САЛЫҚТАН ЖАЛТАРҒАНЫҢ– ХАЛЫҚТАН ЖАЛТАРҒАНЫҢ

54

0

САЛЫҚТАН ЖАЛТАРҒАНЫҢ– ХАЛЫҚТАН ЖАЛТАРҒАНЫҢКеше, «Сыр медиа” ЖШС жанындағы коммуникациялар орталығында облыс бойынша Салық департаменті бастығының орынбасары Әуезбек Дүйсебаев БАҚ өкілдеріне арнап «көлеңкелі экономика” мәселелері бойынша мәслихат өткізді.
Көлеңкелі экономиканың көрсеткіштерін жіпке тізіп берген салықшы шағын және орта бизнесті заңдастыру талаптары бойынша бірқатар шараларды қолдану қажеттігіне тоқталды. Аймақта қаржылық мәдениетті қалыптастырып, кәсіпкерлердің салықты уақытылы төлеуін түсіндіру және стратегиялық мақсаттарды ұйымдастыру бойынша «Халық және салық қызметі көлеңкелі экономикаға қарсы” атты акция жүргізілуде. Өткен жылы өткізілген осындай шаралардың нәтижесінде тайқазанға түсетін қаржы 102 млрд. теңгеге дейін артты. 
Нақты табысын жасырып қалғысы келетін ірі өндірушілер де көлеңкелі экономиканың белең алуына жол беріп отыр. Мәселен, мұнай мен мұнай өнімдері және спирттік ішімдіктер шығаратын кәсіпорындардың пайдасымен қоса, мемлекетке келтіріп отырған шығыны да кездеседі. Сондықтан бұл тауарларды шығару, тасымалдау мен сатуға дейінгі барлық кезеңде бақылауды күшейту көзделіп отыр.
Пәтерді жалға беріп, қаражат тауып жүргендердің кәсібі де көлеңкелі бизнеске жатады. Халқының саны күн санап артқан қаламызда кәсіптің бұл түрі кең етек алған. Бизнесінің шынайы немесе жасырын екенін білу мүмкін емес. Құзырлы орындарда нақты есебі де жоқ.
Әр адам жеке меншігіндегі пәтерді қалай пайдаланып отыр? Заң бойынша оны тексеріп, есеп беруін талап етуге ешкімнің құқығы жоқ. Тек қауіпсіздік немесе қоғамдық тәртіп талаптарына нұқсан келетіндей жағдайда ғана қадағалаушы органдардың бақылауына рұқсат бар. Алайда істің көзін тауып, табыс таптың екен, онда салық төлеу – ортақ талап. Сондықтан көлеңкелі бизнесті күнгейге шығарып, оларды анықтау салықшылардың басты жұмысы болып тұр. 
Көлеңкелі экономика әлемнің барлық мемлекеттеріне тән құбылыс. Дамушы елдерде оның үлесі жалпы ішкі өнімге шаққанда 25-40 пайыз деңгейінде болса, дамыған елдердің өзінде 10-12 пайыздай. Яғни, одан толықтай құтылу мүмкін емес. Демек, одан сауығып кетпесек те, ем-домын дұрыс жүргізсек, ауқымы мен көлемін қысқартуға болатыны белгілі.
Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз