ОБЛЫС БЮДЖЕТІ 200 МИЛЛИАРД ТЕҢГЕГЕ ЖУЫҚТАДЫ

47

0

Сейсенбiде облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың қатысуымен облыстық мәслихаттың  кезектен тыс 26 сессиясы өтіп, онда 2014-2016 жылдарға арналған облыстық бюджетке өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Сессияға депутат А.Оңғарбаев төрағалық етті. Толықтырулар туралы біріккен отырыста жан-жақты талқыланғандықтан, шешім қабылданды. 
Мәслихат сессиясында депутат Ө.Жүсіпов Жалағаштағы аудандық кітапхананың тозығы жеткенін, жылуы жоқ, төбесінен су ағатынын айтты. «Алдағы толықтырулар мен өзгерістер кезінде осы ғимарат жағдайы ескерілсе” деген ұсынысын жеткізді. Депутат О.Қарақожаев Жаңақорған ауданындағы №169 мектептің жайына тоқталды. Бірінші бөлігі соғыстан бұрын 1938 жылдары басталып, 1942 жылы аяқталған, екінші бөлігі 1976 жылдары, ал үшінші бөлігі 1985 жылдары пайдалануға берілген білім ошағы әбден ескірген. Халық қалаулысы осы білім ошағына жаңа ғимарат салу туралы ойын айтты. Депутат Р.Байназарова алда беріле бастайтын  жалақы үстемесін қосудың кейбір тетіктері жетілдірілмегенін мәселе етіп көтерді. 
Сессияны қорытындылаған облыс басшысы жыл басынан бері аймаққа арнайы келген Үкіметтік делегация мен орталық атқарушы орган басшыларының сапарлары қорытындысында шешімін тапқан көптеген мәселелерді атап өтті.   Бүгінде ферроқорытпа зауытын салу жөнінде қытайлық компаниямен өзара серіктестік жөніндегі меморандумға қол қойылды. Қызылорда қаласының индустриалдық аймағында орналасатын зауыттың техникалық-экономикалық негіздемесі жақын арада Үкіметке ұсынылады. 
«Арысқұм» кен орнында кешенді газ өңдеу қондырғысы құрылысын жеделдетіп шешу, Қармақшы ауданында сұйытылған газ өңдеп шығаратын зауыт, Жосалыда дизельді отын шығаратын зауыт салу мәселесі пысықталуда. Аймақ басшысы облыстың кейбір қиындықтарға қарамастан көктемгі су тасқынынан шығынсыз өткенін, жылу маусымының апатсыз аяқталғанын айтты. Алдағы уақытта «Қызылордажылуэлектрорталығын» жаңғырту жобасы Еуропалық қайта құру және даму банкімен бірлесе жүзеге асырылмақ. 
Облыс әкімі есепті кездесуде жұртшылыққа мемлекеттік сатып алу басқармасы құрылатынын айтқан еді. Аталған басқарма әзірге біздің облыста ғана құрылды. Енді барлық мемлекеттік сатып алулар бір басқарма арқылы жүзеге асырылады.  
Елбасы тапсырмасын орындап, 500-ден астам кәсіпорын жалақыны өсірген. Облыс басшысы мәслихат депутаттарын осы мақсатта жұмыла жұмыс жасауға шақырды. 
Алдағы күндері «Қорқыт Ата» әуежайының жолаушылар терминалын салуға қатысты келісімге қол қойылады. Құрылыстың 70 пайызын «Қазақстан темір жолы» ҰК,  30 пайызын «Байқоңыр» ӘКК» қаржыландырады. Қазір қаланы Сырдарияның сол жағалауымен байланыстыратын көпір құрылысын маусымда бастау үшін республикалық бюджеттен бастапқы қаржы бөлінді. «ҚазТрансГаз» АҚ-мен бірлесіп, барлық аудан орталықтарын газдандыруға қажетті инфрақұрылым салына бастайды.  Облыс басшысы өз сөзін: 
– Облыстың 2014 жылға нақтыланған бюджеті қазіргі уақытта 199 миллиард теңгені құрап отыр. Бұл 2012 жылмен салыстырғанда 60 миллиард теңгеге артық. Өздеріңіз білесіздер, ақпан айындағы теңге бағамының өзгеруіне байланысты тауар мен қызмет бағалары да өзгеріске ұшырады. Дегенмен, бүгінгі нақтыланған облыс бюджеті жоспарлаған жобаларымызды толық жүзеге асыруға мүмкіндік береді, – деп қорытындылады.
Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз