ОРАЛМАНДАР ЖАЙЫН ОЙЛАНҒАН ЖАСТАР

58

0

«Нұр
Отан” партиясының мәжіліс залында оралмандар және сала мамандарының қатысуымен
қоғамдық тыңдау өтті.

Облыстық
ішкі саясат басқармасы мен «Болашақ жастары” жастар қоғамдық бірлестігі
ұйымдастырған бұл шараның мақсаты – алыс-жақын шетелден келген қандас
бауырларымыздың қоғамға қалыптасуына ықпал ету, олардың бойына
рухани-адамгершілік құндылықтарды сіңіру арқылы патриотизмді нығайту және
көкейтесті мәселелерінің шешілуіне
жағдай жасау, сондай-ақ оралмандарға арналған орталықтың жұмысын жандандыру.

Аталмыш
бірлестік жетекшісі, Қызылорда қалалық мәслихатының де­путаты Бауыржан Мәстеков
шараға шақырылғандарды оралмандар жағ­дайы­мен таныстырып өтті. Цифрларға көз
жүгіртер болсақ, 2006-2009 жылдар аралығында облысымыз бойынша екі мыңға тарта
оралман тіркелсе, соңғы төрт жылда мыңнан астам қандасымыз қоныс аударыпты.
Қазіргі таңда Қазақстан шетел асқан өз ұлтын бауырына тартып жатқан әлемдегі үш
елдің біріне айналып отыр. Оларды интеграциялаумен елімізде жиырмаға жуық
үкіметтік емес ұйымдар жұмыс жасайтын көрінеді. Кейде отанына оралған
қандастардың білім деңгейі төмен деген орынсыз пікірлер де естіліп жататын.
Соңғы санақ деректеріне жүгінсек, бұл пікірдің жаңсақтығына көз жеткізесіз.
Олардың арасында білім беру және медицина саласының мамандары, жоғары және
арнаулы орта білім иелері, ғылым докторлары мен кандидаттары, шығармашылық
қызметкерлер бар.

Тыңдау
барысында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар,
көші-қон полициясы басқармаларының мамандары, партия өкілдері мен оралмандардың
өздері сөз алып, толғақты мәселелерді ортаға салды. Облыстық ішкі істер
департаменті көші-қон полициясы басқармасының қызметкері Ғалия Аманкелдіқызының
атап өткеніндей, ҚР «Көші-қон” заңына сәйкес оралмандар белгілі бір
жеңілдіктерді пайдаланып отырған көрінеді.

Қоғамдық
тыңдауды ұйымдастырушылардың болашақ жоспары – оралмандарды бейімдеу және
ықпалдастыру орталығының жұмысын дамыту үшін көмек қолын созу. Осы ұйым арқылы
оралмандардың қажеттілігіне көңіл бөліп, оларды мазалаған мәселелердің шешімін
табуына жергілікті атқарушы құрылымдарды жұмылдыру.

 

Бақтыбай БЕРДІБАЕВ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз