САЛЫҚШЫЛАРДЫҢ КӘСІБИ МЕРЕКЕСІ

63

0

Сәрсенбі күні салық органдарының қызметкер­лері кәсіби мерекесін атап
өтті. Қызылорда облысы салық департаментінде мерекеге орай өткізілген салтанатты жиынға облыс әкімінің орынбасары
Наталья Годунова қатысты.

Облыс әкімінің орынбасары сала қызметкерлерін салық қызметінің 23
жылдық мерекесімен құттықтады. Ол екі он жылдықтан астам мезгілде қазыналық
саясаттың о бастан сауатты қалыптастырылғанын, экономика мен уақыт талабына сай
бірнеше рет дұрыс реформаланғанын атап өтті. Осы уақыт ішінде салықшылардаң
кәсіби командасы, бұл қызметтің қуатты материалдық-техникалық базасы
қалыптасты. Бүгінде облыс басшылығы салық органдарының мемлекет қазынасын салық
түсімдерімен молайтуына маңызды көңіл бөліп келеді. Облыстың салық салу базасын кеңейту және көлеңкелі экономиканың
мәселелері бойынша бірнеше рет арнайы мәжіліс өткізілді. Соның нәтижесінде 2014
жылға арналған облыстық бюджеттің кіріс бөлігі жыл басымен салыстырғанда 19,6
млрд. теңгеге өсу жағына нақтыланып, 55,1 млрд. теңгелік межеге жетіп отыр.

Н.Годунова мұнан кейін салада үздік қызметімен көзге түсіп жүрген бір
топ қызметкерлерге облыс әкімінің Алғыс хатын табыстады. Ал Қызылорда қала­лық
салық басқармасының бастығы Серік Мұстафаев облыстың Құрмет грамотасымен
марапатталды. Облыс әкімінің орынбасары департамент ұжымын тағы да мерекесімен
құттықтап, оларға табыс тіледі.

Қызылорда облысы бойынша салық департаментінің директоры Әлібек
Тілегенов өз сөзінде соңғы он жылда облыстағы салықтық алымдар 11 есеге
өскендігін келтірді. Егер 2003 жылы шоғырландырма бюджетіне 51,9 млрд. теңге
түкен болса, 2013 жылы бұл көрсеткіш 596,5 млрд. теңгеге жетті. Он жыл бұрын
бір оперативтік қызметкерге шаққанда орташа төлемдер түсімі 171,3 млн. теңге
болса, 2013 жылы 1,7 млрд. теңгені құрады. Департамент басшысы салық мәдениеті
көрсеткіші өсіп отырғанын да атап өтті. Қазіргі уақытта облыс салық
төлеушілерінің 90 пайызы, арнаулы бағдарлама бойынша жұмыс орнынан шықпай,
салықтық есептіліктерін тапсыруға қол жеткізіп отыр. Департамент басшысы ұжым
қызметкерлерін, сала ардагерлерін кәсіби мерекесімен құттықтап, жақсылықтар
тіледі. Ол сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының салық саясатын
ақпараттандыруға қосып отырған үлесін атап өтіп, ақпарат құралдарының бір топ
өкіліне Алғыс хатын табыс етті.

Салтанатты жиында, сонымен қатар, соңғы уақытта салық қызметіне
енгізіле бастаған жаңа әдістер мен тың технологиялар таныстырылды.

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз