ОРАЛМАНДАРҒА ОҢ КӨЗҚАРАС

51

0

Ата жұртына
ат басын бұрған ағайынды әлеуметтік жағынан қамқорлыққа алу – басты міндет. Ал құқықтық
жағынан сауаттандыру елге келген азаматтарға үлкен көмек болары сөзсіз.

Жуырда
қиырдан келген қандастарға арнап облыстық ішкі саясат басқармасы мен «Туған жер» қоғамдық
қозғалысы» қауымдастығы «Оралмандарды әлеуметтік-құқықтық сауаттандыру» тақырыбында
«дөңгелек үстел» өткізді. Басты ұстанымы шеттен келген қандастарға жергілікті жерге
бейімдеу, қолайлы жағдай қалыптастыру, жұмысы мен білім алуына ықпал ету және құқықтық
тұрғыдан көмек көрсету.

Аталған
шараға «Туған жер» ҚҚ» қауымдастығы төрайымы Қ.Ерімбетова, қалалық жұмыспен қамту
орталығының маманы Г.Әнуарбекова және қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар
бөлімінің жетекші маманы Б.Жанахметов қатысып, жиналғандарды толғандырған сұрақтарына
жауап берді.

Жалпы оралмандардың
айтары көп. Әсіресе, жұмыс табу, жәрдемақы алу жағынан көп қиыншылық көретінін айтқан
азаматтар, мемлекет тарапынан жеңілдіктер болуын сұрайды. Жұмысқа тұру жағынан түйткілді
мәселе аз емес. Жұмыс берушілер сырттан келген қандастарды оңайлықпен жұмысқа ала
қоймай, біраз сенделтетін көрінеді. Мемлекеттік, бюджеттік қызметтерге жоғары білімнің,
біліктіліктің жоқтығы алдын орайды. Ал, жұмыспен
қамту бөлімінің ұсынған маусымдық жұмыстардың «жалақысы төмен» деп істеуге құлықтары
жоқ. Сондықтан қайта оқыту, даярлық шараларын жүргізу керек. Яғни, кәсіптік білім
беру арқылы жұмысқа орналас­тыру. Сонда ғана тұрақты жұмыс табылатыны белгілі. Осы
және басқа да шараларды түсіндірген сала мамандары сырттан келген ағайындарға жасалып
жатқан жұмыстарды айта келе, мемлекеттік қызметтер тәртібі туралы жеткізді.

Соңғы үш
жыл көлемінде біздің өңірге 107 отбасы оралған екен. Олардың басым бөлігі Өзбекстаннан,
қалғандары Түркіменстан, Ресей, Украина, Қырғыз елінен қоныс аударғандар. Жалпы,
келген оралмандардың ел азаматтығын алу мерзімін жеңілдетілген тәртіппен тұрғылықты
тұруға рұқсат алған күнінен бастап бір жыл ішінде алуға құқығы бар. ҚР азаматтарымен
тең жағдайда әлеуметтік қорғалуы, жұмыспен қамтуға жәрдемдесу қамтамасыз етілген.
Оралман мәртебесі азаматтық алғаннан соң бір жыл өткеннен кейін тоқтатылады.

 

Н.Сағатұлы.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз