ОБЛЫСТЫҚ ДРАМА ТЕАТР ЛОНДОНҒА ШАҚЫРТУ АЛДЫ

49

0

«Сыр медиа” ЖШС жанындағы облыстық коммуникациялар орта­лы­ғында облыстық
мәдениет бас­қармасының басшысы Ержан Абдрахманов өткен жылдың қорытындысына
арналған брифинг өткізді.

Былтыр Сыр елі мәдениеті тарихында тұңғыш рет облыстық филармония жанынан
камералық оркестр құрылды. Бұл – өскелең ұрпақты классикалық музыкаға бейімдеу,
жоғары кәсіби өнерді құрметтеуге үйрету мақсатында жасалған қадам. Жастарға
арналған жаңа қойылымдар қоюды, жас көрермендерді тартуды жүзеге асыру үшін облыстық
Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театры жанынан жастар труппасы
құрылды.

Бұрынғы әскери комиссариаттың ғимараты күрделі жөндеуден өткізіліп, онда
Көркемсурет галереясы ашылды. Осы ғимаратқа Суретшілер одағының филиалы
орналасты. Сондай-ақ балалар изостудиясын ашу жоспарлануда.

Қармақшы ауданындағы «Қорқыт
ата» ескерткіш-кешені толық реконструкциядан өткізілді. Алдағы уақытта бұл
кешен Ұлы Жібек жолы бойындағы халықаралық туристік маршрутқа енгізілмек.

ОБЛЫСТЫҚ ДРАМА ТЕАТР ЛОНДОНҒА ШАҚЫРТУ АЛДЫЖылдар бойы қордаланып келген
штат мәселесі де шешімін тауып, нәтижесінде ауыл мәдениетін көтеру мақсатында
мәдениет үйлері мен клубтарға облыстық бюджеттен 410 штаттық бірлік бөлініп,
қажетті мамандармен толықтырылды. Материалдық-техникалық базаны нығайту қолға
алынды. Мәдениет мекемесі жоқ шалғайдағы елді мекендерге толық жабдықталған
«Зерде” мәдени-ақпараттық заманауи автокөлігі берілді.

Өткен жыл Қазақстан театрлары
арасында «Сәбира Майқанова жылы” болып аталып өтті. Осы орайда, Қызылорда
қаласында Сыр елінің перзенті, КСРО және Қазақстанның халық артисі
С.Майқанованың 100 жылдығына арналған республикалық театрлар фестивалі
республиканың 9 театрының қатысуымен жоғары деңгейде ұйымдастырылды.

Халық батыры Жанқожа Нұрмұхамед­ұлының 240 жылдық мерейтойы республикалық деңгейде атап өтіліп, Қызылорда қаласында батырға арналған ескерткіш ашылды.

Халықаралық «ТҮРКСОЙ” ұйымымен бір­лесіп, түркі тілдес халықтардың «Қорқыт және Ұлы Дала сазы” дәстүрлі музыкалық өнер фестивалі өткізілді. Ежелгі Қорқыт жерінде бұл фестивальді өткізудегі мақсат – түркі тілдес халықтардың ұлттық дәстүрлі музыкалық өнерін дәріптей отырып, өзара мәдени қарым-қатынас пен байланысты нығайту, тілі ұқсас, ділі ортақ елдердің салт-дәстүрін, қайталанбас өнерінің озық үлгілерімен бірге түркі әлемінің әлі зерттелмеген, өзгеге ұқсай бермейтін бай мұраларымен жұртшылықты таныстыру болатын. Фестивальға Қазақстан, Әзірбайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркия, Молдова ел­де­рінен және Ресей Федерациясының Та­тарстан, Алтай, Башқұртстан республикала­рынан ғалымдар мен өнерпаздар қатысты.

Облысымыздың өнерін алыс-жақын шет­ел­дерде таныстыру мақсатында жыл ішін­де бірнеше гастрольдік өнер сапарлары ұйым­дастырылды. Атап айтар болсақ, облыстық фи­лармонияның өнер ұжымы арнайы концерттік бағдарламамен Қазан қаласына барып, Сыр өнерін паш етті, сондай-ақ, Түркия, Өзбекстан елдерінде гастрольдік концерттер берді.

Астана қаласында өткізілген халықаралық фестивальға Ұлыбри­та­нияның Лондон қала­сы­нан «Orzu Arts” театры мен Санкт-Петер­бург қаласының «Эксперимент” театры жә­не Қызылорда қаласының Н.Бекежанов атын­дағы музыкалық драма театры жазушы-дра­матург Д.Исабековтың «Өкпек жолаушы” спектаклін (үш театр үш тілде) көрерменге ұсынды. Жерлестеріміздің өнеріне риза болған ұлыбританиялықтар облыстық драма театрды Лондонға шақырды.

Қазалы ауданындағы Жанкент, Қармақшы ауданындағы Шірік Рабат, Жаңақорған ауда­нын­дағы Сығанақ қалашықтарына археоло­гиялық қазба жұмыстары жүргізілді. Бұл ар­хео­логиялық зерттеу жұмыстары жалғасын табады.

Брифинг соңында журналистер облыс көле­міндегі ескерткіштердің келбетіне, алдағы кезеңнің жоспарына қатысты сауалдар қойды.

 

М.МЕРЕЙ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз