ҚР Парламенті Сенатының депутаттығына кандидат Бекмырза Қайыпұлы Еламанов

140

0

Еламанов Бекмырза Қайып­­ұлы 1950 жылы 1 қаң­тар­да
Қызылорда облысы­ның Қармақшы ауданында «Қорқыт» теміржол бекетінде дүние­ге
келген. Алматы зоо­тех­никалық-малдәрігерлік инс­титутын 1974 жылы «ға­лым-зоотехник»,
Мәскеу ха­лық­аралық бизнес және ақ­па­раттық технологиялар
уни­­вер­ситетін «экономист» ма­ман­дықтары бойынша
тә­мам­даған.

Еңбек
жолын 1966 жы­лы Жосалы кенті, №149 кәсіп­тік-техникалық учи­ли­­ще­де жөн­деуші
болып бас­таған. 1974-1983 жылдары Қармақшы ауданының шаруа­шы­лық­та­рында
мамандығы бойынша түрлі қызметтер
атқарған. 1983-1987 жылдары Қармақшы аудандық партия комитетінің нұсқаушысы, «III Интернационал» ұжымшары
парткомының хатшысы, 1987-1990 жылдары
осы ауданда «Қуаңдария» кеңшарының директоры,
1990-1993 жылдары Қармақшы аудандық Кеңесі төрағасының орынбасары,
төрағасы болды.

1994-1995 жылдары «III Интернационал» ұжымшары
басқармасының төрағасы, 1995-2001 жылдары
Қармақшы ауданының әкімі, 2001-2004 жылдары Сырдария ауданы,
«Шапағат лимитед» ЖШС директоры;

2004-2008 жылдары Қызылорда облысы әкімінің
орынбасары, 2008 жылғы қыркүйек-қараша айларында облыстың ауыл шаруашылығы
басқармасының бастығы, 2008-2011 жылдары
Жаңақорған ауданының әкімі қызметтерін
атқарды.

2012 жылғы 5 қаңтарда
№8 «Төретам» сайлау
округінен V сайланған облыстық мәслихаттың депутаты болып, 2012 жылғы 20
қаңтарда облыстық мәслихаттың хатшысы
болып сайланды.

Облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі
үшін «Құрмет» орденімен және бірнеше медальдармен марапатталған.

Отбасылы, 3 баласы
және бірнеше немерелері бар.

2008
жылдан бастап «Нұр Отан»
партиясының мүшесі,
2012-2013 жылдары «Нұр Отан» партиясы
облыстық филиалының төрағасы.

Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі.

Сайлауалды бағдарламасы

Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаты ретінде
еліміздің дамуы жолында аянбай қызмет атқарып, елеулі еңбек сіңірген
азаматтардың жауапты да абыройлы жолын саналы түрде таңдай отырып, олардың
нәтижелі істерін лайықты жалғастыру үшін өзім туып-өскен, азамат ретінде бүкіл
еңбек жолымда дем берген әрі қызмет баспалдақтарынан сатылап көтерілуге тәрбиелеген
Сыр бойы өңірі атынан Парламент Сенатының депутаттығына кандидатурамды ұсынуды
жөн санадым.

Парламентте әрбір заң жобасы түрлі аймақтар мен
салалардың мүдделері ескеріліп талқыланатындықтан, Сенат депутаты болып
сайлансам, бар күш-жігерімді, білімім мен біліктілігімді облыс халқының
тұрмыс-тіршілігінің жақсаруына және аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуының
дәйекті жүргізілуіне арнаймын.

Әлемдік нарықтық экономикаға кіріккен біздің елімізде
де шағын және орта бизнесті дамыту басты назарда болып, ол үшін қажетті заңдар
уақытылы қабылдануы тиіс. Ұсынылған заң жобаларында әр аймақтың
табиғи-климаттық, ресурстық және үрдістік ерекшеліктері ескерілгенде ғана
қабылданған заңның өміршең болатыны белгілі. Өміршең заңдар қабылдануы үшін
Парламент депутаттары өздері сайланған аймақпен етене байланыста болуы шарт.
Облыстық мәслихат депутаты ретінде өз сайлаушыларым алдында және облыстық
мәслихат хатшысы ретінде мәслихаттың халық алдындағы жыл сайынғы есептерін
беріп келген маған қазіргі қызметімнің жалғасы сипатында түрлі сала
өкілдерімен, жалпы облыс халқымен тығыз байланыста болуға еш кедергі болмақ
емес.

Сыр бойы жағдайында ауыл шаруашылығы бизнесі егін және
мал шаруашылығымен, олардың өнімдерін өңдеумен байланысты. Шығарылатын өнімге
деген сұраныс тауар сапасының халықаралық талап деңгейінде болуына тікелей
байланысты болғандықтан, біз де сол межеден көрінуге тиістіміз.

Қазақстан Еуроазиялық Экономикалық Одаққа мүше
болғандықтан, ауыл шаруашылығы өнімдерінің нарығы өсіп, тауар өткізу тәртібі
әжептәуір жеңілдейді, соған қоса бәсекелестік деңгейі де еселеп артады. Қысқа
айтқанда, ауылда егін шаруашылығына немесе мал шаруашылығына байланысты шағын
және орта бизнесті дамыту шараларында әр аймақтың өзіндік ерекшеліктері
ескеріле отырып, әбден талқыланып сараланған ғылыми жобаларды ғана қарастыру
маңызды.

Қызылорда облысының аумағы Арал теңізінің тартылуы
салдарынан экологиялық апат аймағы саналып, тұрғындарды әлеуметтік қорғау
жөнінде заң қабылданды. Осыған қоса, «Байқоңыр» ғарыш айлағынан үздіксіз
ұшырылып жатқан зымырандардың айлақ маңы табиғатына елеулі залал келтіретіні
ғылыми дәлелденуде. Сонымен қатар, Шиелі, Жаңақорған өңірлеріндегі уран
шикізаты өндірісі, күкірт қышқылы зауыты мен шикізаттарды сақтау және
тасымалдау технологиясы қауіпсіздігінің әлі де толық жетілдірілмеуінің
салдарынан табиғатқа залалы жоқтығына ешкім кепіл бола алмайды. Осыларды ескере
келе, мемлекеттің басты құндылығы саналатын адамның, аймақ халқының
денсаулығына, қоршаған ортаға әсерін зерттеп, бақылауда ұстайтын ғылыми-зерттеу
орталығын ашу мәселесін шешуді және жыл өткен сайын кезек күттірмейтін мәселеге
айналған аймақ халқының денсаулық жағдайы жөнінде ғылыми концепция жасауды
жеделдетуге ықпал етемін.

Мемлекет мүддесі мен ел игілігіне қызмет ету әрбір
азамат үшін қашан да абыройлы міндет болған. Саналы ғұмырым Қазақстанның, оның
ішінде Сыр елінің тағдырымен, тіршілігімен тығыз байланысты болғандықтан,
облыста атқарылған бірқатар игілікті шараларда менің де үлесім бар екендігіне
қуанамын. Облыста қызмет атқарған азаматтармен қатарласа, иықтаса жүріп жұмыс
істеп, елге игілікті міндеттерді атқарғаныма ризамын. Егер сіздердің, сіздер
арқылы облыстағы бүкіл сайлаушылардың білдірген сенімдері арқасында Сенат
депутаты болып жатсам, аймақта атқарылатын шаруаларға мемлекеттік дәрежеде қолдаушы
болатыныма, облыс мүддесі үшін бар күш-жігерімді жұмсайтыныма сенім білдіре
аламын.

ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан-2050»
стратегиясы мен «Мәңгілік ел» идеясының, халыққа жыл сайын­ғы Жолдауларының
жүзеге асуына үлес қоса отырып:

1. Қазақстанның әлемдегі экономикасы дамыған алдыңғы
қатарлы ең озық деген 30 елдің қатарына қосылу жобасының жүзеге асырылуына;

2. Қолданыстағы заңдардың орындалуын қадағалау мен
жаңадан қабылданғандарының белсенділігін арттыруға, әрекеті әлсірегендеріне
өзгерістер мен толықтырулар енгізуге атсалысамын.

3. Мемлекет пен жеке сектор арасындағы әріптестіктің
одан әрі нығаюына;

4. Облыста, әсіресе ауылдық елді мекендерде шағын және
орта бизнесті дамыту мәселелеріне байланысты өміршең заңдардың қабылдануына;

5. Ауыл шаруашылығын дамытуға бөлінген қаржыларға
өндірушілердің қолжетімділігін жеңілдетуге және олардың көлемін арттыруға;

6. Сыр өңірі елді мекендерін толық газдандыру
мәселесінің шешілуіне;

7. Облыстың, әсіресе шалғай елді мекендер халқының
таза ауыз сумен және аяқсумен қамтамасыз етілуіне;

8. Парламент пен жергілікті мәслихаттардың іскерлік
байланысын нығайтуға;

9. Облыс халқының денсаулығын ұдайы бақылап отыратын
облыстық мониторинг орталығын құру және аймақ халқының денсаулық жағдайы
жөнінде ғылыми концепция жасалуына;

10. Облыста өндіріс саласын (шыны зауыты,
металлургиялық кластер, ферроқорытпа зауыты, т.б.) дамытуға байланысты
жұмыстардың оңтайлы жүргізілуіне;

11. «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал
теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» (САРАТС-2) жобасының екінші кезеңінің
жүзеге асырылуын жеделдетуге ықпал етемін.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз