ОЛИМПИАДА ЖЕҢІМПАЗЫНА ПӘТЕР БЕРІЛДІ

47

0

Үстіміздегі жылдың 16-28 тамыз аралығында Қытайдың Нанкин қаласында
өткізілген жасөспірімдер арасындағы жазғы олимпиадада дзюдодан алтыннан алқа
таққан жерлесіміз Бауыржан Жауынтаев туған жер топырағына қадам басты. Екінші
мәрте өткен айтулы аламанның алғашқы күнінде елімізге алтын сыйлап, өрелі
биікке беттеген өренді жерлестері ерекше қуанышпен қарсы алды.

Аталмыш салтанатты шараға облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қатысып,
дүниежүзілік дүбірлі додада дүйім елдің делебесін қоздырған дарабоз ұланның
толайым табысын жоғары бағалады. Бұл жарысқа 200-ден астам мемлекеттен үміткер
жасөспірімдердің қатысқанын ескерсек, әрбір жеңіс маңдай термен келгенін аңғару
қиын емес. Байрақты бәсекеде Қазақстан құрамасы 3 алтын, 1 күміс, 4 қола медаль
алып, жалпыкомандалық есепте 22-орынға тұрақтады. Оны Елбасының спортқа деген
айрықша қамқорлығы деп санаймыз. Өткен жылы жасөспірімдер арасындағы әлем
біріншілігінде жеңіс тұғырынан көрінген Бауыржан араға жыл салып тағы да барша
қазақстандық жанкүйерлердің мерейін өсірді.

Облыс әкімі Қ.Көшербаев жасөспірімдер олимпиадасының чемпионы Б:Жауынтаевты
арнайы қабылдап, оған жерлестері атынан жылы лебізін білдірді.

– Бауыржан биыл да спорттағы өзінің ерлігін көрсетті деп айта аламыз, –
деді облыс басшысы жұртшылық алдында. – Екі жыл қатарынан өзінің дзюдо
күресіндегі маңдайалды спортшы екендігін дәлелдеді. Рас, Сыр елінің спортшылары
әлемдік сайыстарда мінезін, батырлығын, қайсарлығын көрсетіп келеді. Еліміз
бойынша қос дүркін Олимпиада чемпионы атағына қол жеткізген ауыр атлет Илья
Ильин біздің облыстың тумасы екенін жұртшылық жақсы біледі. Ендігі кезекте
сондай биіктікке қол созатын өзге де жастардың өсіп келе жатқандығы бізді
қуантады. Бауыржан сондай үмітті ұландардың бірі саналады. Жерлестерің саған
әлі де толайым табыстарға кенеледі деп сенім артады.

Осыдан кейін облыс әкімі дарынды ұланға Қызылорда қаласынан пәтердің кілтін
табыс етті. Келесі кезекте Б.Жауынтаев сайысқа қалай дайындалғандығы жөнінде
әңгімелеп, оған барынша қолдау жасаған аймақ басшысына ризашылығын білдірді.
Сондай-ақ, оның жеке бапкері Қален Қалиұлы өз пікірін білдіріп, облыс әкіміне
естелік ретінде сыйлық табыс етті. Бауыржанның әжесі Айқын Әбдіхалықова өз
отбасы атынан облыс басшысы мен өзге де қолдау білдірген барлық азаматтарға
аналық алғысын арнады.

Әділжан ҮМБЕТ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз