Отбасылық бизнес табысқа бастайды

55

0

Жуырда «Даму» кәсіпкерлікті
дамыту қоры» АҚ Қызылорда облысы бойынша аймақтық филиалы «Бизнестің жол
картасы – 2020» бағдарламасы аясында мемлекеттік қолдауға ие болған
кәсіпорындарға пресс-тур ұйымдастырды.

Биылғы жылы Елбасымыз өзінің халыққа Жолдауында
отбасылық бизнесті дамытып, сондай-ақ оны ұрпақтан ұрпаққа берілетін отбасылық
дәстүрге айналуы­ тиіс екендігін атап өткен болатын. Осы ретте, пресс-тур
барысында журналис­тер өз бизнесін жандандырып отырған отбасылардың кәсібімен
танысты.

Ең алдымен, БАҚ өкілдері «MEDIUM» серіктестігінің
урология және андрология медициналық орталығының ресми ашылу салтанатына куә
болды. Компания 2001 жылы құрылып, осы уақыт аралығында фармацевтикалық
тауарларды өткізу және медициналық қондырғыларды сатумен айналысып келген, ал
2014 жылдың ақпан айында «Цеснабанк» АҚ-дан алынған 61 миллион теңге несиеге
үлкен медициналық орталық ашып отыр. Несие 14 пайызбен беріліп, оның 7 пайызын
«БЖК-2020» бағдарламасы аясында мемлекет өтеп келеді. «MEDIUM» медициналық
орталығы отбасылық бизнес негізінде құрылған, Мәдина Табынбаева директор
қызметінде басқару жұмыстарымен айналысса, ал оның жолдасы атақты дәрігер,
профессор Нариман Табынбаев өзінің білікті дәрігерлерден құрылған командасымен
бірге халыққа медициналық қызмет көрсетеді.

– Мемлекет қолдауы нәтижесінде медициналық орталық
аштық. Қазіргі таңда клиникада түрлі салада медициналық қызмет көрсетіліп, ота
жасалынады. Тіпті, 3 айлық балаға ота жасау мүмкіндігіміз бар. Сондай-ақ бізде
тәулік бойы стационарлық орталық қызмет көрсетеді. 3-4 айдың ішінде 500-ден
астам адам күндізгі стационарлық ем алып шықты, 280 адам тәулік бойы емделді.
Ал 150 адамға ота жасалды. 2500 адам кеңес алды, – дейді Нариман Болтайұлы.

Оның айтуынша, қазір орталықта 35 адам жұмыс істейді
және орталықтың жаңа корпустары салынып біткенде оның саны екі есеге
артпақ.

Орталықтың ашылу салтанатына арнайы келген танымал
медицина мамандарының бірі – Алматыдағы Б.Жарбосынов атындағы Урология ғылыми
орталығының бас директоры, медицина ғылымдарының докторы, профессор Мырзакәрім
Алшынбаев мұндай жекеменшік орталық Қазақстанда бұрын-соңды болмағанын айтады.
Өйткені, мұнда еркек саулығын жақсартуға әсер ететін барлық жағдай жасалған.

– Б.Жарбосынов атындағы Урология ғылыми орталығының
дәрігерлері осында келіп, тәжірибесімен бөлісетін болады, ота жасап, батыс және
оңтүстіктегі облыстардың медицина мамандарын шақырып, мастер-класс көрсетеді, –
деді М.Алшынбаев.

Келесі кезекте пресс-тур «Томирис жүрегі»
балабақшасында жалғасты. Бұл бизнестің бастамасы 2013 жылы жеке кәсіпкер
Айкенже Мұқановаға үш бірдей баласын балабақшаға орналастыру кезінде туындаған.
Қызылорда қаласында әлі де болса балабақша тапшылығы бар екендігін көрген
отбасы, бір шешімге келіп, қала орталығынан «Томирис жүрегі» балабақшасын ашты.
Қазіргі таңда балабақшада жүзден аса бала тәрбиеленуде. Айкенже Мұқанова
мемлекеттік бағдарлама арқылы «БанкЦентрКредит» АҚ-дан 18 млн. теңге несие
алып, кәсібін жандандырып отыр. Сондай-ақ қазіргі таңда балабақшада «БЖК-2020»
бағдарламасының 4-бағытының «Аға сеньорлар» компоненті аясында Канададан
сарапшы Гарт Хендренді арнайы шақыртқан. Ол мектеп жасына дейінгі балаларды
жетілдіру бағдарламасын ендіру мақсатында жұмыс жасауда.

Пресс-тур соңында журналистер жеке кәсіпкер Болат
Ұзақовтың өндіріс базасында болып қайтты. Ол жұбайымен бірге құрылыс
материалдары өндірісін қолға алғалы бірнеше жылдың жүзі болды және осы жылдар
аралығында кәсіпорын біраз табысқа жетті.

– Мемлекеттік бағдарлама арқылы Аймақтық үйлестіру
кеңесіне жобалық құны 70 млн. теңгені құрайтын «Қабырға және жаяу жүргінші
жолдардың материалдарын өндіру» жобасын ұсынып, оң қорытындыға ие болдық.
Кеңестің шешімімен индустриялдық аймақтан сауда-саттықсыз 5 гектар жер телімі бөлінді. Бүгінгі күні кәсіпорынға
қажетті қаражат – «БанкЦентрКредит» АҚ-дан «БЖК-2020» бағдарламасы арқылы төмен
пайызбен 40 миллион теңге бөлініп, құрал-жабдықтар алынып жатыр. Кәсіпорынның
құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Құрылыс кезінде 40 адам жұмыспен
қамтылуда, зауыт іске қосылғанда 34 адам тұрақты жұмыспен қамтылатын болады.
Жобаның қуаттылығы жылына 10 миллион дана күйдірілген қыш, 300 мың дана
пескоблок, 30 мың кв метр тротуар плиталары өндіріледі. Өнімдердің барлығы
стандартқа сай, сапасы жоғары болады. Және де болашақта басқа да құрылыс
өнімдерін шығару ойымызда бар, – дейді Болат Ұзақов.

Жалпы, «Даму» қорының Қызылорда филиалы директоры
Жансұлтан Матаевтың айтуынша, Сыр өңірінде бизнеспен айналысуға ынталылардың
қатары көбейіп келеді. Биыл облыста 31 мың жеке кәсіпкер субъектісі тіркелген,
яғни бұл өткен жылмен салыстырғанда 12 пайызға артқан деген сөз. Жалпы алғанда,
бүгінгі күні «БЖК-2020» бағдарламасы кәсіпкерлерді қолдаудың нақты құралы деуге
болады.

«Бүгінгі таңда Қызылорда облысында бағдарлама жүзеге
асқан уақыттан бастап, кұны 19,68 млрд. теңгені құрайтын 208 субсидиялау
келісім-шартына қол қойылып, осы уақыт аралығында «БЖК-2020» бағдарламасы
шеңберінде шағын және орта бизнес субъектілерінің жобалары бойынша 1,5 млрд.
теңге көлемінде субсидия төленді. Ішінара кепілдендіру бағдарламасы бойынша
барлығы 1 020,42 млн. теңге көлеміндегі 44 жоба қолдау алып, 70 пайызға дейінгі
қоры кепілдемесін алу арқылы шағын және орта бизнес өкілдері 7 пайыз несиеге
қол жеткізді. Сонымен қатар, Қызылорда облысы кепілдендіру бағдарламасын жүзеге
асыру бойынша рес­публика көлемінде үздіктер қатарында келеді», – дейді
Жансұлтан Матаев.

Жалпы, «БЖК-2020» бағдарла­масы аясында аймақта 7 180 жұмыс
орны сақталып, жаңа 3 623 жұмыс орны ашылған.

Дәурен ОМАРОВ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз