МҰРАҒАТ ҚОРЫНА ЖЕКЕ ҚҰЖАТТАРЫ ҚАБЫЛДАНДЫ

45

0

Облыстың әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси дамуында әйелдер қауымының алар орны айрықша. Нәзікжандыларымыз бүгінде ел тізгінін ұстаған ер азаматтармен қатар билік тізгінінде абыройлы қызмет атқарып келеді. 
Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында облыстық мұрағаттар мен құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен Студенттер сарайында «Сыр бойының қайраткер әйелдері» тақырыбында кездесу өткізілді. Оған облыс әкімінің орынбасары Ақмарал Әлназарова қатысты. Жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу мақсатында ұйымдастырылған шарада А.Әлназарова ең алдымен облыстың барша әйелдер қауымы мен қыз-келіншектерін келе жатқан мерекелерімен құттықтады. 
– Қадірлі апалар, қыз-келіншектер жылына бір рет келетін, өзіміздің асыға күтетін көктем мерекесімен құттықтаймын. Отбастарыңызға амандық, әр шаңыраққа бақ-береке тілеймін. Бүгінде өздеріңіз білесіздер, Елбасы әйелдердің қоғамдағы рөліне, әсіресе, ана мен балаға олардың әлеуметтік жағдайына ерекше қолдау көрсетіп келеді. Облысымызда да соңғы уақытта білім мен денсаулық саласына бөлінетін қаржы артып отыр. Соның арқасында өңірімізде жаңадан мектеп, балабақша, денсаулық сақтау нысандары көптеп салынуда. Республикалық бюджет есебінен бой көтеретін облыстық балалар ауруханасының құрылысы да басталады. Міне, осының барлығы аймақтағы ана мен балаға деген ерекше қамқорлықтың үлгісі деуге болады,–деді облыс әкімінің орынбасары. 
Кездесу барысында өңірдің түрлі саласында жемісті еңбек еткен Д.Ақмағанбетова, Ә.Әбдіхалықова, М.Аңсатованың еңбек жолдары туралы баяндамалар оқылды. Олардың жеке тектік құжаттары мемлекеттік сақтауға мұрағат қорына қабылданды. 
Айсәуле ҚАРАПАЕВА.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз