Облыстық сотта «Ашық есік күні» өтті

66

0

Облыстық сотта «Ашық есік күні» өтті Қызылорда облыстық соты мен Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті арасындағы өзара ынтымақтастық меморандумы аясында көптеген игі шаралар атқарылды. Аталмыш екіжақты келісім-шарттан кейін жоғарғы оқу орнының студенттері сот билігі ғимаратында өткізіліп жатқан көптеген істердің басы-қасында жүріп, теориялық білімдерін тәжірибесімен ұштастырып келеді. Университет табалдырығын аттаған 1 курс студенттері үшін сот ғимаратында «Ашық есік күні» жиі өткізіліп тұрады. «Ашық есік күнінде» студенттер сот ғимаратын, ондағы мұражайды аралап, азаматтардың сот ғимараттарында болу тәртібі және соттағы соңғы жаңалықтармен, жалпы соттың күнделікті тыныс-тіршілігімен таныса алады.
Бүгін Қызылорда облыстық сотында меморандум аясында Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің «Құқықтану» факультетінің 1 курс студенттері үшін «Ашық есік күні» өтті. Шара барысында облыстық соттың судьясы Шолпан Маликова студенттерге соттардың атқаратын қызметі, оларға жүктелетін міндеттері туралы түсіндірді. Ал, облыстық соттың бас маман – сот отырысының хатшысы Азамат Сайджаппаров сот сатылары жайлы, істердің апелляциялық, кассациялық негізде қаралу тәртібімен «Сот кабинеті» сервисі және соттағы жаңа технологияларды таныстырып, сот мәжілісінің өткізілу барысын  баяндап берді.
Одан кейін студенттер облыстық соттың оқу орталығы мен сот мәжілістері өтетін залдарды аралады. Сондай-ақ, сот мұражайындағы сот тарихынан сыр шертетін құжаттар, суреттер, соттың әртүрлі республикалық жарыстардан жетістіктері диплом, медальдарымен және мұражайда орналасқан құнды дүниелермен танысты.
Сот ғимаратын аралау барысында студенттер өздерін қызықтырған барлық сұрақтарға толыққанды жауап алды.
Екіжақты жасалған меморандумның аясында өткізілетін іс-шаралардың болашақ құқық саласында жұмыс жасайтын студенттерге берері көп.

Қызылорда облыстық сотының баспасөз қызметі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз