ПРЕЗИДЕНТТІК ИНСТИТУТТЫҢ МАҢЫЗЫ

62

0

Аптаның  жұма күні Студенттер сарайында облыс әкімі, саяси ғылымдарының докторы  Қырымбек Көшербаевтың қатысуымен «Қазақстан Республикасының қалыптасуындағы Президенттік инстиуттың рөлі мен маңызы» атты халықаралық ғылыми конференция болып өтті. Жиынды  Қорқыт ата  атындағы ҚМУ-дың ректоры, техника ғылымдарының докторы, профессор  Қылышбай Бисенов ашып, жүргізіп отырды.
Конференцияға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, саяси ғылымдарының докторы, профессор Қамал  Бұрханов, ҚР Білім және ғылым министрлігінің Мемлекет тарихы институты директорының орынбасары, тарих ғылымдарының кандидаты Аманкелді Қашқынбаев, Украинаның  Қырым инженерлік-педагогикалық институтының доценті, педагогика ғылымдарының докторы Ремзи Девлетов, Корей Республикасы Кангнам университеті  Қазақстантану кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы, профессор  Фил Ким, Мәскеу қаржы-өнеркәсіп университетінің Қазақстандағы өкілдігінің бас директоры Бауыржан Қасымбергенбаев және жергілікті ғалымдар мен студенттер қатысты. 
– Тәуелсіз Қазақстанның іргесін қалап,  оны жер-жаһанға танытуда Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың алатын орны ерекше,– деді халықаралық конференцияда алғашқы болып сөз алған облыс әкімі Қырымбек Көшербаев. – Президенттік басқару негізінен саяси жағдайды  тұрақтандыру мақсатында  енгізіледі. Ол саяси күштердің ашық қақтығыстарын  тоқтатуға,  азаматтық соғыстың алдын алуға немесе  тоқтатуға қолданылады. Он бес  одақтас республиканың бөлек-бөлек мемлекет болып бөлінген кезінің қандай қиын кезеңге тап келгенін бәріміз де білеміз.  Өз алдына ел болған әр мемлекет дамудың түрлі сатыларынан өтті. 
Тәуелсіздігін енді ғана қолға алған, жүзден астам ұлттың басын қосып, тиісінше соншалықты  салт-дәстүр, мәдениет, тіл мен дін шоғырланған мультиқоғамда  жаңаша өмір сүрудің өзі оңай емес-ті. Үш ғасырға жуық алып империяның құрсауында болған, бар болмыс-бітімін, рухани құндылығын, ұлттық сезімін жоғалта бастаған  Қазақстанның алдында қиын кезең тұрды. Бір сөзбен айтқанда, осынау қиын-қыстау кезеңде тығырықтан жол тауып, асыл мұраттарға жетелейтін тұлғаға тарихи сұраныс пайда болды. Қазақстан халқы алғашқы Президент сайлауында  өз таңдауын жасады. Қателеспеді. Елдің Тәуелсіздік алуы халықты ғасырлар бойы аңсаған арманына жеткізсе де ел алдында, Елбасы алдында  күрделі міндеттер тұр еді. Тұңғыш Президенттің   батылдығы мен көрегендігі, халықтың тәуекелшіл қайсарлығының арқасында еліміз көптеген даму сатыларынан өтті. Бір ғана мысал ретінде  аздаған жылдар ішінде  бой көтерген Астананың  бүгінде жаңаруымыздың символы, бүкіл елдің ең үлкен мақтанышына айналғанын келтіруге болады. 
Қазақстан Республикасының Еуропадағы Қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымындағы төрағалығын  сәтті өткізу арқылы күллі әлемге Астананың осындай келелі әрі ауқымды  істерді атқара алатындығын паш етті. Өйткені, қазір Қазақстан ТМД мен Орта Азияның көшбасшысы саналып, ЕуроОдақтың аймақтағы негізгі әріптесі болып табылады.  
Тәуелсіздік туының желбірегеніне биыл – 22 жыл. Өткен жылдан бері тойланып келе жатқан  Тұңғыш Президент мерекесі негізінен Қазақстанның саяси жетістіктері  күні ретінде тойлануы керек.  Бұл өз кезегінде Елбасының жетекшілігімен  еліміздің  жинаған саяси беделі, қол жеткізген табыстарын тағы бір мәрте  тереңірек ұғынуға мүмкіндік береді.
Жаңа ғасыр Қазақ халқының алтын ғасыры болсын. Бұл мақсатқа жетуге мүмкіндік бар. Өйткені, бізді Бір – Ел, Бір –Тағдыр, Бірінші Елбасы біріктірді! 
Халықаралық конференцияға қатысқан шетелдік және қазақстандық ғалымдар Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы, Елбасы көшбасшылығының феномені, Президенттік басқарудың ұстаным-қырларындағы әмбебап адами құндылықтар, Елбасының Арал  өңірінің әлеуметтік-экологиялық мәселелерін шешудегі рөлі және басқа мәселелер төңірегінде баяндамалар жасады және оған қатысушылардың сұрақтарына  жан-жақты жауап берді. 
Конференцияда  Елбасы жайындағы кітаптар көрмесі ұйымдастырылып, концерт қойылды.
Мұндай игі шараның Қазақстандағы Президенттік институттың қалыптасуы мен оның қоғамдағы рөлін ашып көрсету бүгінгі ұрпақ санасына сіңіруде маңызы ерекше.
Жұмагүл ОРАЛБАЕВА.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз