ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

49

0

Жаңа жыл мерекесі қарсаңында облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейілбек Шаухаманов бір топ тыл және еңбек ардагерлерінің отбасында болып, оларды Жаңа жыл мерекесімен  құттықтады. Кәрияларға облыстық ардагерлер кеңесінің Құттықтау хаты мен ақшалай сыйлығы және немерелеріне жаңажылдық тарту ұсынылды. 
Кезінде Сырдария ауданында жауапты қызметте болған Төлеген Дүйсебеков қазір облыс орталығында тұрады. Ол өзінің саналы ғұмырын Аманкелді, Айдарлы ауылдарында партия ұйымын басқаруға, ауылдың экономикасы мен мәдениетін дамытуға арнаған.  Жасы 87-ге келген, жеті баласынан жиырмадан астам немере, отызшақты шөбере, екі шөпшек сүйіп отырған ақсақал өзін бақытты санайды. 
– Сіздің еңбегіңіз, адам баласына тән қасиеттеріңіз өзіңізді танитын жандардың жадында жатталғаны анық, – деді кеңес төрағасы. – Балаларыңыздың барлығы дерлік жақсы қызметте, немереңіз Ақбота Назарбаев университетінің студенті екен. Мұның өзі сіз берген тәрбиенің жемісі, сіздің үлгі-өнегеңіз. Жүз жасаңыз!
Мұнан кейін кеңес төрағасы алдағы уақытта ардагерлерге жасалатын қамқорлық  аясының кеңейетінін, ҰОС ардагерлеріне теңестірілгендерді коммуналдық төлемдерден толық босатуға, үлкен кісілерге арнайы демалыс орнын ашуға мүмкіндік жасалатынын айтып өтті. 
Тоқсан жастың есігін қаққан Ғазима Байдосованың өмір жолы көпке үлгі боларлықтай. Жастайынан жетім қалған татар қызы ашаршылық жылдары Башқұртстанда, Украинада әртүрлі жұмыс істейді, сосын дәм айдағаны болар кішкентай бауырымен Алматыға келіп тұрақтайды. Осындағы әскери зауытта алдымен еден жуушы, соғыс жылдарында снаряд құюшы болып жұмыс істеген Ғазима Фатихқызы сол зауыттың атын әлі құпия ұстап келеді. Аналарына зейнетақы шығарту үшін ізденген балаларының еңбегі зая кетті. Кезінде қазақтың біртуар ұлы Ораз Жандосовтың қарамағында жұмыс істеген, жазушы Мұхтар Әуезовпен араласқан, Алматыдағы қамыс заводының директоры болған күйеуі  Құрманбек Байдосовтың Сыр топырағына келуі, балалары мен немерелері  жайында әңгіме өрбіткен кейуана өзіне көрсетілген құрметке ризалық білдіріп, аналық  батасын берді. 
Өзін мерекемен құттықтауға келушілерді ұлттық  киіммен қарсы алған спорт саласының ардагері Қалапберген Пірімжановты сексеннің сеңгіріне шықты деп айта алмайсыз. Бойы тік, қимылы ширақ жан кезінде грек-рим мен қазақ  күресінен өткен бүкілодақтық және республикалық жарыстардың бірнеше дүркін жеңімпазы танылған. «Ерікті спорт» еңбек қоғамының төрағасы, облыстық спорт комитеті төрағасының орынбасары, бірнеше жыл спорт мектебінің   директоры болған Қалапберген өзінің оқушы, студент кезіндегі қол жеткізген жетістіктерін әлі де жадында сақтаған. Ол сонымен қатар 1957 жылы Мәскеуде өткен  КСРО ауыл-село жастарының арасындағы грек-рим күресінен республиканың туын көкке көтергенін үнемі еске алады. Қ.Пірімжанов Сергей Капустин мен Мұрат Сатыбалдиев, Нақыпбек Көбеков пен Үрғараев секілді  шәкірттерінің спорттағы табыстарына мақтанады.
Ардагерлер өздеріне көрсетілген құрметке ризашылық білдіріп, бүкіл Сыр жұртшылығына еңбекте табыс, өмірде денсаулық, бақыт тіледі.
Жұмагүл ОРАЛБАЕВА.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз