ӨНДІРІСТІ ӨҢІРМЕН БАЙЛАНЫС АРТАДЫ

63

0

Қарағанды облысының мәдениет және өнер күндері аясында Қызылорда және Қарағанды облыстары әкімдіктері арасында өзара ынтымақтастық және аймақтар байланысын дамыту жөнінде меморандумға қол қойылды.
– Бұл келісім екі аймақтың даму шеңберін кеңейте түседі, – деді облыс әкімі Қырымбек Көшербаев. – Қарағанды облысы еліміздегі индустриалды және өндірістік даму бағытындағы ірі аймақтың бірінен саналады. Сондықтан да, екі облыс арасында бірге жұмыс істеудің тетіктері көп. Соның ішінде, ең бастысы, бүгінде «Бейнеу-Шымкент» газ құбыры салынуда. Сондай-ақ, «Сексеуіл-Жезқазған» темір жолының құрылысы жүргізілуде. Негізі біздің облыс алдағы уақытта металлургия саласын дамытуға бет бұрып отыр. Сондықтан да Қарағанды облысынан біздің үйренеріміз көп. Дегенмен де, Сыр өңірі тарихи байлыққа зор өлке. Соның ішінде біз Байқоңыр ғарыштық кешенін дамытуды қолға алып отырмыз. Осы кешенді дамыту арқылы біз облысты дамытуды жаңа деңгейге көтереміз. 
Өз кезегінде Қарағанды облысының әкімі Бауыржан Әбдішев екі облыстың ықпалдастық жағдайда жұмыс істейтінін айтып өтті. Қарағанды Қазақстандағы көмір бассейні саналады. Мұнда өндіріспен қатар өнердің дамуы да жақсы жолға қойылған. Мұнан бөлек, облыс аумағында жерасты байлығын игеруде көптеген мүмкіндіктер бар. Соның ішінде көмір, мыс, марганец секілді көптеген өндірістер бар.
Екі облыс әкімінің қол қойған меморандумы облысаралық өзара экономикалық, білім, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт секілді басқа да салаларға бірге жұмыс істеуге бағытталды.
Айғали ҚАРАБАЛАЕВ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз