МӘСЛИХАТ ХАЛЫҚТЫҢ ЕРКІН БІЛДІРЕДІ

49

0

МӘСЛИХАТ ХАЛЫҚТЫҢ ЕРКІН БІЛДІРЕДІМәслихат жұмысының басты міндеттерінің бірі – облыстың әлеуметтік-экономикалық бағдарламаларын, облыстық бюджетті бекіту, облыс көлеміндегі басқа да маңызды мәселелерді сессияда талқылап, қабылдаған  шешімдерді орындау үшін атқарушы органдарға ұсыну және олардың орындалуына тұрақты комиссиялар мен депутаттар тарапынан бақылау жасау болып табылады.
«Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару туралы» 2001 жылғы 23 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының 1-бабында «жергілікті өкілді орган (мәслихат) – сол аумақтың халқы сайлайтын, халықтың еркін білдіретін және Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес оны іске асыру үшін қажетті шараларды белгілейтін және олардың жүзеге асырылуын бақылайтын сайланбалы орган» делінген. Кейіннен аталған заңға бірнеше рет өзгертулер енгізілді, енгізілген өзгертулердің барлығы жергілікті мәслихаттардың мәртебесін көтеруге, қабылданған шешімдердің орындалуына бақылауды күшейтуге, жергілікті өзін-өзі басқаруға араласуға мүмкіндік беріп, Заңның атауы «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы»  болып өзгертілді.
Облыстық, қалалық, аудандық мәслихаттардың Ата заңды, ҚР Президентінің стратегиялық даму бағдарламаларын басшылыққа алып, жұмыс атқарып келе жатқанына биыл 20 жыл толады, осы аталған кезеңде жергілікті мәслихаттар көптеген игілікті істердің ұйымдастырушысы, ұйытқысы болып, облыстың экономикалық, әлеуметтік рухани дамуына сүбелі үлес қосты. Сол 20 жылдың 12 жылын бұрынғы Тереңөзек, қазіргі Сырдария ауданының облыстық мәслихат депутатын сайлау жөніндегі № 12, 13 сайлау округтері тұрғындарының маған жүктеген сенімінің арқасында облыстық мәслихаттың депутаты, облыстық мәслихат депутаттарының дауыс беруі нәтижесінде 2 шақырылым облыстық мәслихаттың хатшысы болып сайланып, әріптестеріммен бірге ауызбіршілікпен, түсіністікпен қызмет атқарғанымды мақтаныш етемін. 
Жалпы мен үшін халық қалаулысы болу бұрынғы кеңестік кезеңнен басталған болатын, ол кезде атқарған қызметімізге қарай әр деңгейдегі кеңес депутаты болып сайланатынбыз. Атқарған қызметтеріме қарай 9 жыл ауылдық кеңестің, 11 жыл аудандық кеңестің, 3 жыл облыстық кеңестің депутаты болып сайланғанмын, облыстық мәслихаттағы 12 жылды қосқанда барлығы 35 жылға жуық депутат болған екенмін. Сондықтан да 1999 жылы облыстық мәслихаттың хатшысы болып сайланғанда депутаттың міндеттері мен парызы маған таныс та түсінікті еді.
1999 жылғы екінші шақырылған жергілікті мәслихаттар сайлауының нәтижесінде бірнеше депутаттыққа кандидаттардың арасынан сайлаушылар сенімін иеленген өмірлік тәжірибелері мол, 29 депутат облыстық мәслихатқа сайланып келді. Сол уақытта біздің алдымызда облыста қабылданған әлеуметтік-экономикалық бағдарламалардың орындалуы, облыстық бюджетті бекіту, облыстық мәслихаттың жоспарына сәйкес ең өзекті, облыс үшін маңызы зор мәселелерді сессияға тиянақты дайындау, нәтижелі өткізу сияқты басты міндеттер тұрды. Сонымен қатар мәслихаттың беделін көтеру, материалдық-техникалық базасын нығайту, аудандық, қалалық мәслихаттар жергілікті мемлекеттік басқару заңында облыстық мәслихатқа тікелей бағынышты болмағанымен, оларға әдістемелік, үйлестіру көмектерін көрсету бағытында да атқарылар жұмыс ауқымды еді. 
Облыстық бюджетті бекіту және бекітілген бюджетке өзгерістер мен толықтырулар енгізу, сессияда бөлінген қаражаттың мақсатты жұмсалуына бақылау жүргізетін тексеру комиссияларының да жұмысы жолға қойылды. Облыстық мәслихаттың тексеру комиссиясының төрайымы болып депутат  Роза Боханова сайланды.
Мәслихаттың тұрақты комиссияларының рөлін көтеру жөнінде біршама жұмыстар атқарылды, сессияда қаралатын мәселелер тұрақты комиссиялар арқылы ұсынылып, дайындалатын дәрежеге жетті. ІІ шақырылымдағы 4 тұрақты комиссияны Қ.Бисенов, С.Имандосов, М.Мұхамедов, Н.Құдайбергенов сияқты ғылым докторлары, білікті басшы депутаттар басқарды. Сессияда қаралатын мәселелерді дайындауға басты назар аудардық, арнайы құрылатын уақытша комиссия құрамына депутаттармен бірге сала басшыларын, білікті мамандарды қосып, барлық қала, аудандарды аралап, тыңдаулар ұйымдастырып, сайлаушылардың ұсыныс-пікірлерін тыңдап, сессияға нақты ұсыныстар жасап, қаралған мәселе бойынша нәтиже шыққанша бақылауға алып отырдық. Осы шақырылымда денсаулық сақтау саласының жайы және оны жақсарту шаралары,  халықты жұмыспен қамту және жұмыссыздыққа қарсы күресті күшейту, халықты ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз етуді жақсарту, қоршаған ортаны қорғау, өнеркәсіпті өркендетудің жолдары туралы мәселелер қаралып, қаншама ұсыныстар өз шешімін тапты. 
ІІІ шақырылған облыстық мәслихаттың жұмысы 2003 жылғы 14 қазандағы 1 сессиядан басталып, мені екінші рет облыстық мәслихаттың хатшысы етіп сайлады. Тексеру комиссиясының төрағасы болып депутат Ж.Шәріпов, 4 тұрақты комиссияның төрағасы болып депутаттар С.Имандосов, Қ.Бисенов, Д.Дәулетбаев, Н.Құдайбергенов сайланды. Екінші шақырылымның 12 депутаты қайта сайланып келді. Әр шақырылымның, әр кезеңнің өз міндеттері бар, бұрынғыға қарағанда облыстың әлеуметтік-экономикалық даму дәрежесі өскен, халықтың тұрмыс жағдайы жақсарған, бюджет түсімі молайған кезең еді. 
Бұл шақырылымда облыс өмірінде өзекті мәселелер болып табылатын ауылды дамыту және қолдаудың алғашқы қорытындылары, елді мекендерді электр қуатымен қамтамасыз ету, «Ана мен бала денсаулығын қорғаудың 2001-2005 жылдарға арналған аймақтық бағдарламасының» орындалу барысы, коммуналдық қызметтің жайы, жер ресурстарын пайдалану және оны жақсарту туралы мәселелер облыстық мәслихаттың сессияларында талқыланып, тиісті шешімдер қабылданды. 
Бюджеттің мақсатты игерілуін бақылауда комиссияның рөлін күшейту үшін түрлі тәжірибе алмасу семинарларын өткізіп қалалық, аудандық мәслихаттарда көшпелі семинарлар ұйымдастырдық. 
ҚР Президентінің жыл сайынғы халыққа Жолдауларында қоғамды демократияландыру, өкілді органдардың өкілеттілігін арттырып, жауапкершілікті күшейту мәселелері жиі көтерілуде. Соның тағы бір мысалы ретінде «Әкімдердің мәслихаттар алдында есеп беруін өткізу туралы» ҚР Президентінің Жарлығына сәйкес Регламентке өзгерістер енгізілгенін айтуға болады. 
Атқарушы және өкілді орган, биліктің өзге де тармақтары заңдылықтарға сәйкес аражігін белгілеп алып, бірлесе іс-қимыл жасаса, алынбайтын қамал болмайды. Мәслихат, оның депутаттары не тындыра алады деген қасаң көзқарасты түбірімен өзгертіп, оның құрметті орын емес, жұмысшы органға айналдырдық, мәслихаттың беделін бұдан да биікке көтеруге бекем бағыт алдық.
2007 жылдың тамыз айынан бастап төртінші шақырылған облыстық мәслихат депутаттарының жұмысы басталды. Бұл шақырылымда мен «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы төрағасының орынбасары болып ауыстым, бірақ облыстық мәслихаттың депутаты ретінде облыстық мәслихат пен оның аппаратымен тығыз байланыста болдым. Төртінші шақырылымның жұмысына талдау жасағанымда менің депутаттық қызметім бұрынғы мәслихат хатшысы болған кезімдегіден гөрі күрделірек, нәтижелі, жемісті болған сияқты көрінеді, әрине, оған баға беретін халық, біздің сайлаушыларымыз. Олай дейтінім, менің «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалындағы қызметімде функционалдық міндеттерімнің бірі «Нұр Отан» партиясы арқылы сайланған облыстық мәслихаттағы депутаттық фракцияның жұмысын ұйымдастыру болатын. Сондықтан фракция жетекшісімен бірге отырыстар қала мен аудандарда партиядан сайланған депутаттардың форумын өткізу, фракция мүшелерінің есебін тыңдау сияқты қат-қабат жұмыстарды атқардық. Төртінші шақырылған облыстық мәслихаттың сессияларында қаралған мәселелер туралы баяндау, оған бөлінген қаражатты, онда қай депутаттың ұсынысы өткенін жазып жеткізу мүмкін емес, соның ішінде 2-3 мәселе жөнінде бөліп айтсам деймін. Соның бірі – 2008 жылғы 28 наурыз күні өткізілген облыстық мәслихаттың кезекті V сессиясында қаралған «Қызылорда облысында білім берудің жайы және оны жақсарту шаралары» туралы арнайы депутаттар, жалпы облыс үшін өте маңызды мәселе болды.  Осы саланың өзекті тұстарын сессияға дайындауға әр округтен сайланған 29 депутат бір кісідей еңбек етті. 
Өзіміз қалыптастырған дәстүр бойынша біз тұрақты комиссияның отырыстарында білім беру саласы бойынша қабылданған шешімнің орындалуын кезең-кезеңімен қарап, бақылауға алып отырдық. Сол кездердегі алғашқы мәлімет бойынша облыста 22 мектеп аппаттық жағдайда болды десек, осы сессияға дайындық барысындағы комиссия зерттеуінің нәтижесінде оның саны 30-дың үстіне шығып кетті. Дәл бүгінгі күні осы сессияға дайындалған құжаттар мен қосымша баяндаманы қайта оқып отырсам, аудандар мен қалада біз бармаған, талдау жасамаған бірде-бір мектеп қалмаған екен, өздерінің негізгі жұмысымен қоса осындай қыруар еңбек жасаған, күндіз-түні талмай ел аралап бізбен бірге жүрген әріптестеріме ризашылығымды білдіремін. Осындай тынымсыз еңбектің, атқарушы биліктің депутаттардың ұсыныстарын түсінікпен қабылдауының, ҚР Президентінің білім беру саласына оң көзқарасының арқасында бүгінгі күні облыста апаттық жағдайдағы мектептердің бәрі жаңадан салынды. Осы шақырылымда келесі бір үлкен дайындықпен қараған мәселеміз санитарлық-эпидемиологиялық, эпизоотиялық жағдай мен оны жақсарту шаралары туралы болды. Бұрын-соңды облыстық мәслихаттың сессиясында бұл тақырып қаралмаған екен, дайындығы да өте күрделі болды. Бұл мәселені дайындауда біздің тұрақты комиссияның мүшесі депутат А.Әлназарованың ерекше еңбек сіңіргенін айта кетуіміз керек. Сессияда тұрақты комиссияның төрағасы ретінде қосымша баяндама жасадым. 3 ай бойы жүйелі зерттеу, зерделеу жұмыстары жүрді, шешілмеген проблемалар өте көп болып шықты. Үлкен ыждағатты дайындықпен шешім қабылданды. Кейін осы мәселе бойынша қабылданған шешімнің орындалуын тұрақты комиссияда бірнеше рет қарадық. 
Екінші, үшінші шақырылған облыстық мәслихат хатшысы, төртінші шақырылымда тұрақты комиссия төрағасы, «Нұр Отан» партиясының облыстық мәслихаттағы депутаттық фракциясы жұмысының үйлестірушісі ретінде мәслихаттың жалпы жұмысына араласумен қоса, мен өзім сайланған округ сайлаушыларының аманатын, қала-аудандарды аралап, сессияларға мәселе дайындауға барғанда айтылған ұсыныстарды орындауды басты міндетім деп санадым. 
Аманаттың үлкені Сырдария өзеніне Тереңөзек тұсынан салынатын көпір болды. Көпірге қаражат республикадан 2012 жылы бөлініп, құрылысы басталды. Бұл көпірді салуға облыс әкімі, ҚР Үкіметі, облыстан сайланған Парламент депутаттары үлкен еңбек етті, оның ішінде Тереңөзектің тумасы, Мәжіліс депутаты Жақып Асановтың еңбегі ерекше болды. 
Облыстық мәслихаттың екінші, үшінші, төртінші шақырылымдағы жұмысы, әріптестерім туралы «Сенім жүгі» атты жинақ шығардым, одан басқа да 2 жинақта мәслихат жұмысы, депутаттардың іс-тәжірибесі туралы кеңінен жазылды. Облыстық теледидардан хабарлар ұйымдастырылып, баспасөз беттерінде мәслихат жұмысы жөнінде үнемі мақалалар беріліп тұрды. 
Облыстық мәслихатқа депутат болу арқылы халыққа қызмет етудің жаңа бір мектебінен өттім. Екінші, үшінші шақырылымда облыстық мәслихаттың хатшысы, төртінші шақырылымда тұрақты комиссияның төрағасы ретінде облыс аудандарының барлық елді мекендерін, барлық ірі нысандарын, жаз жайлауын, қыс қыстауын, Барсакелмес аралын, ғасыр құрылысы атанған Көкарал, Ақлақ бөгеттерін, каналдарын, көлдерін, коллекторларын аралап көрдім десем, артық емес. Халық мені толықтырды, қанаттандырды, мен оларға қызмет еттім. Содан да ел жағдайының бұдан да жақсара түсуін армандап қана қоймай, қолымнан келгенше үлес қосып келемін. 
2014 жылы 14 наурызда мәслихаттардың құрылып, жұмыс істей бастағанына 20 жыл толады. Бұл кезең Елбасымыздың биылғы Жолдауын, біздің тарихымыздағы жаңа ұғым – «Мәңгілік Ел» құруды көздейтін ұзақ мерзімді стратегияны халық арасында насихаттау және жүзеге асыру жөніндегі жауапты кезеңмен тұспа-тұс келіп тұр. Сондықтан да бесінші шақырылған мәслихат депутаттарының міндеттері қай кездегіден де жауапты әрі күрделі екендігі белгілі. Жергілікті мәслихаттардың атқарушы органдармен бірлесе отырып, өздеріне сенім білдірген халықтың мүддесі үшін қызмет етіп, облыстың экономикалық, әлеуметтік дамуына сүбелі үлес қосатынына сенім мол. 
Алмагүл БОЖАНОВА,
ІІ-ІV шақырылған облыстық мәслихат депутаты.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз