктік жалға беру жөнінде ауқымды жұмыс басталды. Ол бойынша мемлекеттік кәсіпорындардың, мекемелердің қарамағында пайдаланбай тұрған жайларды жеке және заңды тұлғаларға, кәсіпкерлерге жалға беру арқылы бюджетке ақшалай қаражат түсірілді. Сол жылдары жылына 8 мың шаршы метрге дейін жайлар жалға беріліп, бюджетке қомақты қаржы түсіп отырды. 
Ал 1996 жылы мемлекет меншігін жекешелендірудің ерекшеліктерін реттейтін «Жекешелендіру туралы» Заң қабылданды.
Жекешелендірудің келесі процестері 1996-1998 жылдарда жүргізілді. Бұл кезеңде экономикадағы жеке сектордың басымдығын айқындау мақсаты қойылды. Республика Президентінің Жарлығымен мемлекеттік мүлік жөніндегі комитет дербес екі сала – Мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі және Жекешелендіру жөніндегі мемлекеттік комитеттер болып екіге бөлінді. 
Соған байланысты акционерленген мемлекеттік кәсіпорындардың әлеуметтік саладағы нысандары жергілікті атқару органдарына беріліп, олар әрі қарай сенімді басқаруға, жалға беріліп, жекешелендірілді. Қайта құрылымдау мен жекешелендірудің секторлық бағдарламасының шеңберінде экономикадағы электроэнергия, мұнай мен газ, телекомуникация, көлік, денсаулық сақтау, білім беру, ғылым мен мәдениет салаларындағы нысандар жекешелендіруге және қайта құрылымдау процесіне тартылды. Негізінде жекешелендіру процесіндегі 1996-1998 жылдардағы атқарылған жұмыстардың көрсеткіші, оның ен табысты болғанын көрсетіп отыр.
2000 жылдан бастап біздің облысымызда мемлекеттік меншік республикалық және коммуналдық меншік болып бөлінді. Коммуналдық меншікті басқару жөніндегі функциялар жаңадан құрылған облыстық коммуналдық меншік және жекешелендіру басқармасына өтті. 
ҚР Үкіметі 2001 жылы жаңа кезеңге арналған «Қазақстан Республикасында мемлекеттік мүлікті басқару мен жекешелендірудің тұжырымдамасын» бекітті. Осыған байланысты мемлекеттік мүлікті басқарудың тиімділігін арттыру және жекешелендіру бағдарламалары қабылданды. 
2008 жылдың шілде айында Қызылорда аумақтық мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті «Оңтүстік» өңіраралық мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің құрамында «Оңтүстік» өңіраралық мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің Қызылорда облысы бойынша филиалы болып қайта құрылды. 
Қазіргі уақытта Қызылорда облысында 109 республикалық мемлекеттік меншіктегі субъекті бар. Соның ішінде республикалық мемлекеттік кәсіпорындар – 33, республикалық мемлекеттік мекемелер – 72, мемлекеттік үлесі бар заңды тұлғалар – 4-еу.
Жалпы еліміз егемендігін  алған өткен 22 жыл ішінде жекешелендіру мен мемлекет иелігінен алу процестері іске асырылып, ол өзінің жемістерін берді. Біздің облысымызда да көп кәсіпкерлерге шағын бизнесті дамыту үшін  қолайлы жағдайлар жасалды. Шағын және орта бизнесті қолдау бағдарламасын іске асыру мақсатында өндірістік қызметті ұйымдастыру шартымен бірқатар бизнес құрылымдарына жылжымайтың нысандарды сенімгерлік басқаруға немесе жалдауға берілді, болмаса жекеменшікке сатылды. Қазіргі уақытта солардың көпшілігі өз өндірістерін тауып табысты жұмыс істеуде. 
2011 жылдың наурыз айында Елбасы «Мемлекеттік мүлік туралы» Заңға қол қойды. Осы қабылданған заң мемлекеттік активтерді басқару саласына негізгі бағыттар беріп, маңызды механизмдерді белгілеп,  мемлекеттік мүлікті басқарудың тиімділігін арттыруды қамтамасыз етуді және қазіргі әлемде Қазақстанның бәсекеде қабілеттілігін арттыруға жаңа  серпін береді.   
Вера ТИН,
Қызылорда мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің ардагері.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз