ОТАНҒА ҚҰРМЕТ МЕМЛЕКЕТТІК РӘМІЗДЕРДІ ҚАСТЕРЛЕУДЕН БАСТАЛАДЫ

68

0

Отырысты
ашқан облыс басшысы мемлекеттік рәміздер еліміздің дербестігі мен тәуелсіздігін
күллі әлемге жария етуші әрі мемлекетіміздің өткені, бүгіні мен болашағы
арасындағы сабақтастықтың жарқын бейнесі, халқымыздың рухын, ұлттық
салт-санасын, қаһармандығы мен даналығын, болашаққа үмітін, арман-тілегін
жеткізетін ерекше құнды белгілер болып саналатынын жеткізді. Мемлекеттік
рәміздер тәуелсіздік нышаны ретінде ерекше қадірленіп, оларға биік мәртебе
беріледі, сондықтан да мемлекет адамдарға мемлекеттік рәміздерді қастерлеуді парыз
етеді. Елдің иесі кім екенін көрсететін нышандарымызға құрмет ерекше болуы
тиіс, ал құрмет көрсетпеу, ол саяси қылмыс деген Қырымбек Елеуұлы осы ретте өз
мемлекетінің рәміздерін құрметтеудің айрықша мысалдарын келтіріп өтті. Мәселен,
Түркияның экс-президенті Абдолла Гюль халықаралық форум болып жатқан уақытта
мәжіліс столдарына қойылатын шағын байрақтар арасынан өз елінің байрағы жерге
түсіп қалғанын көріп, оны қастерлеп, бүктеп жан қалтасына салып қойған. Бұл
көріністі әлем ақпарат құралдары көрсетіп шыққан еді. Сол секілді, Елбасымыз
Н.Ә.Назарбаев алғаш Президент болып сайлануына байланысты өткізілген инаугурация салтанатында арт жағында тұрған
көк байрағымыздың құлап бара жатқанын сезіп қалып, сол сәтте шап беріп ұстап,
қайтып тік тұрғызып қойған болатын. Осындай мысалдарды келтірген аймақ басшысы
өкінішке орай қоғамымызда мемлекеттік рәміздердің өз дәрежесінде құрметтелмей
жататын көріністері кездесіп қалатынын айтып өтті. Футбол матчы бас­таларда
әнұранымыз орындалып жатқан сәтте оған құрмет көрсетпей, теңселіп жүретін
жанкүйерлер бар. Ал енді мемлекеттік мекемелерде мемлекеттік рәміздердің
стандартқа сай болмауы тіпті кешірілмес нәрсе.

Мұнан
кейін облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Руслан Рүстемов облыс әкімі
тапсырмасына сәйкес, қыркүйек-қазан айларында облыстық ішкі саясат басқармасы
мен «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы бірлесе отырып, мемлекеттік
рәміздердің стандартқа сай қолданылуына жүргізілген тексеру жұмыстарының
нәтижесі туралы баяндады. Тексеру барысында кейбір мемлекеттік мекемелерде
мемлекеттік рәміздердің орналасу тәртібі және түр-түсінің оңып кетуі, жыртылуы,
Елтаңба мен Тудың бір деңгейде тұрмауы, кабинеттегі мемлекеттік рәміздердің
терезе алдына орналасуы, ескі Әнұран мәтіні ілініп тұру, Әнұран авторларының
тізімі дұрыс берілмеу сияқты бірқатар кемшіліктерге жол берілгені анықталған.
Осындай кемшіліктер анықталған мемлекеттік органдар қатарында Қызылорда қалалық
туберкулезге қарсы диспансер, Шиелі аудандық қорғаныс істері бөлімі, Қазалы
ауданы Басықара ауылдық округі әкімшілігі, Арал аудандық ішкі істер бөлімі
секілді облыс көлеміндегі, тағы да басқа бірқатар мекемелер аталды. Жас ұрпақты
отансүйгіштікке баулитын білім ошақтарында да мұндай кемшіліктер орын алғаны
анықталған.

Басқарма
басшысы кемшіліктерге орын берген мекемелер мен ұйымдарда жауапты
қызметкерлерге тәртіптік жаза беру туралы ұсыныс берілгенін мәлімдеді. Бұл
орайда облыс әкімі жазаны жауапты қызметкерге емес, бірінші басшыға беру туралы
қатаң тапсырды.

– Ал
егер мұндай жағдай тағы да қайталанатын болса, оған саяси сенімсіздік танытып,
қызметінен босатуға дейін барамыз.
Мейлі ол жақсы маман болса да, – деді осы орайда аймақ басшысы. Ол
мемлекеттік рәміздерімізге деген құрмет мемлекеттік және мемлекеттік емес
мекемелер мен қатар шетелдік инвесторлар мекемелерін де бірдей болуы керектігін
атап өтті. Сонымен бірге комиссия отырысына қатысып отырған аудандар
әкімдеріне, білім саласы басшысына тексеру қорытындысымен анықталған
кемшіліктерді жою жөніндегі тиісті шаралар қабылдауды тапсырды және оған қайта жол бермеу туралы қадап айтты.

Облыс
әкімі мемлекеттік рәміздердің насихатталуы мен қолданылуына тексерулер жалғаса
беретінін, көшпелі комиссия жұмыс жасайтынын мәлімдеді.

 

Ы.ТҰРЛЫҒҰЛОВ.

 

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз