МЕТАДОН – ЕСІРТКІГЕ ТӘУЕЛДІЛІКТІ АЗАЙТАДЫ

37

0

Облыстық наркология орталығында Республикалық психиатрия, психотерапия
және наркология ғылыми-практикалық орталығының директоры Сағат Алтынбековтың
қатысуымен кездесу болып өтті. Қолдаушы алмастыру терапия бағдарламасын сөз
еткен өткен басқосуда есірткінің орнын
ауыстыратын метадон препаратын облыста қолданысқа енгізу мәселесі
талқыланды.

2005 жылы ҚР
Денсаулық сақтау министрлігі «Орнын басу терапиясын енгізу туралы» бұйрыққа қол
қойған болатын. Мұның негізінде
метадонды терапияны пайдалануды пилоттық жоба бойынша жүзеге асыру қолға алына бастады. СПИД-ке қарсы күрес Ғаламдық
қорының қаржылық қолдауымен пилоттық жоба ретінде бұл алдымен Теміртау мен
Павлодар қалаларында жүзеге асты. Себебі, аталмыш қалалардағы нашақорлардың
арасында СПИД-ті жұқтырғандардың қатары көп болғандықтан осы қалалар таңдалса
керек. Қазір республиканың 10 аймағында осы жоба жүргізіліп жатқан көрінеді.

Негізінен әлем
бойынша апиынды 13,5 млн. адамның пайдаланатыны дәлелденген. Бұл жер шары
тұрғындарының 0,2 пайызын құрайды. Ал, елімізде 25 мың адам есірткіге
тәуелділіктен арылмай отыр. Оның ішінде Қызылорда облысы бойынша диспансерлік
есепте 1540 адам тіркелген. Олардың 294-апиынқұмарлар, 903-гашишқұмарлар,
343-полинаркомандар болса, инъекциялық есірткілерді тұтынушылардың саны 382-ні
құрауда. Осыған орай, бүгінде аймақтағы нашақорлықты азайтудың әдісі ретінде
осы метадонды терапия ұсынылуда. Метадон – құрылымы мен қасиеті жағынан
апиынның жасанды өнімі. Яғни, мамандардың айтуынша, бұл өнім нашақорлардың
арасында ине арқылы жұғатын аурулардың таралуына тосқауыл қойып, науқастардың
әлеуметтік бейімделуіне жағдай жасайды. Сондай-ақ, олардың өмір сапасын
жақсартып, көзқарастарының дұрысталуына, жариялы емес есірткілік заттарды
тұтынудың жиілігі мен реттілігін төмендетуіне септігін тигізеді. Егер бұл жоба
өңірімізде іске асырылатын болса, облыстық наркологиялық орталық базасында метадонды тарату пункті ашылып,
онда есепте тұрған азаматтар үшін арнайы психиатр-нарколог, психолог-психо­тера­певт,
әлеуметтік қызмет­кер мен мейірбике жұмыс жасайтын болады. Дегенмен, қазіргі
таңда дүниежүзі бойынша қолданысқа енгізілген метадонды терапия төңірегінде
даулы түрлі пікірлер айтылуда. Яғни, көпшілік жұрт метадонды пайдалану арқылы
тәуелділіктен арылмаймыз деп есептейді. Жиынға қатысушылар осы мәселені кеңінен
сөз қылды.

«Жоба еліміздің 10
қаласында қолға алынып отыр. Бағдарлама аясында 192 адам емделуде. Олардың арасында жұмысқа тұрып,
отбасын құрғандар бар. Десек те, емдеудің бұл тәсілін халық толық түсінбей
жатыр. Егер мұны қолданатын болсақ, АҚТҚ ауруларының алдын алатын боламыз», –
деді медицина ғылымдарының докторы, профессор С.Алтынбеков.

Айта кету керек, алдағы уақытта аталмыш пилоттық жобаны
«Саламатты Қазақстан» бағдарламасына енгізу көзделуде. Сол уақытта бұл жобаны мемлекет қаржыландыратын
болады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз