ӨҢІРДІҢ СӘУЛЕТТІК КЕЛБЕТІН ӨЗГЕРТЕДІ

39

0

Аймақ басшысы Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен облыстық сәулет-қала құрылысы кеңесінің кезекті отырысы өтті.
Жиынды ашқан облыс әкімі әрі аталған кеңестің төрағасы Қ.Көшербаев кеңестің күн тәртібінде 9 мәселе қаралатынын жеткізді. Мұнан соң кеңес мүшелерінің назарына облысымызда салынатын құрылыс нысандарының жобалары ұсынылды.
Алдымен «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің ауласынан салынатын  білім жетілдіру орталығының (медресенің) эскиздік жобасы туралы жобалаушы мекеменің өкілі тарқатып айтты. Оның мәлімдеуінше, аталған жоба облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасының жанындағы техникалық кеңесте қаралып, орталық мешіттің имамымен келісілген. Ер балаларға арналған 50 орындық оқу орталығы Қалжан ахун медресесінің үлгісі бойынша бой көтереді. Орталық мешіттің бас имамы Талғат Омаров жобалаушы мекемеге жобаны ақысыз дайындағаны үшін алғысын білдірді. 
Ауыр атлеттерге арналған спорттық кешеннің эскиздік жобасы туралы «Крез-Сервис» ЖШС директоры Мариямкүл Дәрменқұлова айтып берді. Заманауи талаптарға сай келетін спорт кешені Мұз айдыны жанына орналасатын болады. Екі дүркін Олимпиада чемпионы Илья Ильин атындағы кешенде жоғары деңгейдегі халықаралық жарыстарды, республика және Азия біріншіліктерін өткізуге болады. Ал, «Арай” шағын ауданының кіреберісінде бой түзейтін «Салтанат сарайының» жобасы туралы «Мелиоратор» компаниясының үйлестірушісі Сәуле Хамитбекова тарқатты. Классикалық үлгіде бой көтеретін нысан мен сауда ойын-сауық орталығының жалпы құны 1,5 млрд. теңгені құрайды. 
Мұнан соң «Сыр Ана» кешені аумағын абаттандырудың эскиздік жобасы туралы облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Сейілхан Тойбазаров хабарлама жасады. Кеңес жетекшісі аталған кешенді абаттандыру ісінің маңыздылығына тоқталды. Аймақ басшысы атап өткендей, «Сыр Ана» кешені қала және облыс тұрғындары мен оның қонақтарына ыңғайлы демалыс орны және әртүрлі мәдени шаралар өткізуге қолайлы болуы тиіс. Бұған қоса, басқарма басшысына аймағымызда жүзеге асырылатын барлық құрылыстық жобаларда ұлттық сәулет өнері мен нақышының молынан қамтылуын және оның шығыстың классикалық үрдісімен үйлесім табуын басты назарда ұстауды тапсырды.   
Кеңес мүшелерінің назарына Астана шағын ауданынан ірге көтергелі отырған 300 орындық көпсалалы қалалық аурухана мен Тасбөгет кентінің кіреберісіне орнатылатын Жанқожа батыр ескерткішінің эскиздік жобалары ұсынылды. Айта кетейік, аурухана ғимараты «Астана» ауданның түбегейлі жоспарлау жобасына сай жобаланған. Оған бөлінген аумақтың көлемі – 7,2 гектар. Аурухана 9 блоктан тұрады. Жобаны жүзеге асыру мерзімі – 29 ай. 
Кеңесте күре жолдың бойынан бой түзейтін бірқатар кәсіпкерлік нысандардың да жобалары қаралды. «Батыс Еуропа –Батыс Қытай» халықаралық автодәлізінің бойында үш санаттағы нысандар ірге көтеретіні белгілі. Жеке кәсіпкерлер Жандәулетов пен Сейітжаппарова Арал және Қызылорда қаласы тұсынан «В» санатына жататын жол бойы кешенін салуды жоспарлапты. Бұған қоса, «ҚазМұнайГаз» АҚ Қызылорда, Арал қалалары мен Төретам, Шиелі және Жаңақорған кенттері жанынан  жанар-жағармай құю станциясын салуды жоспарлап отыр. Аталған эскиздік жобалар бекітілген техникалық талаптарға сай болғандықтан оларды кеңес мүшелері бірауыздан мақұлдады. 
Кеңес отырысын қорытқан аймақ басшысы Қ.Көшербаев автобанның бойында салынатын кәсіпкерлік нысандарының жолаушыларға сапалы қызмет көрсету үшін халықаралық талаптарға сай келу тиістігіне тоқталды.
Жалпы, басқосуда ұсынылған барлық  жобалар комиссия мүшелері тарапынан қолдау тапты. 
Дәуіржан ЕЛУБАЕВ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз