МЕМОРАНДУМ ҚАБЫЛДАНДЫ

34

0

Облыстық кәсіпкерлер палатасында өткен басқосуда облыстық қаржы полициясы мен аталмыш палата арасында ынтымақтастық жөнінде меморандум қабылданды.
Меморандумның мақсаты – бірлескен шараларды іске асыру, бизнестің дамуына кедергі болатын жүйелі мәселелерді анықтау және оларды шешудің кешенді шараларын әзірлеу, кәсіпкерлік субъектілердің қызметін заңсыз тексерулерге жол бермеу, сондай-ақ тараптар арасында тұрақты ақпарат алмасу.
Кәсіпкерлікті қорғау және қолдау – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың биылғы Жолдауында айтылғандай, маңызды бағыттарының бірі саналады. Осыған орай, шағын және орта кәсіпкерлік нысандарына қолдау көрсету шаралары қабылдануда.  Қаржы полициясы органдары кәсіпкерлермен бірлесе отырып, қолжетімділік пен ашықтық жүйесін қалыптастыруда. Соның дәлеліндей, департамент жанынан құрамында кәсіпкерлер және қоғамдық ұйымдар өкілдері бар сыбайлас жемқорлыққа және «көлеңкелі экономикаға» қарсы күрес мәселелері жөніндегі қоғамдық кеңес құрылып, бизнес мүддесін қорғауда тұрған кәсіпкерлік қауымдастықтары және қоғамдық ұйымдармен бірқатар уағдаластықтарға қол жеткізілген.
Шара барысында облыс бойынша экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің бастығы, қаржы полициясының полковнигі Мақсат Қожабаев пен облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Дінмұхамед Әбсаттаров өзара ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойды. Сондай-ақ кәсіпкерлерді толғандырып жүрген сан сауалдарға тұшымды жауап берді.
Бақтыбай БЕРДІБАЕВ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз