РЕСЕЙ ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ БАС КОНСУЛЫН ҚАБЫЛДАДЫ

42

0

РЕСЕЙ ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ БАС КОНСУЛЫН ҚАБЫЛДАДЫ

Облыс әкімі Қ.Көшербаев Ресей федерациясының Алматы­дағы бас консулы Алексей
Деминді қабылдады.

Кездесу барысында бас консул өңірдің дамуына ерекше тоқталып, тарихымыз
бен мәдениетімізден сыр шертетін өлкетану музейіне баратындығын жеткізді.
Сондай-ақ, сол арқылы аймағымызбен толық танысатындығын да баса айтты.

– Қызылордаға бірінші рет келіп отыр­мын. Қазақстанның алғашқы
астанасында болуым маған үлкен әсер қалдыруда. Мұнда қай салада болмасын даму,
алға ілгерілеушілік бар екендігі көрініп тұр. Әсіресе, инфрақұрылым мен жеке
секторлардың өркендеуі жолға қойылған.
Облыс әкімімен жүздесу арқылы түрлі жобаларды жүзеге асыру жайын талқыладық.
Консулдар осыған дейін екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас орнату
бағытында ғана жұмыс жасап келді. Енді әр елдің мәдениетімен, тарихымен,
сонымен бірге, ерекшеліктерімен танысуды да көздеп отырмыз, – дейді Ресейдің
Алматыдағы бас консулы А.Демин.

Жалпы, бұл кездесу аймақтар ара­сындағы әріптестікті одан әрі нығайтып,
жандандыруға мүмкіндік бермек.

 

АЙТЫС АҚЫНЫ БАСПАНАЛЫ БОЛДЫ

 

Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев айтыскер ақын Мұхтар Ниязовты қабылдады.

Өнерімен халқын жырға бөлеп, отты тілімен уытты сөз айтып, елінің мұңын
күйттеген ақын ұлын елі риясыз құрметтейді. Бүгінде қоғамның жаршысы болып,
түрлі аламан бәйгеден топ жарған «Алтын домбыра» иесіне аймақ басшысы 3 бөлмелі
пәтердің кілтін табыстады.

«Сырдың елі – жырдың елі» дегенде жыр дүлдүлдері Балқы Базар, Дүр
Оңғар, Шораяқтың Омары, Тұрмағанбет, Кете Жүсіп, Нұртуған, Нартайларды айтпай
кету мүмкін емес. Осы сүлейлердің жалғасы болған Мұхтар бүгінде ақын ғана емес,
шәкірт тәрбиелеп жатқан ұстаз.

Айтыс – киелі өнер. Отты сөздер
айтып, жырымен елінің қамқоршысы болу
кез келген адамның қолынан келе бермейді. Сондықтан қай таптан шықсаң да,
жұртты бөлмей, барлығына әділдікпен қарап, ақиқатын айтып, халқыңның қошеметіне
бөленіп жүре беруіңе тілекшіміз. Осындай елім дейтін ұлды дүниеге әкелген
ата-анаңа алғысымыз шексіз», – деді облыс әкімі.

Қолына домбыра ұстаған қазақтың қара баласы технологияның дамыған
заманында рухани құндылықтарға мән беріп, қолдау көрсеткен аймақ басшысына, халқына,
ел ағаларына деген ризашылығын өзінің арнауы арқылы білдірді.

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз