МҮГЕДЕКТЕРГЕ ЖАСАЛҒАН МҮМКІНДІК

32

0

Елбасының биылғы жылғы Жолдауында айтылған мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмысқа тарту жөніндегі талаптарын басшылыққа алған «Нұр Отан» партиясы Арал аудандық филиалы мен аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі жыл басынан бері тұрақты біріккен жұмыс жәрмеңкесін өткізіп келеді. Оған жұмыс орындарын ұсынушы бірқатар мекеме басшылары мен жұмыс іздеуші мүмкіндігі шектеулі жандар көптеп қатысуда.
Жұмыс жәрмеңкелерінде «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары А.Жоланов Елбасының мүмкіндігі шектеулі жандарды қоғамдық және тұрақты жұмысқа тарту жөніндегі талаптарын жан-жақты айта келіп, келешекте осы бағытта атқарылар іс бағытын баян етті. 
Соңғы жұмыс жәрмеңкесінде Гүлнар Шалманова кітапханашылыққа, Бимырза Жиенбаев жеке көмекшілікке тұрақты жұмысқа алынса, мұнымен бірге жеті адам қоғамдық жұмысқа тартылды.
– Мен біздерге осындай қамқорлық жасап отырған Елбасыға ризамын және көмек сұрап келгенімде жағдайымды түсініп, жұмыс тауып берген «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалы мен жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшыларына да алғысым шексіз. Қазір кітапханада жұмыс істеп, өзімді қоғамның, ұжымның бір мүшесі ретінде сезінемін. Айлық табысым да жаман емес, бәріне ризамын, – дейді Гүлнар Шалманова ағынан жарылып.
 Жыл басынан бері екі айда аудан бойынша барлығы 27 мүгедек жұмыспен қамтылыпты, соның ішінде олардың 6-ы тұрақты жұмысқа, 17-сі ақылы қоғамдық жұмысқа, біреуі жастар тәжірибесіне, 3-і әлеуметтік жұмысқа жолдама алған.
Арал ауданында мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған бос жұмыс орындарының мұндай біріккен жұмыс жәрмеңкесі алдағы уақытта да белгіленген кесте бойынша өтіп, мүгедек жандарды мүмкіндігінше жұмысқа орналастырудың тиімді жолдары қарастырыла беретін болады.
Ж.ЖАҚЫП.
Арал ауданы.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз