РАҚЫМШЫЛЫҚ БАРЫСЫНДА ЗАҢДАСТЫРЫЛҒАН ҚАРАЖАТҚА САЛЫҚ САЛЫНБАЙДЫ

38

0

Кеше Астанада Орталық коммуникациялар қызметiнде өткен баспасөз мәслихатында ҚР Премьер-Министрiнiң орынбасары – Қаржы министрi Бақыт Сұлтанов Қазақстанда өткiзiлгелi отырған көлеңкелi экономикадағы қаражатты заңдастыру шарасы туралы айтып бердi.
Ақордада өткен  Ұлттық инвесторлар кеңесінің отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ұлттық Банкке капиталға рақымшылық жасау туралы заң жобасын әзірлеуді тапсырған болатын. Вице-премьердің сөзіне қарағанда, мүлiктiң заңдастырылуы 2006-2007 жылдарда өткен шарамен сәйкес болады. Соның негiзiнде қазiр заң жобасы дайындалуда. «Ал жария етiлетiн ақшаға келетiн болсақ, ол табыс болып табылмайды. Сол себептен оған салық салынбайды. Сонымен қатар, жария еткен тұлғалар қылмыстық, әкiмшiлiк және тәртiптiк жауапкершiлiкке тартылмайды. Осы шара барысында жария етiлген қаражаттар туралы жеке ақпараттар құпия болып сақталады. Салықтық, қызметтiк материалдар құпия болып қалады”, – дедi ол.  Вице-премьердiң сөзiне қарағанда, заңдастырылған қаражат екiншi деңгейлi банктерде орналастырылмақ. Сонымен қатар, оған қатысты баламалы құралдар ұсынылады. «Егер адамдар депозитке ақшаларын салғысы келмесе, онда өзге құралдарды сатып алу құқығы берiледi. Атап айтқанда, Қазақстан экономикасына құя алады. Мәселен, мемлекеттiк құнды қағаздарды, екiншi деңгейлi банктердiң облигацияларын сатып ала алады, ұлттық компаниялардың, даму институттарының акцияларын, халықтық IPO арқылы мемлекеттiк меншiктегi компаниялардың қағаздарын ала алады. Сондай-ақ жекешелендiрудiң екiншi толқыны аясында мүлiктi жеке меншiгiне сатып алуына болады”, – дедi Б.Сұлтанов.  Егер азамат оны жоғарыда аталған құралдарға жұмсағысы келмесе, қаражатты депозиттен шешуiне мүмкiндiк жасалады. Бiрақ банк ол сомадан 10 пайыздық алым алады. «Бұл салық емес, қазақстандықтарды ел экономикасына инвестициялауға ынталандырудың бiр құралы. Депозитте сақталса, ол банктiң қорын көбейтедi, егер мемлекеттiк нысандарға жұмсалса, ел экономикасының деңгейiн жоғарылатады”, – дедi вице-премьер.  Оның айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасына орай, заңдастыруды оңтайлы атқару мақсатында Үкiметте жұмыс тобы құрылды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз