ӨНЕР МЕН ДӘУЛЕТ ҚОНҒАН ЖЕР

98

0

ӨНЕР МЕН ДӘУЛЕТ ҚОНҒАН ЖЕРКеше облыс орталығындағы Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма
театрында аудандардың өнер күндерін Арал ауданы бастады. «Тербеген ән мен
жырдың ақ бесігін, Армысың, Қызылорда-Ақмешітім!» атты мерекелік концертте өнерпаздар жиналған
көпшілікті нағыз халықтық өнермен
сусындатты. Аудан өнерпаздарының
концертін облыс әкімі Қырымбек Көшербаев тамашалады.

Арал топырағы талай шайырлар мен
дүлдүлдерді өмірге әкелген қасиетті мекен. Сондықтан да болар, теңіз аттас
аудан өнерпаздарының концертін тамашалауға облыс орталығының тұрғындары көп
жиналды.

Өнер күндерінің шымылдығы аралдық
өнерпаздардың жыр шашуымен түрілді. Мұнан соң концерттік бағдарлама Н.Тілендиев­тің
«Аралдағы жеңешем-ай» әні­мен басталды. Қалың елдің жүрегінен орын алған атақты
әнді ҚР Мәдениет үздігі Нұр­болат Сейітмұратов орындап шықты. Келесі сәтте
сахна домбыраның қоңыр үніне толды. Бұл әйгілі «Жыр бастау» болатын. Оны
дәстүрлі жыраулық өнерді насихаттаушы – термешілер, халықаралық, республикалық
және облыстық конкурстардың лауреаттары – Асқар Жоламанов, Айна Тұяқова, Нұрлан
Бершімбаев және Жаңылсын Жәрменова нәшіне келтіріп орындады. Кезек күйшілерге
де жетті. Қазанғаптың күйі «Шыны аяқ тастар» мен Мұрат Сыдықовтың «Махамбеттің толғауын» Қазанғап атындағы ұлт-аспаптар оркестрі
орындады. Мұнан соң «Ақтолқын» би ансамблі мен жергілікті сазгерлердің ән
тізбектеріне де кезек берілді. Осылайша, өнер кеші жыршы, әнші, мың бұралған
бишілер, театр әртістерінің қойылымдарымен өрілді.

ҚР Мәдениет үздігі, аудандық халық театрының
режиссері Бақтыгүл Бахрамова Ш.Айтматовтың
«Жер-Ана-Жер» драмасын сахналады. Мәдени шара соңында №14
мектеп-лицейінің балалар хоры В.Шаинскийдің «Улыбка» әнін орындаса, сахна
шымылдығы Маралтай Райымбекұлының сөзіне жазылған «Астана-Арал» әнімен жабылды.
Әннің сазгері – Алмас Шалжан.

Өнер күндері осылайша рухани шаттық
сыйлады.

Дәуіржан ЕЛУБАЕВ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз