Рухани жаңғыру арқылы болашаққа бағдар

239

0

Елбасымыз Н.Назарбаев 2017 жылдың 12 сәуірінде «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын жариялаған болатын. Президент мақаласында жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты-сол ұлттық кодыңды сақтай білу екеніне тоқталды. Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауы тиіс екенін, керісінше заман сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғыртудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет екенін көрсетті.  
Елбасы егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайтынын, сонымен бірге рухани жаңғыру ұлттық сананың түрлі полюстерін қиыннан қиыстырып, жарастыра алатын құдыретімен маңызды екенін, бұл –тарлан тарихтың, жасампаз бүгінгі күн мен жарқын болашақтың көкжиектерін үйлесімді сабақтастыратын ұлт жадының тұғырнамасы екенін атап көрсетті.
Мақалада ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуы тиіс екені көрсетілген.
Абайдың даналығы, Әуезовтың ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күйлері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні-біздің рухани мәденитеміздің бір парасы ғана екені айтылды.
Халықтың би-шешендерінің, ақындары, күйшілерінің мұралары рухани байлығымыздың қайнар көзі екені атап өтілді.
Еліміз тәуелсіздікке ие болған күннен бастап өткен рухани-мәдени мұраларымызға, оны жаратушы ұлы бабаларымыздың өмірі мен қызметіне, құқықтық жүйемізге оң көзбен қарап, оның қадір қасиетін молынан түсінуге жол ашылды.
Қазақ халқының ертеден қалыптасқан өзіндік ел басқару жүйесі болған. Елдің басшысы-ханы, ел қамын жеген ерлері, елдің сөзін сөйлеген билері мен шешендері болған.
Ортағасырлық қазақ қоғамының бүкіл құқықтық әлемінде негізгі билік «Дала Заңының» құзырында болды. Ал оның қорының сақтаушысы, реформаторы және жүзеге асырушы күші-билер болды. Би, ең алдымен-сот (судья). Бидің өзі де билігі де түп тамыры халықтың тарихына байланысты. Сол себепті, ол беделді, дәстүрлі билік қатарында болды. Сан ғасырлар бойына қазақ халқының қоғамдық өмірінде әділеттілікті сақтау мен құқықтық қатынастарды дамытуда, құқықтық саяси сана мен мәденитеттің дамуына от ауызды, орақ тілді билер белсенді ықпал етті. Шын мәніндегі би атанған кісілер-қазақ халқының тарихында қайталанбас ерекше, біртуар тарихи тұлғалар, өз заманында халық би деп танығандар-шешендігі мен әділдігі зор қоғам қайраткерлері еді.
Билер күн мен ай, жұлдыз бен көк аспан, жер мен су, тау мен тастың, жер бетінде қыбырлаған жәндіктердің, жануар, құстардың, қоршаған ортаның табиғатын түсініп, қасиеттерін біліп, ой қорытқан. Ғылымнан, білімнен хабардар болып, пайымды пікірлер айтарда соларды салыстырмалы түрде пайдаланып, қанатты сөздерді ел жадында қалдырған. Әр мәселеде ой түюмен қатар, келешекке де болжау жасаған. Сондай-ақ билер келесідей ерекше қабілет иесі болған. Олар адамның жан дүниесін түсіне білген. Себебі би адамның жан-дүниесін терең түсіне білмесе ақ пен қараны айыра алмауы мүмкін. Екі жақтың биі болып қарсы пікір таластырғанда, төбе би болып шешім шығарғанда ешкімнің де ар-намысына тимей, ұсақ-түйек кемшіліктерін теріп тізбей, шыққан тегін кінәламай, тең ұстап сөйлесу, сезіміне әсер ету психолог –биге тән қасиет.
Олардың келесі ерекше қабілетінің бірі-тәлімгерлік, тәрбиешілік. Әлсіздің жоғын жоқтап, қорлық, зорлық, көргендерді қорғап, халықты имандылыққа, адалдыққа, әділдікке, тәртіпке шақырған билер өзінен кейінгі ұрпақтың да ел ұйытқысы болғанын қалағаны талас туғызбас ақиқат. Олар өз балаларының бірін немесе елдегі көкірегінде көзі бар жастардың бірін би болуға, ел басқару өнеріне баулып тәрбиелеген.
Шешендік. Түрлі айтыс-тартыс, дауда билік айтқанда шешендік өнерді меңгере алмаған бидің шешімі әсерсіз, шалажансар болып шығады, лаулаған араздық өртін өшіре алмайды. Қазақ билерінің шешендік мектебі-халық, өздерінің бұл өнерге бейім тума таланты. Шешендік жас талғамайды. Ол бір ауыз сөзбен құн кесіп, жалғыз уәжбен дау шешкен.
Ақындық. Шешендік өнерді меңгерген билер тақтақтап сөйлеген, ойын, шешімін жыр жолдарымен де толғаған. Тек олар өздерін ақынмын деп санамаған. Яғни, шешендік пен ақындықты тең ұштастырып сөйлеу-билерге тән қасиет.
Заңгерлік. Ел арасындағы даулар билер талқысына салынғанда екі жақтың билерінің бірі-айыптаушы (прокурор), екіншісі-ақтаушы (адвокат) болады және бір би-төрелік айтар төбе би болып тағайындалып, айтыс тартысты шешуге үш би қатысады. Сол себепті билерді бәріне ортақ атаумен заңгер дегеніміз дұрыс. Себебі билер айыптауда, ақтауда, төрелік айтуда заңды білуге тиісті.
Бітімгерлік. Билер ел бірлігіне, ұлт тұтастығына нұқсан келтірер дауларды шешумен қатар көрші мемлекеттермен қарым-қатынас жасауда хандарға кеңесші болған.
Батырлық. Халқымызда Жәнібек, Малайсары, Наурызбай, Райымбек, Сырым тәрізді билердің батырлығымен де атақ-даңқы шыққан.
Би-бірінші кезекте халыққа сот төрелігін шынайы әрі турашылдықпен жүзеге асыруда әділ билігімен танылған, соттық функцияны атқаратын мемлекеттік қызметші. Ол сот ісін жүргізгенде өзі қадағалайтын тәртіптілікті қатаң сақтай отырып, істің күрделілігі мен екі тараптың ықылас-мүдделеріне баса назар аударған. Сонымен бірге іске қатысатын тараптардың өкілдері мен өзге де қатысушылардың мүмкіндігін шектемей, жариялылықты қатаң сақтайтын әділ төреші болған. Би соттың дәлелдеу қорытындысында екі тараптың бірі жеңіп, бірі жеңіліп емес, екі жаққа да шындықты мойындата білген. Халық алдында өзінің шынайы шешімімен тараптарды татуластырса ғана әділ ісімен даңқы артқан. Сондықтан Қазақ елінің билер соты барша жұрт алдында кәсіби жағынан әбден шыңдалған, тәуелсіз сот билігі ретінде сақталып келді. «Адал би-әділ би» деген қағида содан қалған.
Билер сотының дала тұрғындарының арасындағы беделі зор болатын. Көп жағдайда Қазақстандағы орыстардың өздері де империялық соттан гөрі қазақтың  билер сотына жүгінгенді артық санаған.
Үш жүздің басын біріктіруде билер кеңесі шешуші рөл атқарды. «Жеті жарғы» деген атпен белгілі болған құқық нормаларының жинағы құрастырылып, негізгі шарттары белгіленді. Әрине, қазақы далалық демократияның құқықтық негізіне айналған «Жеті жарғы» дәл қазіргі кездегі Конституция сияқты жалпы мемлекеттік кешенді сипатта болған жоқ, ол өзінің дәуіріндегі көшпелі қоғамның жалпы және ерекше құрылысына толық сәйкес келетін құқықтық норма еді. Тәуке ханның «Жеті жарғысы» қазақ хандығының саяси, әлеуметтік-экономикалық, идеологиялық қағидаларының конституциялық негізіне айналып, өзінің тәжірибелік икемділігі мен қолданыстағы өміршеңдігін көрсетті. «Келісіп пішкен тон келте болмайды» деген ұстаныммен әзірленген заңнама ханның да, халықтың да көңілінен шығары ақиқат. Осы қағида негізінде халық арасынан шыққан дарынды билер, ел қорғауда ерлік танытқан батырлар қоғамдық диалогқа тартыла бастады. Елдегі дауларды шешуде, қылмыстық әрекет жасаған адамдарды жазалауда, әділ сот жүргізуде, рушылдықты тежеуде де билердің алқасы үлкен рөл атқарды. Сол себепті де жарғының әрбір тармағы Күлтөбенің басында өткен кеңесте талқыланып, үш жүздің ойшыл саңылақ билері-Төле би, Қазыбек би, Әйтеке бидің бастауымен хан қасындағы қырық рудан жиналған «Билер кеңесінің талқылауынан өтті.
«Жеті жарғыға» сай қазақ билері құқық бұзушыларға жаза белгілеуді жасаған қылмыстың ауырлығы мен қауіптілігіне байланысты жан жазасы, мал жазасы, ар жазасы деп белгілеген. Даулы істің қаралуы екі сатыға бөлінген: 1. Екі дауласқан жақ билердің істі өзара қарауына дейін өзара келісіп, дауды шешуге қимыл-әрекет жасайды. Әдеттік құқықта оны «Бітім», «Береке», «Салауат» деп атаған. «Бітім»-екі жақтың өзара келісімі арқылы, сөз жүзінде даудың аяқталуы. «Береке»-айырбас немесе сатып алу туралы сөз жүзінде шарт жасасу. «Салауат» немесе кешірім,-дауласқан екі жақтың бір біріне талап қоюдан бас тартуы, яғни кешірім беруі.    
Қазақ даласындағы құқықтық ережелердің қолданылу тарихы терең және оның өзіндік қайталанбас ерекшеліктері бар. Онда туындаған әдет-ғұрып нормалары ұлттық сана сезімнің көрінісі әрі құқықтық мәдениеттің іргетасы болды. Қазақ халқы үшін ар-ождан қашанда қымбат, «малым жанымның садағасы, жаным арымның садағасы» деген сөзге бас иген. Қазақтың әдет-ғұрып нормалары адамгершілік қасиеттерге тұнып тұруы да сондықтан.
Қазақ халқы үшін әділдіктің тең таразысы бола білген билер қоғам өмірінің саяси-құқықтық, әлеуметтік-экономикалық, әскери-дипломатиялық салаларына тығыз араласып, елі бірлігі мен ынтымағын нығайтуға үлестерін қосты. Қазақ елінің тарихы тұнған шежіре. От ауызды, орақ тілді би-шешендерімізден қалған мәдени мұраларымызды көздің қарашығындай сақтау, жаңасымен жаңғыртып отыру, жаңа буын, жас ұрпаққа оларды үлгі ету бүгінгі таңдағы зор міндетіміздің бірі.
Бүгінгі мақалаға арқау болып отырған Тұңғыш Президентіміз, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың мақаласында да  еліміздің тұрғындарын рухани жаңғыру арқылы болашаққа бағдар жасауға талпынуға бағыт-бағдар сілтейді.
Ендеше рухани жаңғыру арқылы болашаққа бірге қадам жасайық!

Әлия Түбекбаева,
Шиелі аудандық сотының судьясы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз