Мұз үстінде абай бол!

118

0

Қаңтар айы бірде «қабағын”
түйіп, бірде жаймашуақтанып, мың құбылып тұр. Осыған байланыс­ты мұз ұстінде
жүргенде барынша абай болыңыз. Қауіпсіздікті ескермесеңіз, оқыс оқиғаға ұрынып
қалуыңыз мүмкін.

Мұздың қаттылығын көзбен-ақ
көріп байқауға болады. Егер мұздың түсі көгілдір болса – берік, ақ болса
әлсіз екендігінің белгісі. Ал егер мұздың түсі ақшыл сұр, күңгірттеу болса, бұл
мұздың үстімен жүру тұрмақ, маңайына жоламағаныңыз дұрыс.

Мұз үстіне қас қарайған шақта және ауа-райы қолайсыз кезде (тұман,
қар, жаңбыр) мүлдем шықпаңыз. Өзеннің арғы бетіне шықпақ ойыңыз болса, өткелмен
өтіңіз. Бұл әлдеқайда қауіпсіз. Мұзды аяқпен теуіп, тексеруге болмайтынын
ұмытпаңыз. Егер, бірінші тепкіден аз мөлшердегі су көрінсе немесе мұз бетінде
аз-кем жарықшалар пайда болса, мұз жұқа және оның үстімен жүруге болмайды
дегенді білдіреді. Бұл жағдайда міндетті түрде судың жағасына келген ізіңізбен
кері қайтыңыз.

Мұздан өтерде, осыған дейінгі
салынған әдеттегі ізбен жүріңіз, егер бұндай із болмаса, айналаңызға мұқият
қарап, жететін орныңызды жете біліп алыңыз. Топ болып, мұздан өтетін болсаңыздар,
мұзға аса қатты салмақ түсірмеу үшін 5-6 метр­дей арақашықтық сақтау керек.
Егер, сөмке асынсаңыз, тек бір жақ иығыңызға ғана асып жүріңіз. Бұл қауіп
кезінде тастай салуға ыңғайлы болмақ. Бұл кезде өзіңізбен бірге 20-25 метрлік
арқан ала шығыңыз. Арқанның бір ұшына ауыр салмақтағы бір затты түйіншектеп
байлап қойыңыз. Жаныңыздағы серігіңіз мұзға түсіп кеткен жағдайда, арқанның
ауыр зат байлаған жағын серігіңізге қарай лақтырыңыз.

Қыстыгүні 10 см қалыңдықтағы
тұщы және 15 см қалыңдықтағы тұзды мұздың үстімен жүруге болады. Егер бұл
көрсеткіштен жұқа болса, әсте жоламаңыз. Ата-аналарға үлкен ескерту,
балаларыңызды мұзға (балық аулауға, шана тебуге) қараусыз жібермеңіз.

Мұзға түсіп кетуге себеп болатын көп жағдай алкогольді ішімдікті
тұтынудан болады. Ондай жағдайда адам қауіптен қаша алмай қалып, қайғылы оқиға
орын алуы мүмкін. Сондықтан ересектер балық аулауға немесе аңға шыққанда мұз
үстінде барынша абай болғаны жөн. Ал көлікпен ешқашан мұз үстінде жүрмеуге
кеңес береміз.

 

Нұрәли Нұрбек.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз