МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ САПАСЫ ҚАНДАЙ?

131

0

Қазақстан Республикасы Мемле­кеттік
қызмет және сыбайлас жемқор­лыққа қарсы іс-қимыл агент­тігінің облыс бойынша
департа­мен­ті жанындағы қоғамдық кеңестің кезекті отырысында төрт мәселе
қаралды.

Оның алғашқысы – аймақ бойынша
жергілікті атқарушы органдар тарапынан көрсетілген мемлекеттік қызметтерге
тұрғындардың көзқарас­тарын анықтау мақсатында жүргізілген әлеуметтік сауалнама
қорытындысы болатын. Бұл турасында хабарлама жасаған облыстық ішкі саясат
басқармасы басшысының орынбасары Айдын Қайруллаев қоғамдық-саяси ахуалды
анықтауда, электораттың көңіл күйін болжауда сараптау-талдау жұмыстары қажет
екендігін жеткізді. Оның айтуынша, бес сұрақ бойынша жүргізілген сауалнаманың «Облыстың
экономикалық, әлеуметтік және басқа салалардағы дамуында мемлекеттік
қызметкерлердің үлесі қандай?” деген сауалға респонденттердің тең жартысы
айтарлықтай емес десе, отыз пайыздайы мемлекеттік қызметкерлерге байланысты деп
көрсеткен. Ал керісінше дамуға кедергі келтіруде деген респонденттер көрсеткіші
5,9 пайызға тең.

Мемлекеттік қызметтің сапасын анықтауда
«Жергілікті атқарушы органдар тарапынан көрсетіліп жатқан мемлекеттік қызметтің
тиімділігін қалай бағалайсыз?” деген сауалға жауап бергендердің жартысы орташа,
26,2 пайызы жоғары, он пайыздайы төмен баға берген. Сырдария және Арал
аудандары тұрғындарының көңілдері толмаған. Оған мемлекеттік қызметкерлердің
немқұрайлы қарым-қатынасы себеп болуы мүмкін.

Сауалнамаға зер салсақ, тұрғындар­дың
негізгі бөлігі мемлекеттік қызметтің жеке куәлік алу немесе ауыс­­­тыру,
жылжымайтын мүлікті тіркеу, азаматтық жағдайды тіркеу секілді түрлеріне
жүгінгендігін көрсеткен. Ал енді «Көрсетілген мемлекеттік қызметке
қанағаттандыңыз ба?» деген сауалға респонденттердің 35,8 пайызы қанағаттандым
десе, 8,3 пайызы мүлде қанағаттанған жоқпын деп жауап берген. Осы мүлде
қанағаттанған жоқпын деген жауапты сырдариялық тұрғындардың он төрт пайызы
белгілеген.

Жалпы мемлекеттік қызметтердің сапасын
жеке-жеке бағалау көрсеткіш­те­ріне тоқталсақ, облыс көлемінде жұмыспен қамту
орталығы (43,5%), ден­саулық сақтау саласы (38,1%), сот­тар (26,3%), жол
полициясы (26%) халықтың көңілінен шықпай отыр­ғандығы анықталған. Басты себеп
немқұрайлылық, мәселені нақты шеш­пеу, басқа органдарға сілтеу деп көрсеткен.

«Облыстық тұтынушылардың құ­қы­­ғын
қорғау қоғамы” қоғамдық бір­лес­­тігінің төрағасы Серік Теңізбаев қо­ғам­дық
ұйымдарда көрсетілетін мем­лекеттік қызметтерге жүргізілген мониторинг
нәтижесін хабарлады. Серік Мұстафаұлының айтуынша, тамыз айында жаңа туған
сәбиге және оны күтімге алуға жәрдемақы тағайындау мәселесіне байланысты
халыққа қызмет көрсету орталығына 359 тұрғын хабарласса, оның сексен сегізінің
өтініші кері қайтарылған. Мемлекеттік қызметтің бұл түрінің стандартына сәйкес
өтінішті қабылдау және оның тиісті қорытындысын беру қалалық жәрдемақы төлеу
орталығының құзы­рын­да болса, жәрдемақы тағайындау жөнінде бірінші рет
хабарласқандарға халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы жүзеге асырылады.

Азаматтардың тұрғылықты жері бойынша
тіркелу мәселесінде қызмет көрсету стандарты сақтала бермейтін көрінеді.
Айталық, тамыз айында электронды кезекке тұрған 228 жеке тұлғаның 15-45 минут
аралығында он жетісіне ғана қызмет көрсетілсе, қалғандарына уақыты сақталмаған.
Мұндай уақыт сақталмау жағдайы қыркүйек, қазан айларында да қайталанған. Осыған
сәйкес орталық «жасырын тұтынушы” әдісін қолданған. Мысалы, сотталмағаны туралы
анықтама алуға он минут кететін болса, қосымша тексерулер үшін үш жұмыс күні
қажет екен. 29 қарашада 9 сағат 20 минутта «Жасырын тұтынушыға” хабарлаушы
электронды үкімет порталынан жауапты көрсетілген 30-40 минут ішінде емес,
керісінше түнгі 22 сағат 40 минутта үйінде электронды түрде алған.

Азаматтың тұрғылықты жері бойынша
тіркелгені турасында стандартқа сай төрт құжаты болуы тиіс болса, ішкі істер
департаментінің көші-қон басқармасы қызметкерлері мекенжай анықтамасы мен үй
кітапшасын қоса талап етуде. Сондай-ақ стандарт бойынша статистикалық есепке
алу талонын толтыру көрсетілмеген. Алайда, көші-қон полициясы қызметкерлері
сұрақтарға жауап беру үшін әлеуметтік категория, білімі, мамандығы және неке
туралы мәліметін талап етіп келген. Жалпы халыққа қызмет көрсету орталығындағы
мемлекеттік қызмет сапасы жайлы сұрақ­қа жауап берген 27 респонденттің жиырма
екісі жақсы, бесеуі орташа баға берген.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері жә­не
сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыс бойынша де­пар­таментінің
тәртіптік-әкімшілік тә­жі­­рибе және мемлекеттік көрсетілетін қызметтер
бөлімінің консультанты Нұр­бек Қаласовтың хабарламасында айтылғанындай, 2014
жылы мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы заңнама талаптарының сақталуына
32 жос­пардан тыс, сондай-ақ жеке кәсіпкер И.Иблаевтың 11 маусымдағы арызында
көрсетілген мәселе, Р.Жүгінісовтің арызы бойынша тексерулер жүргізілген.

Агенттіктің тапсырмасына сәйкес
тексерулер жобалау қызметіне лицензия беру, қайта ресімдеу, лицензияның
төлнұсқаларын беру, сәулет-жоспарлау тапсырмаларын беру, облыстық және аудандық
маңызы бар жалпы пайдаланымдағы, сондай-ақ елді мекендердегі автомобиль жолдарының
жолақ бөлігінде сыртқы (көрнекі) жарнама орналастыруға рұқсат беру, тауарларды
кедендік тазалау және шығару, жер учаскелерін қалыптастыру жөніндегі жерге
орналастыру жобаларын бекіту, жер учаскелерінің нысаналы мақсатын өзгертуге
шешім беру, «Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы шеңберінде сыйақы
ставкаларын субвенциялауды беру бойынша мемлекеттік қызметтерді көрсететін
мемлекеттік органдарда жүргізілген. Тексерулер нәтижесінде анықталған заң
бұзушылықтар департамент жанындағы қоғамдық кеңестің 28 сәуір, 17 шілде және 21
қазандағы отырыстарында қаралып, хаттамалық шешімдер қабылданған. Ол шешімдер
мемлекеттік органдарға, Қызылорда қаласы мен аудан әкімдеріне жолданып, орын
алған заң бұзушылықтарға кінәлі тұлғалардың жауаптылығын шешу, басқа мемлекеттік
органдардағы кемшіліктерге талдау жүр­гізіп, болашақта болдырмауға ба­ғыт­­­талған
шараларды ұйымдастыру, стандарт пен регламент талаптарын қатаң сақтау,
мемлекеттік көрсетілетін қызметтермен айналысатын адамдардың жауапкершіліктерін
көтеруге бағыт­талған шараларды қабылдау жөнінде ұсыныстар енгізілген.

Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер
туралы заңнама талаптарының бұзы­луы­на жол бергені үшін облыстық
сәулет-құрылыс бақылау және лицензиялау департаментінің бөлім басшысы
М.Мырзабеков, Арал аудандық сәулет және қала құрылысы бөлімінің бас маманы
О.Өтегенов, Қазалы аудандық сәулет және қала құрылысы бөлімінің жетекші маманы
Р.Жаңабайға ескерту берілсе, Жаңақорған ауданы бойынша есеп беру кезінде
кемшіліктерге жол берген аудан әкімі аппаратының маманы М.Қалкөзовке алдағы
уақытта кемшіліктерді болдырмау туралы ескертілген.

Қалалық жер қатынастары бөлімінің
бұрынғы басшысы Е.Жұмаханов пен жеке кәсіпкер И.Иблаевтың өтінішін қараумен
айналысқан маман А.Сейілов қызметтерінен босауларына байланыс­ты олардың
тәртіптік жауапкершілігін қарау мүмкін болмаса, Р.Жүгінісовтің 11.07.2014 жылғы
арызына сәйкес тексеру де Қызылорда қалалық жер қатынастары бөлімінде
жүргізіліп, бас маман М.Сәдуақасов үкіметтік 16.04.2014 жылғы қаулысымен
бекітілген «Жер учаскелерін қалыптастыру жөніндегі жерге орналастыру жобаларын
бекіту” мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартының талаптары бұзылғанын
анықтаған. Сөйтіп, оны жою жөнінде ұсыныс енгізілген. Ұсыныс нәтижесімен
М.Сәдуақасовқа сөгіс берілсе, Р.Жүгінісов өкілдік еткен «Қуат” ЖШС-ның жер
учаскесіне байланысты бұзылған құқықтарын қалпына келтіру мақсатында атқарылған
жұмыстар туралы бөлім басшысы М.Дүйсебаев арнайы жауап хат жолдапты. Оны
қоғамдық кеңестің 21 қазандағы отырысындағы өз есебінде баяндаған.

Бақтыбай БЕРДІБАЕВ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз