ІРІЛЕНГЕН ШАРУАШЫЛЫҚТЫҢ ІСІ ІЛГЕРІ БАСАДЫ

43

0

Жаңақорған ауданының егіншілері биылғы жылы барлығы 30766 гектар жерге түрлі дақылдарды өз мерзімінде орналастырып үлгерді. Оның ішінде Сыр өңірінің басты дақылы – күріштің көлемі 8019 гектарға жеткізілсе, күздік бидай 2380 гектарға орналастырылды. Мұнан өзге дәндік дақылдардан 600 гектарға таяу тары, 505 гектар дәндік жүгері және 39 гектар ғана жаздық бидай бар. Өкінішке орай соңғысы тіптен аз, айтуға да ыңғайсыз. Техникалық дақылдар да аздап қамтылған, мақсары – 404 гектар болса, күнбағыс – 25 гектар. Сондай-ақ, картоп – 433 гектар, 1660 гектар бақша, 653 гектар көкөніс дақылдары егілді.

Бұрын ауданда 12 шаруа­шы­лық бар еді. Жекешелендіру жыл­дарында олардың көбісі бір­нешеге бөлініп, ұсақ құры­лым­дарға айналып кеткені бел­гілі. Әрине, әуелгі кезден-ақ олар­­дың шаруасы шалқып, өз қалпына түсіп кете қойған жоқ. Қазіргі уақытта да көбісінің ше­кесі шылқып тұрмағаны түсі­нікті. Осының салдарынан олардың жағдайы біркелкі емес, ұсақ құрылымдарға қаржы мәселесі қолбайлау, техника дегеніңіз де жоқтың қасы, егісті өздерінің шама-шарқынша егеді. өздерінің ыңғайына келетін түрлі дақылдарды орналастырып, оны күтімге алып келеді. Дегенмен, олардың мемлекет тарапынан минералдық тыңайтқыш, су және өзге де қажеттіліктерге берілетін субсидиясынан құралақан қалып жүргені жасырын емес. Өйткені, түрлі заңдылықтарға сәйкес субсидия егіс алқабы көлемді іргелі шаруашылықтарға беріледі. Өкі­ніш­ке орай, жергілікті ауыл шаруашылығы құрылымдарының басым бөлігі әзірге ондай талапқа сәйкес емес. Көбісі әупіріммен күн көріп келеді.

Үстіміздегі жылы егінді молы­рақ еккендердің алдыңғы қатарында Аққорған (7220 га), «Қожакент” (5363 га), Келінтөбе (4871 га), Қыркеңсе (3453 га) ауылдық округтері бар. Ал бұрынғысындай Талап, Манап, Қосүйеңкі, Қыраш, Байкен­же, Шалқия елді мекендеріндегі барлық тұрғындар 3-40 гектар аралығында егін еккен. Сол сияқты олардан өзге 6 ауылдық округте де 100-ден 300 гектарға дейінгі аралықта ғана егіншілік орналастырылады. Мұндағы бас­ты себеп аяқ судың тапшылығы болса, сол ауыл адамдарының егіске деген керенаулығы мен ауыл әкімдерінің бұл саланы ұйымдастырудағы сылбыр жұ­мысының да айғағы болса керек.

– Агротехникамен әр шаруа­шылық өзінше айналысады, сондықтан кейбірінде ала-құлалық болуы заңды, – дейді аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бас агрономы Тұрған Базарбаев. – Дегенде, маман ретінде саралап көргенімізде, басты дақылымыз – күріштің 75 пайызының шығымдылығы жақсы, 10 пайызы орта, ал 15 пайызы төмен. Жалпы жоспарланғанындай, өнім алуға мүмкіншілік бар деп есептейміз.

Елдегі шаруа адамы еселі еңбектен еңсе тіктеп, тіршілігін түзеп алуды қолай көреді. Бұл орайда әркімнің жеке-дара әрекет етіп, одан мардымсыз өнім жинайтындығы жасырын емес. Әсіресе, мұндай келеңсіз көрініс күріш шаруашылығы саласында күрмеулі мәселелерді көлденеңдетіп келеді. Облыстың кейбір аудандарындағы ірге бөлмеген ірі құрылымдар табыс­тан тау тұрғызып, мол өнімге негіз қалап, қара жерден несібесін молынан теріп келеді. Ал ұсақ құрылымдар мұндай кіріс кіргізе алмайды. Сондықтан бұл тұрғыда ойланатын жайлар аз емес.

Нұрмахан Елтай.

Жаңақорған ауданы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз