ҚОҒАМНЫҢ ҚАЗЫНАСЫ, АҚЫЛШЫСЫ – АРДАГЕРЛЕР

59

0

Сыр өңірінде өтіп жатқан ардагерлердің республикалық семинар-кеңесінің үшінші күні облыстық мәслихаттың мәжіліс залында аймақтың ардагерлер кеңесінің жұмысы жайындағы фильмнен бастау алды. Семинар жұмысын республикалық ардагерлер ұйымы Орталық кеңесінің төрағасы Өмірзақ Озғанбаев қысқаша сөз сөйлеп ашты. Бүгінгі іс-шараға қатысушылар мемлекет және қоғам қайраткері, республикалық ардагерлер ұйымының негізін қалаушылардың бірі, Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы, Қазақстан Республикасының алғашқы Қорғаныс министрі, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовты 1 минут үнсіз еске алды. 
Республикалық форумға қатысушыларды №3 мектеп-гимназияның оқушылары құттықтады.
Семинарда Сыр аймағының әлеуметтік-экономикалық дамуы мен әлеуметтік салада атқарылып жатқан жұмыстар жайында облыс әкімі Қырымбек Көшербаев сөз сөйледі. 
– Алты Алаштың анасы атанған, қойнауы құт пен берекеге, мәдени мұраға толы Сыр еліне хош келдіңіздер! – деп бастады сөзін аймақ басшысы. – Қазіргі таңда аймақ экономикасының дамуына негіз болатын бірқатар ірі жобалар жүзеге асырылып жатыр. Мәселен, халықаралық «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автожолының 85 пайызы бітті, оны келер жылдың тамыз айына дейін толық іске қосу көзделуде. Сонымен қатар, таяудағы бір ай көлемінде аймаққа «Бейнеу-Шымкент» магистральдық газ құбырымен алғашқы тұтыну газы да келтіріледі. «Сексеуіл-Жезқазған» темір жолы да жыл соңында пайдаланылуға берілмекші. Қызылорда әуежайына халықаралық мәртебе беру бағытындағы жұмыстар қарқынды жүргізілуде. 
Сіздердің алдарыңызда ғана Елбасы Сыр бойында болып, аймақтағы атқарылып жатқан бірқатар істерді көріп, оң бағасын берді. Кешегі күнге дейін мұнай мен ураннан түсетін пайдаға тәуелді болып отыратын өңір енді өзге саланы дамытуға бетбұрыс жасады. Мәселен, ел ырысы атанған Сыр күрішінің молшылығын жасау, кіші Аралды қалпына келтіріп, сол арқылы мол пайдаға кенелу, Байқоңыр қаласының экономикалық тиімділігін арттыру секілді кезек күттірмес істерді қолға алу жоспарлануда. Біз қандай да бір істі бастасақ та оның басы-қасында қашан да ардагерлер жүреді. Олар Елбасының сарабдал саясатын алға апарушы, қозғаушы күші бола білуде. Облыстағы 54 мыңнан астам мүшесі бар, 692 бастауыш ардагерлер ұйымы біздің нағыз жанашырымызға, қоғамдағы қозғаушы күшке айналды. Ардагерлер үшін жыл сайын облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, шипажайларға, емдеу орындарына жолдамалар беріліп келеді. Оларға түрлі жеңілдіктер жасалуда. Негізгі байлықтың адам жүрегінде екенін ескере отырып, сіздердің бойларыңыздағы баға жетпес байлықты жас ұрпақ санасына сіңіре алсақ, біз үшін одан артық жеңіс болмас еді. 
Аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев ардагерлер қозғалысына, қарттарға әлеуметтік қолдау көрсетудегі белсенді қызметі үшін Орталық кеңестің ең жоғары наградасы «Құрмет белгісімен» марапатталған болатын-ды. Орталық кеңес төрағасы өңір басшысына осы награданы тапсырып тұрып, алдағы өміріне сәттілік, қызметіне табыс тіледі. 
Бұдан кейін республикалық ардагерлер ұйымы Орталық кеңесінің төрағасы Өмірзақ Озғанбаев «Президент Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауының міндеттерін және ардагерлердің VІ съезінің шешімдерін орындау барысындағы ардагерлер ұйымдарының жұмысы туралы» баяндама жасады. 
– Еліміздің қазіргі таңда үлкен жетістіктерге жетіп, дүниежүзіне танымал, стратегиялық тұрғыдан сенімді әріптес, байсалды да сергек мемлекет болуына ардагерлердің сіңірген еңбегі зор, – деді баяндамашы.– Әріге бармай-ақ бүгінгі тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің іргетасын қалау жолында мыңдаған ардагерлеріміз Елбасына ақылшы, кеңесші, көмекші бола білгенін айта кеткеніміз жөн. Қоғамның барлық саласында еңбек еткен ардагерлер өздерінің бай тәжірибесін, білімі мен білігін ел тәуелсіздігінің қалыптасуына жұмсады. 
Баяндамашы республика көлемінде жүргізіліп жатқан жұмыстарға жан-жақты тоқталды. Өмірлік тәжірибесі мол, ақылман ақсақалдар басқарып отырған ардагерлер ұйымдарындағы атқарылып жатқан іс-шаралар өзінің өміршеңдігімен ерекшеленеді. Мәселен, Чапай Әбутәліпов басқаратын Ақмола облысының ардагерлер ұйымы мемлекеттік тапсырыс лотын ұтып алып, сол бағытта іс-әрекет жасап жатыр. Яғни, ұйым ешкімнен демеушілік күтпей, өз мүмкіндіктерін жете пайдалануда. Көкшетау қалалық ардагерлер ұйымы өздерінің бастамасымен қалалық бюджеттен 90-ға келген ардагерге – 90 мың, 100-ге келген ардагерге 100 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлық бөлу туралы қалалық мәслихаттың шешімін шығартып алды. Ал Қызылорда облысының ардагерлер кеңесінің ұйытқы болуымен өткен жылы осы аймақта тұратын 100-ден асқан 23 қарт құрметтеліп, олардың өмір жолдары жайлы «Көп жасаңыз» атты кітап жарыққа шықты. Бұл орайда облыс ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейілбек Шаухамановтың көп еңбек сіңіргенін айта кеткен орынды. Бұған дейін Солтүстік Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан және Павлодар облыстарында аймақаралық семинарлар өткізілген болатын.
Ардагер ұйымдарының белсенділігімен Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында майдан және тыл ардагерлеріне жасалатын қамқорлықтар еселеп артып келеді. Мәселен, Маңғыстау облысында әрбір майдангерге 100 мың емес, 200 мың теңгеден бір реттік көмек беруге қол жеткізілді. Сонымен қатар, барлық өңірлерде соғыс және тыл ардагерлеріне демалыс орындарына тегін жолдама беру арта түсті. Қалалық жерлерде тұратын ардагерлердің қоғамдық көлікпен тегін жүруі де жақсы жолға қойылған. Алматы қалалық ардагерлер ұйымының табанды талап етуінің арқасында жасы 75-тен асқан қария қоғамдық көлікте тегін жүретін болды. Сондай-ақ осы қалада 152 мың зейнеткер қалалық бюджеттен жәрдемақы алады. Ал Ақтөбе облысында ардагерлер коммуналдық төлемдерден толық босатылған.  
Республикалық ардагерлер ұйымының Орталық кеңесі биылғы Қарттар күнінде құрметке бөленіп, аты аталмаған, сый көрмеген қария қалмасын деген тілекпен «Қамтылмаған қалмасын!» атты Үндеу жариялады. Оның аясында ауылдан қалаға көшіп келгендер, оралмандар, қызмет істеген орны жабылып қалғандардың барлығын да қамту көзделуде. Дегенмен, жергілікті әкімшіліктер, мекеме, кәсіпорын басшылары, бизнес құрылымдарының өкілдері тарапынан ардагерлерге жасалатын қамқорлықтарды ұдайы, тұрақты түрде жасату мақсатында «Ардагерлер туралы» заңның қабылдануы аса қажет-ақ. 
Семинар-кеңесте сөз алған облыс ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейілбек Шаухаманов аймақта ардагерлерге жасалып жатқан қамқорлық, бастауыш ұйымдардағы атқарылған істер төңірегінде жан-жақты әңгімеледі. 
– Ардагерлер арасында жүргізілетін жұмыстарды жетілдіру, жүйелендіру мақсатында Сыр өңіріндегі 54 мың ардагердің әрқайсысының әлеуметтік, тұрмыстық, денсаулық жағдайынан, мұң-мұқтажынан толық әрі тұрақты хабардар болып отыру мақсатында арнайы компьютерлік ғылыми бағдарлама жасалған, – деді ол. – Облыста соғыс ардагерлері мен мүгедектері, Чернобыль мен Семей апаттарынан зардап шеккендер, Ауған соғысының ардагерлері, соғыс кезінде тылда алты айдан кем емес жұмыс істеген еңбек ардагерлері елімізде бірінші болып коммуналдық төлемдерден босатылды. 400 соғыс, тыл және еңбек ардагері Астана қаласына барып қайтты. ҰОС 13 ардагері мемлекеттік награда алды. 47 ардагерге үйі беріліп, 328 майдангер үйлері кәсіпкерлер мен мекемелердің қайырымдылық көмегі есебінен күрделі жөндеуден өтті. Мұның сыртында облыс әкімі бюджеттен тыс қор есебінен ардагерлерге Жаңақорған, Сарыағаш, Мерке, Көкшетау шипажайларына демалу үшін 600-1000 жолдама бөліп келеді. Биыл бұл жолдама саны 1200-ге жеткізілді. 
Семинар-кеңес барысында ардагерлер өзара пікіралысты, іс-тәжірибелерімен бөлісті. 
Үш күнге созылған семинар-кеңес жұмысын Орталық кеңес төрағасы Өмірзақ Озғанбаев қорытындылады. Жиынға қатысушылар аймақтағы ардагерлер ұйымының жұмысынан көптеген тәлімді тәжірибелер жинақтап қайтты.
Жұмагүл ОРАЛБАЕВА.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз